Абай — 175

23 мың оқырманы бар кітапхана 

Ақтөбе қаласында №1 Абай атындағы кітапхана бар. Биыл аталған кітапхана 60 жылдығын атап өтті. Қазіргі таңда кітапхана ұжымы «Абай дана, Абай дара қазақта» атты виртуалды кітап көрмесін жасақтап, оқырмандарға ұсынуда.

1960 жылы қаламыздағы Сүт зауыты ауданында алғаш кабинет болып ашылған кітапхана бүгінге дейін ақтөбеліктерге қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда кітапхана қорында 22 978 кітап бар, оның ішінде 69-ы — мерзімді басылымдар. Кітапханаға тұрақты келушілер саны — 22 943. Жыл басынан оқырмандардың қатысуымен 37 іс-шара ұйымдастырылған.

Бүгінгі күні кітапхана жанында «Абайдың поэтикалық сөзі» әдеби клубы жұмыс жасайды. Клубтың жетекшісі — Сандуғаш Амангелдина. Қазіргі таңда клуб құрамында 168 мүше бар. Биыл жыл басынан бері клуб мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, онлайн конференциялар, тақырыптық кештер, диспут, оқырман конференциялары, кездесулер, т.б. түрлі шаралар өткізілген.

Сондай-ақ кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік-мәдени ортаға бейімдеу мақсатында көптеген шаралар өткізілген.

Айта кету керек, қазіргі таңда кітапхана тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі 10 оқырманға қызмет көрсетеді.

Кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Амангелдинаның айтуынша, биыл пандемия кезінде кітапхана мамандары іс-шараларды онлайн форматта өткізіпті. Қазіргі таңда да бірқатар шаралар онлайн режимде ұйымдастырылуда.

  • Биыл Абайдың 175 жылдығына орай кітапханамызда «Абай мұрасы — халық қазынасы» атты оқырмандар лентасы ұйымдастырылып, оқырмандар оқыған кітаптары бойынша бір-бірімен пікір алмасты. Ал Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай және әлемдік өркениет» атты онлайн форматта өткен кеште жас талапкер, «Абайдың поэтикалық сөзі» әдеби клубының мүшесі Ақылбек Әбдіжәмілов оқырмандарға ұлы ақынның шығармалары туралы әңгімелеп, өз шығармашылығынан өлең оқып берді. Сондай-ақ Абай күнінде біз қалалық Мәдениет үйімен бірлесіп, Абай даңғылында «Әлем таныған ұлы Абай» атты халықпен сұхбаттасу шарасын өткіздік. Оған өңірдегі абайтанушылар, белгілі ақындар, «Абайдың поэтикалық сөзі» әдеби клубының мүшелері қатысып, ұлы ақынның шығармашылығы, қарасөздері туралы тың мәліметтер айтылды, — дейді С.Амангелдина.

Оның айтуынша, қазіргі таңда кітапхана ұйымдастырған «Абай әлемі» атты эстафетаға Ақтөбе, Орал, Ақтау қалалары және аудандардан белсенді оқырмандар қатысып, Абайдың шығармаларын оқудан жарысуда. Бұл эстафетаның ерекшелігі — инстаграмда көп лүпіл жинаған оқырман жыл аяғында Алғыс хатпен марапатталады. Сондай-ақ кітапханада әр жұма сайын өңірдегі абайтанушылар мен жоғары оқу орны оқытушыларының қатысуымен тікелей эфирде «Сыр-сұхбат» кездесу кеші ұйымдастырылады. Өткен аптада аталған кешке абайтанушы Қуанышбай Қонтай қатысқан.

Оқырманы көп, жан-жақты, белсенді қызметкерлері бар №1 Абай атындағы кітапхана ұйымдастырған іс-шараларды bibliotekaabaya1 инста-парақшасынан көре аласыздар.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button