… не жетпейді?
Соңғы кезде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен мектеп жасындағы балалардың өз-өзіне қол жұмсауы көбейіп барады.
Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өскен. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға көбейгені белгілі болды. Тәртіпбұзушылықтың көбі тонау мен ұрлық оқиғалары. Мысалы, өткен жылы жасөспірімдер арасындағы ұрлық 18 болса, биыл 28-ге жеткен.
Мектеп оқушыларының арасындағы қылмыстың жасарып келе жатқандығы да алаңдаушылық тудырып отыр.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс бүгінгі күннің ең бас ауыртар мәселесі болса, мектеп оқушыларының асылып өлуі тіпті, шошытарлық оқиғаларға айналып барады. Күні кеше ғана Хромтау қаласындағы №3 мектептің 10-сынып оқушысы өзіне-өзі қол жұмсап, өмірімен қоштасты. Түсініксіз. Үлгілі отбасындағы төрт баланың үлкені. Сабақ үлгерімі де жақсы. Достары да баршылық. Осындай тәп-тәуір оқушының өз-өзіне не себептен қол жұмсағанын ешкім білмейді. Құпияны өзімен бірге алып кетті…
Облыс бойынша жыл басынан бері осындай 13 оқиға орын алған, мынау — он төртіншісі. Облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің мәліметі бойынша, Шалқар ауданында — 3, Мәртөк ауданында — 3, Ақтөбе қаласында — 5 оқиға орын алған. Ал өткен жылы мектеп оқушылары арасында 19 суицид оқиғасы тіркелген.
Осыншама жас қыршындар Алланың берген бұйрықты ғұмырына қарсы тұрып, неліктен өз-өздеріне үкім шығарады? Себебі белгісіз. Жоғарыда айтылған жағдайлардың біреуінің де нақты себеп-салдарын көре алмадық. Ал психолог мамандар олардың түрлі себептері болуы мүмкіндігін айтады.
Суицидті зерттеу объектісі етіп қарастырған ғалымдар оның шығу төркінінің психологиялық, әлеуметтік және рухани себептерге тікелей байланысты екендігін айтып, дабыл қағып жатыр.
Алматыдағы жастар қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік зерттеу қорытындысының нәтижелері баланың суицид оқиғасына баруы көп жағдайда ата-анасымен келісе алмауынан болады деген тұжырым жасап отыр. Қазіргі балалар ата-анасының бір ауыз сөзін көтере алмайды. Бұл — бала бойындағы «мен», «менікі ғана дұрыс» деген эгоистік мінез. Психолог мамандар да осы пікірді қостайды.
Балалардың құқын қорғау департаментінің статистикалық мәліметіне қарағанда 2009 жылы республика аумағы бойынша өзіне-өзі қол жұмсаған жасөспірімдер саны 470-ке жеткен. Бұл — тіркелген нақты мәліметтер, ал есепке алынбағаны қаншама?!
Зерттеулер мен себептер
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өткен жылдары «Балалар суициді» тақырыбында жүргізген арнайы зерттеуінде балаларды суицидке итермелейтін негізгі себептер ретінде баланың күрделі әлеуметтік-психологиялық жағдайы, одан кейін ұлтаралық қатынас, отбасылық тұрмыстың қолайсыздығы мен қолдаудың болмауы секілді факторлар аталған.
Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің әрбір үшіншісі өзіне басқалардың назарын аудару әрекетінен туындайды. Олар өлгісі келмейді, тек осы әрекеттерімен өздеріне назар аудартқысы келеді екен. Мамандар мұның өте қауіпті құбылыс екендігін айтады. Өйткені келесі талпынысының соңы орны толмас қазаға соқтыруы мүмкін. Мамандардың балалардың өзін-өзі өлтіруінің себебі көптігін жарыса айтады. Алайда басты проблема — жалғыздық. Егер мектепте қандай да бір проблема туындап жатса — ата-ана балаға көмек көрсетуі керек, ал отбасында проблема туындап жатса — ұстаздар балаға назар аударуы тиіс. Қазақстанда, тіпті 10 жастағы балалар арасында өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары тіркелген.
Мамандар өлуге құмарту психиканың проблемасы екендігін айтады. Сондықтан, психологтардың айтуынша, балалар әрдайым жақын-жуықтарымен бірге болып, бір-бірін бағалап, әр кез түсіністікпен өмір сүре білу қажет.
Деректер
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстанда әр 100 мың тұрғынға шаққанда 53 адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Бұл көрсеткіш әлем бойынша біздің елдің алдыңғы орындардың бірінде тұрғандығын аңғартады. Яғни, «тұрақты лидерлер» саналатын – Венгрия (88) мен Литвадан (96-99) сәл төмен тұрмыз. Ал кейбір деректер бойынша, Қазақстан Ресей және Латвиямен бір қатарда көрінеді.
Ал, осы ұйымның зерттеуі бойынша, қазақстандық әйелдер арасындағы суицидтің көрсеткіші 15 пен 24 жас аралығында 100 мың тұрғынға шаққанда 11,1 оқиғаны құрайды. Салыстырмалы түрде АҚШ-та бұл көрсеткіш – 2,9-ға тең екен.
