Денсаулық

Сары аурудан сақтан!

Вирустық гепатит — әлемдік денсаулық сақтау саласының маңызды мәселелерінің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын вирустық гепатиттің «А» түрімен 1,5 млн. адам ауырады. Алайда бұл инфекцияның білінбейтін түрімен есепте тұрған науқастарды қосқанда, бұл аурумен ауыратындар саны жылына 10-15 млн. адамға жетеді екен. Сонымен қатар, әлемде аталған аурудың «В» түрімен тұрақты ауыратындар 350 миллионнан астам болса, «С» түрінің вирусын жұқтырғандар саны 200 миллионға жуықтайды.

Қазақстан аумағы да вирустық гепатиттен таза емес, белілі вирустардың көпшілігі елімізде кеңінен таралған.

Осы ауруға қатысты облыстағы қазіргі ахуал қандай? Вирустық гепатиттің алдын алу үшін не істеу керек? Вакцина жүргізіле ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік…

Көрсеткіштер өзгерді ме?

Бауырды зақымдайтын кең тараған жұқпалы аурулардың бірі — вирустық гепатиттің «А», «В», «С», «Д» және «Е» секілді түрлері бар.

Соңғы жылдары елімізде халық жалпақ тілмен «сары ауру» деп атап кеткен вирустық гепатиттің А (ВГА) түрі бойынша эпидемиологиялық ахуал жақсарды. Әлемнің басқа елдеріндегідей, Қазақстанда да ВГА-ның ауру-сырқаушылық деңгейінің төмендеу үрдісі байқалады,  алайда бұл ауруға шалдығатындар көп. Жыл сайын 14 жасқа дейінгі балалар арасында ауруға шалдығатындар көрсеткіші —  75-80 %. Ауру-сырқаушылықтың негізгі пайызы 2 жастан бастап 9 жасқа дейінгі балаларға қатысты. 6-7 жастағы балалар арасында эпидпроцестің белгілі бір айналмалылығы сақталады.

Сары ауруға жоғары дәрежедегі шалдығушылық Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалады. Мұның себебі де жоқ емес. Ауру ең әуелі ішуге жарамайтын судан жұғатынын ескерсек, бұл өңірлерде ең өзекті мәселе де осы — ауыз су екені белгілі. Сондай-ақ жеміс-жидектің де отаны —  осы аймақтар.

Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті департаментінің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бастығы Клара Омарованың айтуынша, облыста биыл өткен 10 айдың ішінде гепатиттің «А» түріне қатысты 26 оқиға тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір оқиғаға ғана аз. Ал аурудың «В» түрімен 23 адам ауырған, былтыр бұл көрсеткіштен 8 оқиға көп болыпты. Сондай-ақ гепатиттің «С» түрімен 7 оқиға тіркелген, салыстырғанымызда, өткен жылғы көрсеткіш 3 оқиғаға аз.

Біз былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда, жағдайдың көп өзгере қоймағанын көріп, одан әрі әңгімемізді гепатиттің «А» түріне, яғни сары ауруға қарай ойыстыруды жөн көрдік.

Қазақстанда 1999-2000 жылдардан бастап ВГА-ға шалдығушылықтың жоғары көрсеткішіне қатысты ҚР Үкіметінің қаржылай қолдауымен балаларды вакцинациялау әуелі Маңғыстауда басталды. 2001-2003 жылдардан бастап балаларды вакцинациялауға басқа облыстар да қосылды. Бұл шаралар Қазақстан Республикасында ауру-сырқаушылықты 2000 жылғы 23475 жағдайдан 2009 жылғы 5018 жағдайға дейін едәуір төмендетуге мүмкіндік берді.

Тағы бір жайт, Х.Жұматов атындағы Гигиена және  эпидемиология Ұлттық орталығының қызметкерлері  ВГА-мен ауыратын бір науқасты вакцинациялауға  және емдеуге шығындалған қаржы 1/15 қатынасын құрайтынын есептеп шығарды. Атап айтқанда, вакцинациялауға шығындалған 1 теңге, бір науқасты емдегенде кететін 15 теңгені үнемдейді. Бұл — вирустық гепатиттің «А» түріне қатысты ауру-сырқаушылықты пәрменді, тез және экономикалық тиімді жолмен төмендетудің айғағы.

Қорғану жолы — егілу

Қазіргі таңда елімізде сары ауруға шалдығушылардың 75-80 пайызы — 14 жасқа дейінгі балалар. Олар инфекцияны негізінен контаминирленген (лас) суды, көкөністерді көп мөлшерде қолданғанда және суға түскенде жұқтырады. Балалар арасындағы сары ауруға шалдығушылық көбіне күз мезгілінде, яғни жеміс-жидек пісіп, балалар мектепке, балабақшаға бара бастаған уақытта көбейеді. Ауру-сырқауға шалдығушылықтың өсуі қыркүйек-қазан айларында байқалып, қыс бойына жалғасады, бұл кезде мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп сыныптарында жаңа топтар құрылады және ауру жұқтыру жанасу арқылы өтеді.

Эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бастығы Клара Омарова оқу жылы басталғаннан бері облыста сары ауруға қатысты 5 оқиға тіркелгенін айтты. Олардың 4-і Ақтөбе қаласындағы мектептерде, ал біреуі Шалқар ауданында орын алған. Эпидемиологиялық зерттеулер 2 оқиғаның тұрмыстық жанасулар арқылы, ал 1 адам ауруды Қызылорда облысы Арал ауданына қонаққа барғанда науқас туысынан жұқтырғаны анықталып отыр. Сондай-ақ ауру жұқтырған қалған екеуінің де каникулда Қызылорда облысында демалғаны белгілі болды.

