Білім

Кәсіптік-техникалық білім: қолдау мен даму

Өндіріс пен қызмет көрсету саласы үшін кадрлардың негізгі провайдері — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі. Аталған салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылуда. Оның арқасында көптеген жас сұранысқа сай мамандықтарды таңдап, тегін білім алып жатыр. Ал «Жас маман» жобасы бойынша колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Біз облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен аталған саланың тыныс-тірлігі туралы әңгімелескен едік.  

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі  бәсекеге қабілетті еңбек нарығының талаптарына және ел экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды даярлайды. Бұл сала 80 жыл ішінде талай тарихи белестерден өтіп, бірнеше күрделі кезеңдерді бастан кешті. Қазір біздің өңірде  43 колледж  техникалық және кәсіптік білім береді. Онда жалпы 20 568 контингент  бар, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Кадрларды даярлау еңбек нарығында сұранысқа ие 100  мамандық пен 148 біліктілік бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 14 443 студент білім алады.

Тапсырыс пен сұраныс

Кәсіптік-техникалық білім беру саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып болып отыр. Бұл туралы Нұргүл Лескенқызы былай дейді:

Облыстағы еңбек ресурстары балансына және жүзеге асырылып жатқан түрлі жобаларға қажетті кадрларға деген сұранысқа сәйкес, сондай-ақ соңғы 2 жыл көлемінде колледждерде жүргізілген салаландыру жұмыстарының нәтижесінде оқу орындарында 10 жаңа мамандық (икемді автоматты желілер, орман  шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы, геодезия және картография, аңшылықтану және аң шаруашылығы, бастауыш мектепте шет тілі мұғалімі, бастауыш мектепте информатика мұғалімі, аударма ісі, тағы басқа) ашылып, мемлекеттік тапсырыс берілді. Жаңа оқу жылына техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 4833 орынға мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді. Нақтырақ айтсақ, облыстық бюджеттен 3342 орын, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1085 орын бөлінді. 406 студент мемлекеттік мекеме басқару формасындағы колледждер есебінен қабылданды.

Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс саны 78 орынға артыпты.

Биыл техникалық мамандықтар, қызмет көрсету, білім, медицина, ІТ, ауыл шаруашылығы салаларына мемлекеттік тапсырыс көп бөлінген. Соның арқасында жаңа оқу жылында оқушылар 100 мамандық, 132 біліктілік бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алуға мүмкіндік алды.

Айта кету керек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес лицензия беру процесі тоқтатылуына байланысты, сұранысқа сәйкес жаңа мамандықтар ашылған жоқ.

Қазірде еңбек нарығында сервис және қызмет көрсету —  электргаз дәнекерлеушісі, машина жөндеу, құрылыс саласы бойынша барлық біліктіліктер (сылақшы, тас қалаушы, штукатур және т.б.), сонымен қатар тамақтануды ұйымдастыру саласы бойынша мамандықтар (аспаз, кондитер, даяшы және т.б.) жоғары сұранысқа ие.

Жаңа оқу жылынан бастап 38 мамандық бойынша оқытудың екі деңгейлі моделі бойынша кадр даярланып жатыр. Яғни студент екі немесе бірнеше біліктілік бойынша жұмысшы мамандығын тегін алып шығады.

Мемлкеттік бағдарламаның шарапаты

2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба мамандарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты игеруге, қажет кезде қанша уақыт өтсе де оқуды жалғастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар білікті жұмысшы кадрларды даярлаудың көлемін арттыруға және тегін білім алуға тілек білдірген барлық адамды қамтуға бағытталған.

Бұл бағдарламаға оқу орындарына түспеген, өмір­де қиын жағдайға тап болған­дар және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарында тір­келуіне қарамастан, жұмыссыз жастар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Бағдар­ламаның қатысушылары стипендиямен, бір реттік ыстық тамақ­пен, тегін жол жүрумен қамтамасыз етіледі. Тағы бір ерекшелігі, жоба аясында жастар колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылданады.

Бағдар­ламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген.

Азаматтарды техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етуде жұмысшы мамандықтарын даярлау 17 колледжде, 40 біліктілік бойынша (электрогаздәнекерлеуші, техник-программист, аспаз, кондитер, техник-механик, техник-құрылысшы, шаштараз-модельдеуші, токарь, ветеринар техник, техник-технолог, электромеханик, т.б.)  республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр. Бұл мақсатта жыл сайын 1085 адам оқуға қабылдануда.

