АуылБасты жаңалықтар

Қысқа дайындық: мал азығы мол

Науқан

Бұдан бірнеше жыл бұрын қыстың ортасында бір ауылда шөп таусылып қалады. Содан сол ауылдың бір белсендісі жоғарыға арыз жазады. Ол арыз Астанаға жетіп, ақыры айқай-шу, біраз дүрбелең тудырады. Таяқтың ұшы жергілікті әкімдерге тиеді. Неге мал азығы жеткілікті дайындалмаған? Қор қайда? Бұл жерде екі тараптың да кінәсі бар болса керек. «Қыстың қамын жаз ойламаған» тұрғынның әрекеті мен әр ауылдың қысқа дайындығын бақылаудан шығарған әкімнің салғырттығы сеп болған екен.

Ақылға салсақ, жеке тұрғынның ауласындағы азын-аулақ малға азық дайындау үшін әкімнің қандай қатысы бар? Қазірдің өзінде мұндай жатып ішіп, әлеуметтік желіге не болса соны жариялағыш жалқаулар арамызда жоқ емес. Әкімнің ісінен сын тапқан адам өз ісінің мінін түзесін.

Рас, жыл сайын мал азығы қымбаттап барады. Бір көлік шөптің орташа бағасы — 35 мың теңге. Егер екі сиырың мен он шақты қойың болса,аулаңа 3-4 көлік шөп түсуі керек. Одан басқа жем, күрпі секілді өзге де азық түрлері бар. Әр ауданның әкімдері жаз басталысымен қысқа дайындықты қамдап, дабыл қағады. Шөп сататын шаруа қожалықтарымен келіссөз жүргізіп, мал азығының бағасы өспеуіне күш салады. Он бес күн сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Қазіргі таңда бір орама шөптің орташа құны 3000 теңге болса, бір бума шөп — 300-350 теңге. Алайда бұған дейін жеке тұрғындар мал азығын алуға асықпай келді. Бірақ соңғы жылдары шабындық бітіп, шөп сарғайып, қыс тақалғанда іздейтіндердің қатары азайыпты. Сол себепті облыс биыл қысқа дайын. Қысқы мал азығын дайындау 100 пайызға орындалыпты.

Облыс бойынша қысқа 540,1 мың ірі қара, 1 381,8 мың қой-ешкі, 159,0 мың жылқы және 16,7 мың түйе кіргелі отыр. Барлығы  786,5 мың төрт түліктің бір жарым жылдық азығына 2 506,0 мың тонна шөп, 21,8 мың тонна сүрлем, 351,0 мың тонна жем дайындалды. Ауыл шаруашылығы мамандарының есептеуінше, бір мал қыста орташа есеппен 18,5 центнер азық жейді екен.

Биыл өзен суы тартылғанымен, көктің тамшысы жиі тамып, шөп өткен жылғыға қарағанда жақсы шыққан. Көпке дейін күзеудің күйі кете қоймайтын Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Байғанин аудандарының жайылымы кең әрі қыс қары аздау түсетіндіктен қолға көп тұра қоймайды. Ол жақтың малдары қыс ортасына дейін дала шөбін азық етеді. Соған қарамастан, бұл аудандарда мал азығығы қоры мол дайындалған.  Ал мал басы, негізінен, қолда ұсталатын — Ақтөбе қаласы, Әйтеке би, Алға, Мәртөк, Қобда, Хромтау, Қарғалы аудандары. Бұлар үшін 1 бас шартты малға 20,0 центнер азықтық бірліктен келеді. Мамандардың айтуынша, қыс алдындағы төрт түліктің күйі қоңды көрінеді.

Облыста мал азығын қолдан егетін шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Дала шөбінен басқа жоңышқа, қара бидай дақылдарын егіп, қамбаларын толтырып алғандар қысқа тас-түйін отыр.

Биыл 258,9 мың гектар жерге жем-шөптік тұқым себілді. Егіс көлемін әртараптандыру нәтижесінде мал азығы дақылдарының үлесі 33,9 пайызды құрап отыр. Бұл жағдай соңғы жылдары мал азығының мол қорын дайындауға, шөп бағасының өспеуіне септігін тигізді.

Жалпы елімізде мал басын сақтауға үкімет көп көңіл бөліп отыр. Соның бірі  — субсидия. Өткен жылы облысқа 9 миллиард 200 миллион теңге субсидия берілсе, биыл 10 миллиард 300 миллион теңгеге жетті. Мұндай қолдаулар шаруа қожалықтарының қаржы ұйымдарына берешек қарыздарынан құтылып, жаңа техникалар алуға, өзге де шығындарды жауып, мал азығын әзірлеуге көп көмегін тигізуде.

Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан мал шаруашылығын қолдауды субсидиялау қағидасына өзгерістер енгізіп, шаруашылықтардың мал азығын дайындауға кеткен шығындарын қайтару мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастыру тетіктерін іске қосты. Осы өзгерістер аясында облыстық бюджеттен қосымша 3,4 милиард теңге қаржы бөлініп, шаруашылықтардың есепшоттарына аударыла бастады.

— Мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізу, оның ішінде алынған төлдерді аман сақтау, мал өнімдерін өндіру көлемін арттыру — ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері алдындағы басты міндет. Қазіргі таңда өзімізден 15 мың тонна жем жиналып тұр. Мал азығының бұл түрін өзге облыстардан сатып алу арқылы әлі де дайындаймыз.

Жалпы, мал қыстату науқаны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан тұрақты бақыланып тұрады, — дейді облыстық ауылшаруашылық басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Адам саны да, малы да, ірі шаруа қожалықтары да көп өңір — Мұғалжар ауданы.  414 шаруа қожалығы, 19 ЖШС, 3 акционерлік қоғамы бар. 49501 Зеңгібабаның тұқымы,  171238 қой-ешкісі, 17043 жылқысы,  307 түйесі өрісінің сәнін келтіріп отыр. Бұған 257,9 мың тонна шөп дайындалып, жоспар артығымен орындалған.  Оның 129,4 мың тоннасы қыстаққа, 128,5 мың тоннасы жеке тұрғындарға тасылды.  Аудан бойынша 3293 мал ұстайтын аула болса, түгелдей шөп түсіп болған. Мұғалжар аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбеттің айтуынша, мал азығын дайындауда аудандағы шаруа қожалықтарының үлесі көп. Ауданда 2 ЖШС, 1 акционерлік қоғам және  24 шаруа қожалығы асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысады.

Солардың бірі — «Арман-М» шаруа қожалығы мал  бордақылауға қажетті мал  азығын  дайындау  мақсатында  «жаңбырлатқыш  қондырғы» сатып алған. Малдың күйін түсірмеу үшін қосымша жоңышқа шөбі және күздік қара бидай дақылдарын екті. Оның әр гектарынан 15 центнерден өнім алып, қысқа қажетті құнарлы азықты жинап алды.

Бұл ірі шаруа қожалығы қасындағы өзге шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындарына тиімді болып отыр. Өйткені жергілікті жерден шөп сатып алады. Бір келі шөптің бағасы — 13 теңге. Оны да көлеміне қарай емес, тығыздығына қарап бағалайды. Бір орама шөптің (рулон) салмағы — 300-350 келі аралығында болады.  Айналасындағы шаруа қожалықтары шөп сататын болса, алысқа апарып әуре болмайды. Биыл 8,800 тонна шөп жинаған. Оның денін жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алды.

Шаруа қожалығының басшысы Қазыбек Әлішев биыл мал азығын дайындауға ерте кіріскенін айтады.

— Шөп қабылдауды маусым айында бастап кеттім. Жас күйінде шабылған шөп көк әрі нәрі де бойында тұрады. 3000 басқа арналған бордақы алаңым бар. Аталық малдарды шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындарға жалға беремін. Оның жемісін жалғыз мен емес, ел де көріп отыр. Мал тұқымын асылдандыру бағдарламасы жақсы жүріп жатыр. Олай дейтінім, бұдан төрт-бес жыл бұрынғыдай емес, жергілікті тайыншалардың салмағы өскен. Асылтұқымды аталық малдарды қосқаннан кейін салмақтары 40 келіге дейін артты. Үкіметтің беретін субсидиясы шаруаны жүргізуге көп көмегін тигізіп тұр. Осы малдарды қысқа дайындап, жем-шөптен қыспай, күйлі шығаруым керек. Сондықтан бидай мен арпаны араластырып, тартып беремін. Тартылған арпа малға сіңімді болады, — дейді шаруашылықтың басшысы.

Оның айтуынша малды бақсаң, одан өнім алғың келсе — азығын аяма. Ол биылғы қысқа 70 миллион теңгеге мал азығын дайындағанын айтты. Қысқа дайындық тек мал азығымен шектелмейді. Шаруа қожалықтарындағы құрылыс нысандарын аяқтап,  малшылар тұратын үйлер түгелімен жөнделіп, қора-жайларын дұрыстау — басты шаруа. Бұл — көп жерде малшылардың қоятын талабы. Оларға жағдай жасау —  қожайынның міндеті. Соның бір игілікті мысалындай болып бүгінгі күні Мұғалжар ауданындағы «Аққанат» шаруа қожалығының  басшысы Берді Сүйінбаевтың екінші малшысына арнап салынған 4 бөлмелі үйі сыңғырлап дайын тұр.

Сонымен, сөз қорытындысында облыстағы әр шара қожалығы мен жеке тұрғындардың ауласына шөп үйіліп, қысқа дайын отыр деуге болады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button