Экономика

Бизнес саласына мемлекеттің көмегі

Қауіпті індеттің кесірінен шағын және орта бизнестің зардап шеккен салаларына мемлекет жаңа құралдар арқылы қолдау көрсетеді.  Енді кәсіпкерлер барлық несиелерінің жүгін азайта алады.

Ел Үкіметі «Жеке кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдаудың кейбір шаралары туралы» қаулыға енгізілген өзгерістер бекітті. Бұл өзгерістерге сай дағдарыстан зардап шеккен экономика секторларындағы шағын және орта бизнеске көмек көрсетілетін болады.

Дәстүрлі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шағын және орта бизнес өте қиын кезеңдерді бастан кешіп отыр. Пандемияның соққысы алдымен соларға тиді», — деген еді. Президент Үкіметке шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсетуді, атап айтқанда, несиелерін жеңілдікпен қайта қаржыландыруды тапсырған болатын. Жаңа бекітілген өзгерістер бойынша, COVID-19 пандемиясы салдарынан болған дағдарыс кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер 2020 жылдың 31 тамызына дейін алынған лизинг мәмілелері мен несиелерін «Даму» қоры арқылы ішінара субсидиялай алады.

Қолдау алатын компаниялар мен кәсіпорындар қатарына жеке сауда саласындағы, қонақүй, туристік қызмет, кинотеатр, фитнес-орталықтар, көлік жөндеу мен техсервис қызметі, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру секілді қызмет көрсететін 29 түрлі сала енген. Өзгеріс шарттарына сәйкес кәсіпкер номинал мөлшерлеменің тек 6%-ын ғана төлейді. Ал айырмасын мемлекет өтеп береді.

Бағдарламаға қатысудағы басты шарттардың бірі  —  кәсіпкерде 2020 жылдың 16 наурызы күнін есепке алғандағы мерзімде 180 күннен асқан несие мөлшерлемесі және негізгі қарызы бойынша кешіктіру, қарызы болмауы керек.

— Қолдаудың жаңа құралы бойынша субсидиялау кезеңі 2020 жылғы 16 наурыз бен 2021 жылғы 15 наурыз аралығын қарастырады. Бұл ретте несие бойынша сыйақының номинал мөлшерлемесі 16 наурыз бен 31 тамыз аралығындағы кезеңмен шектелмейді, ал 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 наурыз аралығындағы кезеңде ол 18%-дан аспауы керек, — дейді қор өкілдері.

Мемлекеттен қолдау алу үшін кәсіпкерлер биыл 30 қазанға дейін банкке өтінім беруі қажет, бұдан әрі «Даму» қоры банктер берген тізілімдер мен сауалнама-өтініштер негізінде 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде субсидиялау мүмкіндігі туралы шешім қабылдайды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button