Қазір аталған бағдарлама бойынша Ақтөбе құрылыс және бизнес, сервис, өнеркәсіптік технологиялар және басқару, жоғары политехникалық колледждері, Ойыл аграрлық колледжі, Хромтау тау-кен техникалық колледжі, Алға индустриалды-техникалық колледжі, т.б оқу орындары білім береді.

Жаңа  оқу жылында осымен төртінші рет 1085 оқушы қабылданды.  Олардың 60 пайызы — ауыл балалары.  

Аталған бағдарлама аясында  өткен оқу жылында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы ескеріле отырып, жаңа  мамандықтар ашылды (жерасты тау-кен жұмысшысы, машинамен сиыр сауу операторы, сандық ақпарат бойынша маман). Бұл кәсіпорындарда кадр тапшылығының мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Жұмысшы мамандығына оқыту арқылы жұмыссыздық деңгейі қысқарады және мамандықты игерумен қатар кәсіп ашу жолдары үйретілуде, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Жұмысқа орналасу көрсеткіші артты

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, колледж бітірушілердің жұмысқа орналасу коэффициенті тұрақты артып келеді.

Мұндай оң динамикаға жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату, еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес мамандар даярлау арқылы қол жеткізіліп отыр.

Соңғы 5 жыл ішінде түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 14 пайызға, мамандық бойынша 15 пайызға артты, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Соңғы 3 жылдағы колледж бітірушілердің жұмысқа орналасуын талдау көрсеткіші мынадай: 2017 жылы — 90 пайыз, 2018 жылы — 91 пайыз, 2019 жылы — 83 пайыз) тұрақты екенін көрсетеді.

Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші дуальды оқыту бойынша 95 пайызға (930 түлек) жетіп отыр. Біздің өңірде 27 колледжге 42 мамандық, 51 біліктілік бойынша  дуальды оқыту енгізілген.

Дуальды жүйемен оқытылған түлектердің жұмысқа ор­наласу көрсеткіші жоғары болады. Өйткені оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған оқушы жұмыс берушінің талаптарынан қорытынды шығарып, тәжірибе жинақтайды. Мұнда «50 пайыздан 80 пайызға дейін өндірісте» схемасы бойынша кадрлар даярланады. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары 251 мекемемен серіктес, 1753 келісімшартқа отырған, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

«Жас маман» жобасы

«Жас маман» жобасы бойынша колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Бұл жоба «Жастар — ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді. Жобаның негізгі мақсаты — сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу.

Аталған жоба аясында облыс бойынша 9 колледж заман талабына сай құрылғылармен қамтылады.

«Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасы аясында біздің өңірдің 8 студенті үздіктер қатарынан көрінді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

«Кәсіпқор» холдингі жыл сайын еліміздің колледждерінің ұлттық рейтингісін өткізеді. Бұл рейтинг — колледждерде кадрларды даярлау сапасының көрсеткіші.

Республика бойынша алғашқы ондыққа бірнеше жыл қатарынан жоғары политехникалық колледж еніп отыр.

Мемлекет басшысының қолдауымен 2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтерінің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Біліктілік санаты үшін педагогтерге қосымша ақы төлеу мәселесі көп жылдар бойы көтерілген болатын. Мектептерде мұғалімдерге біліктілік санаттары үшін қосымша ақы төленді, дегенмен мұндай үрдіс колледждерде болған жоқ. Енді колледж педагогтері де ай сайын лауазымдық жалақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады. Өз кезегінде колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұмысының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 пайызына дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар. Бұл әріптестеріміздің жұмысқа деген ынта-жігерлері мен жұмыстың тиімділігін арттыра түспек, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

P.S.

Жаңа оқу жылында колледждерде білім беру педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша қашықтан оқыту, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқыту тәсілі арқылы жүзеге асырылуда. Яғни студенттер керек кезінде зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірбиеге араласа алады.

Қазір ауылдарда және Алға, Хромтау сияқты моно қалаларда орналасқан 13 колледждегі 2871 оқушы штаттық режимде, 28  колледждегі 17 305 оқушы қашықтан оқыту форматында білім алуда.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button