Сондықтан да мамандар аурудың алдын алу үшін су арқылы жұқтыруға қарсы шараларды көбірек қолданып, әсіресе, қауіп-қатер тобындағы (2-9 жастағы) балаларды түгелдей вакцинациялау керектігін ескертеді.

Клара Омарованың айтуынша, биыл осы мақсатта облыстық бюджеттен 63 213 360 теңге бөлініп, вирустық гепатиттің «А» түріне қарсы 32 088 доза вакцина сатып алынды. 2 жастағы балалардан бастап егіле алады. Қазіргі таңда 2007-2008 жылғы балалар арасында егілу жұмыстары жүріп жатыр.

Мәліметтер мен кеңестер

Эпидемиолог мамандардың айтуынша, сыртқы ортада ауру тудыратын тұрақты өмірге бейімділігі жоғары ұсақ тірі организм науқастың қаны мен зәрінде болады.

Вирус тұрмыстағы ластанған заттар, қол, су, тағам өнімдері арқылы айналадағыларға беріледі. Санитариялық ережелерді сақтамай дайындаған тағам өнімдері, сондай-ақ вирустық гепатит жұқтырған адамдар әзірлеген тағамдар да осы ауруға ұшыратады.

Дәрігерлердің мәліметіне сүйенсек, сары ауру адам ағзасын бүтіндей зақымдайды. Бірақ өзгерістер бауырда өтеді. Алғашқы үш аптада аурудың ешқандай белгілері білінбейді. Мұны «жасырын инкубациялық кезең» деп атайды. Зақымданған адамның асқа тәбеті нашарлайды, ішінің оң жағы және төстің төменгі тұсы ауырады, ішектің бұзылғандығы байқалады. Дәл осы кезеңде дәрігерге қаралу өте маңызды, дәрігер зерттеу тәсілдерінің көмегімен диагнозды дұрыс қойып, ем береді және режим сақтауды ескертіп, диета белгілейді, асқынудың алдын алады. Инкубациялық кезеңнен соң дененің сарғаюы басталады. Алайда аурудың сарғаймайтын формасы да кездеседі, аурудың мұндай түрі айналадағы адамдарға қауіпті. Егер науқас адам дер кезінде емделсе, үш аптадан соң дене сарғаюлары кетіп, денсаулығы дұрысталып кетеді.

Ал облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы Бейбітгүл Мұхамбетқалиева мынадай кеңестер береді: ауру ауыз сумен таралатын болғандықтан, ең әуелі құдықтарды таза ұстау қажет. Оларға жақын жерде кәріз жүйелері, қоқыс үйінділері, мал суаттары болмағаны жөн. Ауыз су құдығының түбі мен қабырғасын лайдан, қоқыстардан тазалап, оқтын-оқтын хлорлы әкпен зарарсыздандыру керек. Әрбір нысандарда дәретханалары мен қоқыс жәшіктері болуға тиісті.

Вирустық гепатит тағам өнімдері арқылы да берілетін болғандықтан асхана, кафе, азық-түлік дүкендерінде санитария ережелері ұқыпты түрде орындалуы тиіс. Жеміс пен көкөністерді қайнаған сумен жуу керек. Мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде балалар санының артық болмауын, яғни көп шоғырланбауын және оларда тазалықтың сақталуын қадағалап отырған абзал. Балалар әрдайым медициналық тексеруден өтуге тиіс. Олар сапалы сумен, тамақпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуі керек. Науқас шыққан үйлерде, мектептерде, балабақшаларда, басқа да нысандарда 3% хлорлы дәрімен міндетті түрде дезинфекция жасалуы қажет. 35 күн бойы науқас адаммен қарым-қатынаста болған адамдарға медициналық бақылау орнатылып, күдікті адамдар оқшаулануға тиіс. Оқушылар күн сайын өздерімен бірге қайнаған су құйылған құты алып жүргендері дұрыс.

Сондай-ақ Бейбітгүл Мұхамбетқалиева вирустық гепатит «А» түрінің алдын алу туралы бірқатар ұсыныстар айтты. Әуелі тұрғылықты мекен-жайлардың санитарлық жағдайын жақсартып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз еткен жөн. Бір топтағы балаларды, әсіресе, 2-9 жастағы балаларды түгелдей вакцинациялау. Мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде, басқа да білім беру орындарында инфекцияны тұрмыстық жанасу арқылы жұқтырудың алдын алу бойынша  санитарлық-гигиеналық жағдайларды қамтамасыз ету, ауыз су режимін сақтауға ерекше көңіл бөліп,  жеке бас гигиенасын сақтау үшін қарапайым жағдайлар жасау (сабын, дәретхана қағазы) қажет. Балалардың суда шомылуын арнайы белгіленген жерлерде ұйымдастырып, балаларға суға шомылған кезде су жұтпауды үйреткен абзал.

P.S. «Ауру — астан». Ендеше, сапалы ауыз су ішу мен таза тамақтануға аса мән беріңіз. Әсіресе, ересектер, балалардың жеке бас гигиенасын сақтауына жағдай жасағандарыңыз жөн. Тазалық — ауырмаудың кепілі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button