Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Рухани жаңғыру ұлттық кодыңды танудан басталады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының талай рет талқыланып, түрлі деңгейдегі басқосуларға арқау болғаны баршаға белгілі. Ал ондағы автордың көтерген мәселелері мен берілген тапсырмаларының өңірде орындалу реті қалай? Біз соны білу үшін Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасеновпен сұхбаттасқан едік.

13 арнайы жобаның қарқыны 

 — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың жарыққа шыққанына 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мақаланы насихаттау, онда жазылған жоба-жоспарларды іске асыру бойынша бірталай жұмыстар атқарылды. Арнаулы кеңсенің басшысы ретінде айтыңызшы, мақалада айқындалған арнайы жобалардың қайсысы Ақтөбеде ерекше екпінмен жүзеге асырылды?

— Бүгінгі күнге дейін бағдарламада көрсетілген 6 бағыт пен 13 арнайы жоба бойынша түрлі дәрежеде кешенді іс-шаралар қолға алынды. Соның ішінде облыста ерекше қарқынмен жүргізілген бірнеше арнайы жоба бар. Мысалы, әр азаматты өскен өлкесін сүюге үндейтін «Туған жер» арнайы жобасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жалпы құны 10,4 миллиард теңгенің 2020 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Бюджеттен тыс қаражатқа акция аясында 461 меценаттың демеушілігімен 318 әлеуметтік-мәдени нысан пайдалануға берілді. Ақтөбе қаласы және аудандарда жерлес меценаттардың көмегімен облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Жұбановтар әлемі» орталығы, «Олимп» спорт кешені, «Тәуке хан» спорт алаңы, жерасты өткелі, басқа да инфрақұрылымдық нысандар салынды. Биылға келсек, бюджеттен тыс барлығы 945 миллион 835 мың теңгеге 368 жоба сәтті іске асырылды. Оның ішіндегі ірі жобалар — Ақтөбе қаласында «Ер Едіге» қоғамдық қорының демеушілігімен  Ер Едіге, Есет Көкіұлы сынды батырлардың ескерткіші ашылды.

«Заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында облыстың мәдениет ұйымдары 10-нан астам елде өнер көрсетсе, «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы бойынша Мұғалжар ауданы Егіндібұлақ аумағында орналасқан Төлеубұлақ кешеніне экспедиция ұйымдастырылып, осы жерде тас дәуірінен, энеолиттен, қола дәуірінен, орта ғасырлардан бастау алған археологияның қызықты ескерткіштері зерттелді. Сондай-ақ Ойыл ауданында мезолит дәуірінен орта ғасыр кезеңіне жататын «Қаздыарал» тұрағына ғылыми тұрғыда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ерте қола дәуірі мен орта ғасыр кезеңіне жататын археологиялық жәдігерлер анықталып, Қаздыарал тұрағынан 3 жерленген  орын табылды.

— Ал қайсысы кенже қалып, әлі де қамқорлықты қажет етеді?

— Әр арнайы жобаның мақсатты аудиториясына байланысты белгілі бір дәрежеде жүзеге асырылу аймағы да болады. Соны да ескеру керек…

Жаңа көзқарас қажет 

— Елбасы өз мақаласында: «Жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп атап өтті. Сіздің ойыңызша, ақтөбелік жастардың ұлттық болмысы қалай?

— Жастар – кез келген қоғамның бола­шағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуы бәсекеге қабілетті жастардың білім мен білік сапасына, рухани байлығына байла­нысты.

Ақтөбе өңірі жастарының ұлттық болмысына келер болсақ, соңғы жылдары қалыптасқан тәрбие жүйесі көпшілік жағдайда ұран сөз, мәліметтік сипатқа ие. Яғни студенттер мен оқушыларға қоғамдық жұмысты міндеттемей, қайта солардың қызығушылығын ояту арқылы жобаларды жаңа форматта өткізсе дейсің.

— Мақаладан соң іле-шала  «Қазақстанның 100 жаңа есімі»  жобасы жарыққа шығып, Ақтөбеден бірнеше азамат оның жеңімпазы да атанды. Бұл облысқа,  жерлестерімізге не берді? «Жаңа есім» иелері өңір идеологиясына соны серпін бере алды ма деген сұрақ туындайды…

— Аталған жобаның негізгі мақсаты — Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның дамуына белгілі бір деңгейде үлес қосқан тұлғалардың, түрлі салада жетістікке жеткен замандастарымызды имидждік тұрғыда көтермелеу, оларды насихаттау. Бұны іске асыру үшін өңірде 22 адамнан құралған жұмыс тобы құрылды. 2017 жылы І кезеңге 302 өтініш қабылданып, 40 адам дауысқа түсті. Нәтижесінде 5 үміткер жеңімпаз атанды. 2018 жылы екінші кезеңде 109, ал былтыр 117 үміткер қатысты.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының бірінші кезеңінде жеңімпаз атанғандар — өзінің ісімен, азаматтық ұстанымымен халықтың шын ықыласына бөленген жерлестеріміз. Олардың біреуі — «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қобда ауылына 150 орындық балабақшаны сыйға тартып, республиканың 19 қаласында «Аналар үйінің» демеушісі болған, облыстық тарихи-өлкетану музейі ғимаратының салынуына демеушілік жасаған «Алтын қыран»  халықаралық қайырымдылық қорының құрылтайшысы және президенті Исламбек Салжанов. Бұл тізімде режиссер Эмир Байғазин, 2007 жылы жол апатынан тағдырдың сынағына түссе де кәсіпкер атанған, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын Шахан Жолдасбаев, полицей Юрий Хон, «Жұбановтар әлемі» ғимаратының құрылысын жүргізу үшін инвестор болған Қайрат Мәйтеков бар.

Өзіңіз айтпақшы, «жаңа есім» иелері өңірдің дамуына тың серпін бере алды деп айта аламын. Бүгінгі күні олар қоғамға пайдалы іс жасауды жалғастырып, халықтың шын ықыласын сезініп, жаңа бастамаларды қолға алуда.

…ДЕЙДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында нағыз жаңғыру туралы былай деп жазады:

«Мен қазақ­стан­дық­­тардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі — ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі — алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».

Екі бөлім — бір мақсат

Өзіңіз басқаратын орталыққа тоқталсаңыз. Қай уақыттан бері, қандай бағытта жұмыс істейді?  

— Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлтымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен сана-сезімінің, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткішін жинақтаған мағынасы зор алғышарты. Бағдарламада біздің еліміздің рухы мықты, білімді, біртұтас ұлт болуы үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз, санамызды қалай өзгерту керектігі сараланған.

Елбасының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан-ақ 2017 жылы Ақтөбеде жобалық кеңсе өз жұмысын бастады. 2019 жылы «Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып ресми түрде ашылды.

Мекеме қызметінің негізгі мақсаты — бағдарламалық мақаланың шеңберінде іске асырылатын жобаларға қолдау жасау, өңірдегі мемлекеттік саясатты ілгерілету. Орталық 2 бөлімнен тұрады. Барлығы 10-ға жуық адам жұмыс істейді.

Сұхбаттасқан

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button