Мәдениет

44 жырды жатқа білген Айса Байтабыновтың туғанына — 135 жыл

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде археология, этнография ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің ұйымдастыруымен белгілі жыршы Айса Байтабыновтың 135 жылдығына арналған «Жыр жаңғыртқан Айса ақын» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Бұл шараға Айса Байтабыновтың ұрпақтары Мәдина Тұрымова, Мария Раева, облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина,

Қобда аудандық музейінің қызметкері Гүлбаршын Ерғалиева, музей қызметкерлері қатысты.     

Шара барысында қазақтың ескіден келе жатқан аңыз-әңгімелері мен батырлық жырларын, жалпы халық мұрасын жеткізуші көрнекті жыршылардың бірі Айса Байтабыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы айтылды.

— Айса Байтабынов көне эпостық жырларды жеткізуші, жыршы. «Қобыланды», «Қырымның қырық батыры», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай», «Әуез батыр», «Құрманбек батыр» сынды көптеген жырларды жадында сақтаған, кеңінен насихаттаған. Айса ақын тумысынан талант иесі екендігіне дау жоқ, әйтпесе 44 жырды жадында сақтай білу — екінің бірінде болмайтын қасиет, — дейді музейдің ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету (жалпы тарих, археология және этнография) бөлімінің меңгерушісі Бекнар Есіркепов.

Ақын 1885 жылы Қобданың Өтешсай деген жерінде дүниеге келген. Жастық шағы заманның аласапыран кезеңіне тұспа-тұс келген ақын Қазан төңкерісінен кейін қызыл әскер құрамында Ойылдан қуылған атаман Серов бастаған ақ гвардияшыларға қарсы соғысқа қатысқан. Азамат соғысы аяқталғаннан кейін,  1925-1931 жылдар аралығында Қобда болысының №5 ауылында ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған. Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында жыр алыбы Жамбылға және Нұрпейіс Байғаниннің 80 жылдығына арналған өлеңдері мен Айса ақынның өзінің толғауы сақталған. Жыршының қорында 20-ға жуық өзінің төл өлеңі мен 18 эпостық жыры болған. Оның ішінде қолжазба күйінде сақталғандары — «Қобыланды батыр мен оның баласы Жаскілең», «Әуез батыр», «Қарасай-Қази» және «Мамай батыр» жырлары.

2006 жылы Қобда ауданында Қобыланды батырдың тарихи кешені ашылған уақыттан бастап Айса Байтабыновтың шығармашылығына ден қойыла бастады.

—  Қобыланды туралы Нұрпейіс Байғанин, сонымен қатар Айса Байтабынов та жырлаған. Ақынның 1956 жылы шыққан «Ақындар» атты кітабында Айса Байтабыновтың Қобдадан шыққан ақын екендігі туралы 8-9 жол ғана жазба болды. Кейін білгеніміздей, Айса Байтабыновтың екі қызы болған, Қымбат және Бұлжетпес. Ақын қызы Қымбатқа өзінің жырларын жазғызып, Ұлттық Ғылым Академиясына,  Есмағамбет  Ысмайыловқа жолдап отырған.  Ақынның жыр-толғаулары осылайша академияның кітапханасында сақталған.

—  Ақын өзі жырлаған жырлардың ішіндегі ең белгілі әрі көлемділерінің бірі —«Қобыланды» жырының бірнеше нұсқасын жақсы білген. Айса жырлаған «Қобыландыда» басқа нұсқаларға қарағанда Қобда, Сары Қобда, Жиренкөл, Ешкіқырған сияқты жер-су атаулары көп көрсетіледі. Оның бірқатар өлеңдерінің сақталуына филология ғылымдарының докторы, профессор Есмағамбет Ысмайлов және ақынды зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев көп еңбек сіңірген, — дейді Б.Есіркепов.

Ақынның екі қызынан тараған ұрпағы Мария Раева мен Мәдина Тұрымовалар да аталары туралы естіген-білгендерімен бөлісіп, ақынның шығармашылығын зерттеп, есімін ұлықтауға қатысты жасалып жатқан жұмыстар үшін алғысын білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button