Психологтардың сөзіне қарағанда, өзін-өзі өлтіру оқиғалары әйелдерге қарағанда ер адамдардың арасында жиі ұшырасады. Ер адам өзіне-өзі қол саламын деп шешсе, онда олар өз ісін аяғына дейін жеткізуге тырысады. Ал әйелдер әдетте өлуді емес, өзіне назар аудартуды көздейді. Сол себепті, статистикада өзіне-өзі қол жұмсап өмірін қиған ер адамның 1 оқиғасына әйелдердің өзіне-өзі қол жұмсауға талпынған 5 фактісі сәйкес келеді екен.
Соңғы бірнеше жылда осындай қаза бойынша «көш басындағылар»: Оңтүстік Қазақстан облысы (72 оқиға), Ақтау (67 оқиға) және Солтүстік Қазақстан облысы (100 мың тұрғынға шаққанда 57 адам өз-өзіне қол жұмсаған). Бұл көрсеткіш біреудің қолынан қаза болғандар санынан өзін-өзі өлтіргендердің саны әлдеқайда көп екендігін көрсетіп отыр.
Жалпы әлемде жыл сайын шамамен миллионға жуық адам өзіне-өзі қол салып көз жұмады. Олардың 8 мыңы — қазақстандықтар, яғни республикада әр сағат сайын бір адам өз еркімен өмірмен қош айтысып жатады.
Суық тірлік
Заман өзгеріп, техника, технология прогресі қарқынды жүріп, қоғамның қажеті толық өтеліп дамыған сайын адамзат өмірінің қуанышы мен рахаты арта түсудің орнына қиындығы мен қайғысы молайып, шешімін таппас қарама-қайшылыққа ұшырасып жатыр. Неге? Бәрі де адамгершілік ғылымын екінші орынға ысырып қойғанның кесірінен болып отыр ма деген ой қылаң береді.
Суық ғылымға сүйенгендіктен, техника текетіресіне тірелгендіктен адам баласының жан сұранысы қанағаттанбайды. Содан болар, кей жағдайда адамдар бұл өмірдегі түрлі тығырықтан, қиындықтан шығар жол ретінде тек өзіне-өзі қол жұмсауды таңдайды. Бұл қатерлі құбылыстың біздің қоғамда белең алып бара жатқаны алаңдатпай қоймасы анық. Суицид — тәннің ауруы емес, адамның ішкі жан дүниесінің ауруы.
Отбасы жауапкершілігі
Жастар суициді қазіргі кездегі өзекті мәселе болып отырғандықтан, білім беру ұйымдарында оқушылардың арасында оның алдын алу және болдырмау шаралары қолға алынып, тиімді әдіснамалар қарастырылып, психолог мамандар суицид мәселесіне байланысты жұмыстарын күшейтуі тиіс. Бұл туралы облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова былай дейді:
— Біздің мекемеге түрлі жағдайларды басынан кешірген адамдар келеді. Мектеп оқушыларының өзіне-өзі қол жұмсауының себептері көбіне белгісіз болып қалады. Бала мұндай әрекетке бекерден-бекер бармайды. Оның қандай да болмасын бір себебі бар. Мысалы, атын айтпай-ақ қояйын, ауданның бір мектебінде қамқоршылық отбасындағы, яғни ата-әжесінің тәрбиесіндегі 7-сыныптың оқушысы асылып өлді. Әке-шешесі ішімдікке салынып кеткен. Кейін білгеніміз, ол оқушының мектептегі үлгерімі де орташа екен. Бірыңғай үштік. Тіпті, сурет сабағы мен дене шынықтыру пәнінен де төрт жоқ.
Ауылдық жерлерде оқушылар аз. Әр мектептегі саусақпен санарлық «қиындау» балаларды қадағалауға болады.
Суицид болған мектептер көбіне шындықты жасырады. Біздер мектептердің, психологтардың жұмыстарын, жоспарларын тексереміз. Балалармен қандай жұмыстар атқарылып жатқанын байқаймыз. Суицидке оларды кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен, көз алдындағы балаларды қадағалап отырса екен дейміз, — дейді Күлпаршын Айдарханова.
P.S. Қазіргі жастарды жіті қадағаламаса болмайды. Жауапкершілікті мектеп мұғалімдері мен психологтарына итере салу — жауапкершіліктен құтылудың ең оңай жолы. Бала тәрбиесіне ең әуелі ата-ана мүдделі болуы қажет. Бала мектептен тыс уақытта немен шұғылданатынын, қайда барып, не істейтінінен хабардар болып, бағыт-бағдар беріп отыру — әрбір ата-ананың қасиетті парызы. Балалар психологиясы ахуалына бірден-бір себепші отбасындағы жағдай.
Ел аман, жұрт тынышта балаларымыздың өзін-өзі өлтіруіне жол бермеуіміз керек.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.



