Денсаулық

Індетпен ауырған бір науқас тіркелді

Брифинг

 Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бекболат Ізбасаров облыстағы эпидемиологиялық ахуал туралы баяндады.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыста 19 қазанда коронавирус инфекциясымен ауырған, клиникалық симптомдары бар бір науқас тіркелген. Аталған науқас — 1950 жылғы Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ер адам жіті респираторлық вирустық инфекция симптомдарының пайда болуына байланысты медициналық көмекке жүгініп, COVID-19-ға тексерілген. Нәтижесінде қауіпті індет анықталған. Қазір науқас ауруханада ем алып жатыр. Ал науқаспен қарым-қатынаста болған тұрғындар тексеруден өтуде.

Жалпы облыста бүгінгі күнге дейін коронавирус инфекциясымен ауырғандардың саны 3270 адамға жеткен. Оның ішінде 49%-ы ауру белгілерімен (1604), ал 51%-ы симптомсыз (1666) жағдайда тіркелген. 3216 (98,4%) науқас жазылып шыққан.

Атап айтсақ, індет жұқтырғандардың саны Ақтөбе қаласында — 2357, Әйтеке би ауданында — 20, Алға ауданында — 93, Байғанин ауданында — 58, Ырғыз ауданында — 54, Қобда ауданында — 14, Қарғалы ауданында — 26, Мәртөк ауданында — 54, Мұғалжар ауданында — 173, Темір ауданында — 192, Ойыл ауданында — 21, Хромтау ауданында — 102, Шалқар ауданында — 106.

Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бекболат Ізбасаров бүгінгі күні өңірде COVID-19 инфекциясымен ауырған 19 науқас ем алып жатқанын, оның 4-еуі — облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, ал 3-еуі Мәртөк аудандық ауруханасында, қалғандары үй карантинінде екенін жеткізді. Облыс бойынша індетпен ауырғандардың арасында жүкті әйелдер мен балалар, реанимацияда жатқан науқастар жоқ.

Сондай-ақ жуырда пневмониямен ауырған 3 науқас тіркелген. Қазіргі таңда облыс бойынша 34 науқас стационарларда ем алып жатыр.

Айта кету керек, 6 қазаннан бастап облыс орталығында 3 стационар жұмыс жасауда.

Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 29 тамыздағы №ПГСВ-51 қаулысы 1-тармағының 1.4-тармақшасына сәйкес тұрғындар қызмет көрсететін және демалуға арналған үй-жайларда, қоғамдық көліктерде, көпшілік орындарда медициналық немесе матадан тігілген бетперделерді тағып жүруге міндетті.

Бүгінгі күні облыста мобильді мониторингтік топтар тұрғындар арасында бетперде тағу тәртібінің сақталуы бойынша рейдтік жұмыстар жүргізуде.

Бұл бағытта жүргізілген тексерулердің нәтижесі бойынша бүгінге дейін азаматтарға 13 964 450 теңге көлемінде 186 әкімшілік шара қолданылған. Оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларға 291 690 теңгеге 7 айыппұл салынған.

Қазіргі таңда мобильді мониторингтік топтар рейдтік жұмыстарын жалғастыруда.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button