Білім

бАЛДЫРҒАН

Жануарлар әлемі

Құмырсқалар құтыла алмайды

Осы бір сүтқоректі өзгеше жануардың басты қаруы — жіп-жіңішке, ұп-ұзын жабысқақ тілі. Онымен өз қорегін, яғни құмырсқалар мен термиттерді қармайды. Жер шарында құмырсқажегіштердің үш-ақ түрі бар. Олардың бәрі де Оңтүстік Американы мекендейді.

Бұталы өсімдіктер өскен саванналарды салмағы 35 килограмға дейін жететін, тұрқы 1 метрден астам үлкен құқмырсқажегіш тіршілік етеді. Тұмсығы ұзын әрі түтік тәріздес, көзі мен құлағы кішкентай, ал құйрығы өте зор әрі сәнді. Аяқтарында ішке қарай бүгілген қуатты да өткір тырнақтары бар.

Ол ұядағы құмырсқа мен термиттерге жетісімен ұзындығы жарты метрден астам жіп-жіңішке тілін минутына 160 ретке дейін ілгері-кейінді сумаңдатады. Тісі жоқ болғандықтан жұтқан қорегін асқазанымен езеді. Асқазанының ішкі бетінде мүйізді қатпарлар бар, бұдан басқа онда көптеген ұсақ тастар мен құм болады — мұнда азық үгіліп ұнтақталады.

Үлкен құмырсқажегіш туғаннан кейін баласын бір айдан астам уақыт арқалап жүреді. Баласы өткір тырнақтары арқылы енесінің жүніне мықтап жармасып алады.

Тамануда деп аталатын басқа бір құмырсқажегіш әлдеқайда кішілеу. Оның тұрқы жарты метрге дейін жетеді, салмағы 3-5 килограмм ғана. Үлкен құмырсқажегішке қарағанда мұның тұмсығы қысқалау, құлағы үлкендеу болады.

Тамануда жерде де жүре алады, ал енді ағашқа тіпті рақаттана өрмелейді. Оның құйрығы жақсы қармағыш, ол ағаш бұтақтарының арасында құламай жүруіне көмектеседі.

Қалың ормандағы ағаштардың ұшар басында ергежейлі құмырсқажегіштер жүреді, оны анда-санда байқай аласың. Бұл — кіп-кішкентай жануар, тұрқы 20 сантиметрдей, ал салмағы 500 грамм ғана болады.

Ол жерге түспейді, қармағыш ұзын құйрығы мен епті аяқтары арқылы түні бойы бұтақтан-бұтаққа өрмелеумен болады. Ал күндіз ағаш қуысына кіреді де, доп-домалақ болып бүктетіліп жатып ұйықтайды.

Бұрын құмырсқажегіштерді дәмді еті үшін көп аулаған болатын. Қазір олар сирек кездесетін жануарларға айналды да, қорғауға алынды.

Біліп жүр

Он дерек

  • Соңғы 500 жылда ғарыштық заттардың қалдықтары себебінен Жердің салмағы миллиард тоннаға ауырлаған.
  • Атышулы «Титаник» кемесін құрастыруға 7 миллион АҚШ доллары кеткен екен. Ал ол туралы фильмді түсіруге 200 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты.
  • Адам түшкірген сайын мидағы жасушалардың бөлігі азая түседі.
  • Қазіргі кезде өзіміз қолданып жүрген қаламсап 1945 жылдан бастап саудаға түсіпті. Сол кезде оның құны 12 АҚШ долларына тең келіпті.
  • Егер тіліңнің түсі күлгін болса, ол «таза» деген сөз, ал ағарып тұрса, бактерия қабатының түзілгендігінің белгісі.
  • «Роллс-Ройс» көлігінің бамперіндегі мүсіншенің құны 5000 АҚШ долларына тең екен.
  • Көпшілікке танымал «Colgate» тіс пастасын шығарушылар испантілді елдерге жарнама бергенде үлкен кедергіге тап болыпты. Өйткені паста атауы испан тілінде «Бар да асылып қал» деген сөздің мағынасын береді екен.
  • Адамның тырнағы мен шашы өлгеннен кейін де өседі екен.
  • Әйгілі Харлей Девидсон мотоциклі 1903 жылы құрастырылып, оның карбюраторы томат банкісінен жасалыныпты.
  • Америкалық Джон Уинтроп 1630 жылдың 25 маусымында, түскі астың кезінде әлемде тұңғыш рет шанышқыны пайдаланыпты.

Оқушының өлеңі

Қазақстан

Қазақстан — менің байтақ Отаным,

Дастарханнан балдай дәмін татамын.

Отан-ана, өзің барда қамқоршы,

Еш алаңсыз ұйқыға мен батамын.

Тәуелсіздік ата-баба аңсаған,

Бүгін менің халқымда деп жар салам.

Оңайлықпен берілген жоқ ол бізге,

Елім үшін жанын қиды қанша адам.

Ардақтаймын, құрметтеймін елімді,

Мәңгі сыйлап сүйіп өтем жерімді.

Болашақтың болу үшін жұлдызы

Мен де төгем маңдайдағы терімді.

Рауан ЕҢСЕГЕНОВ,

№47 мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Біздің сынып

Біз — нағыз жанкүйерлерміз!

Абай атамыздың: «Адамның адамшылығы жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыдан болады», — деген сөзі бар.

Расымен де, ұлы атамыздың сөзімен келіспеске болмайды. Сонымен қатар қазақта «Тату жолдас адамға бір ғанибет» деген сөз де бар. Осы орайда мен өзімнің ұйымшыл, тату сыныбым туралы әңгімелекшімін.

Себебі біз мектеп өміріне белсене араласатын, бетке ұстар сыныптардың біріміз. Сынып жетекшіміз, биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі Ғалия Әбірештің біздің білімді, тәрбиелі етіп тәрбиелеуге сіңіріп жүрген еңбегі зор. Ғалия апайымыздың арқасында болар, сыныптас достарым — жан-жақты, ізденімпаз. Өмірдің қай саласы да бізді қызықтырады. Барлығынан да хабардар, жаңашыл болғанды қалаймыз.

Білім-ғылыммен бірге өнер мен спорттан да тыс қалмаймыз.Әсіресе, футбол дегенде ішер асымызды жерге қоямыз. Сынып жетекшімізбен бірге Орталық стадионға барып, ойындарды тамашалаймыз. «Ақтөбе» командасының нағыз жанкүйерлеріміз десек те болады. Бұл біз үшін жай ғана уақыт өткізу емес, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілігімізді білдіру әрі жастарды ұлтжандылыққа баулудың бір түрі. Ғалия Қабдолқызы бізге үнемі: «Ойынның есебіне қарамастан, өзіміздің командамызға қолдау көрсетуіміз қажет», — дейді.Қазақстанды әлемге танытып жүрген «Ақтөбе» командасы әрбір ақтөбелік үшін қымбат. Еліміздің бетке ұстар командасы келер жылы да Қазақстан біріншілігінде де, Еуропа алаңдарында да намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.

Нұргүл АБЛАКИМОВА,

№33 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button