Басты жаңалықтар

Электрондық мемлекеттік қызмет: ақтөбеліктердің цифрлық сауаттылығы қандай?  

«Бизнес пен азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие, бірақ сыбайлас жемқорлық жиі болатын салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Бұл жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салаларда көптеп кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар аталған мәселеге қатысты белсенді жұмыс істейді деп сенемін.

Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

Ел Президентінің өзі ақпараттық технологиялар дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген адамға түсінікті және қолжетімді болуы керектігін, бұның ең алдымен экономиканың, қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтып жүр. Бұл мақсатта Қазақстанда үш жылдан бері «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылып келе жатқаны белгілі. Аталған жобаның маңыздылығы, әсіресе, пандемия кезінде айтарлықтай сезілді. Жұртшылық бұның пайдасымен қатар, кемшін тұстарын, жүйенің әлі де жетілдірілмегенін айтып, сын тезіне алғаны және бар.

Осы орайда біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысы бойынша филиал директоры Руслан Ерғалиевпен Қазақстанның электрондық үкіметінің (www.egov.kz порталы) жаңашылдықтары, ақтөбеліктердің интернет игіліктерін игеру жайы, өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы, т.б. жөнінде сұхбаттасқан едік.

— Өзіңіз электрондық мемлекеттік қызмет көрсетудің Ақтөбедегі бүгінгі жай-күйін қалай бағалайсыз?

— Қазіргі таңда облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1002 қызметкер жұмыс істейді. 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген мемлекеттік қызметтер тізілімі бойынша 694 мемлекеттік қызмет жүзеге асырылса, соның 642-сі біздің корпорацияға тиесілі. Ал электрондық үкімет порталынан 608 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді.

Биылғы сәуір айынан бастап карантиндік режимге сәйкес еліміздегі халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысының тоқтағанын білесіз. Оның орнына 1414 call-орталықтарымен қоса, «виртуалды ассистент» қызметі қосылды. Яғни біздегі мамандар мемлекеттік қызмет алушыларға бейнеқоңырау арқылы кеңес бере отырып, қызмет алушылардың мобильдік нөмірін арнайы базаға тіркейді.

Биылғы жаңалық — әлеуметтік сала бойынша  мемлекеттік қызметтер — асыраушысынан, еңбекке қабілеттіліктен, жұмысынан айырылу және мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау, бала туу мен бір жасқа дейінгі бала күтіміне және «Алтын алқа», «Күміс алқа» марапатын алған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға қатысты қызметтер проактивті түрде көрсетіліп жатыр. Бұл дегеніміз — ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында бірнеше қызметті қатар алу. Сондай-ақ зейнетақы төлемдерін проактивті нұсқада тағайындау пилоттық жобасы да жүзеге асырылу үстінде. Жуырда жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындау мемлекеттік қызметін де осындай автоматты тәсілмен ұсыну жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, пандемияның әсерінен электрондық үкімет порталына сұраныс артты десек болады. Біздегі мамандар да бұны өз деңгейінде меңгеріп алды. Бірақ дәстүрлі жұмыс істеу режимі — келушілерге тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсету де қалыс қалған жоқ.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Үкіметтің 2017 жылдың 12 желтоқсанындағы №827 қаулысымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.

Бағдарламаның басты мақсаты — цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру.

— Сөзіңіз аузыңызда, пандемия көптеген мекемелердің жұмысына, жалпы қызмет көрсету саласының қай-қайсысына да кері әсерін тигізбей қоймады. Індет жайлаған кезде корпорацияның өңірдегі өкілдігінің тынысы қалай болды?

— Иә, бұл жағдай бәрімізге де әсер еткені сөзсіз. Көптеген келеңсіз жайттарға да тап болдық. Әлгінде қызметкерлердің жұмысы онлайн режимде жалғасқанын айттым. Еліміздегі ахуал бірте-бірте реттеліп келе жатқандықтан, халықты  электронды кезекті брондау арқылы қабылдап жатырмыз.

— Әлеуметтік желілерден, редакциямызға хабарласқан оқырмандар тарапынан да «халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тұралап қалды» деп сын айтқандар, ұзын-сонар кезекке шағымданғандар көп болды. Екінші толқын қайталанса, әлгіндей оқиғалар болмай ма?

— Ондай болмайды деп үміттенеміз. Егер күдігіміз расталса, тұрғындарға электрондық үкімет порталы, telegram мен egov-mobile мобильдік қосымшалары және call-орталық көмекке келеді. Алғашқы кездегідей емес, мамандардың тәжірибесі де бар.

— Былтыр телеграм-бот арқылы ең жиі қолданылатын және азаматтарға арналған 25 түрлі қызмет көрсетілетінін хабарлаған едіңіз. Дүниежүзіндегі жағдайға байланысты бұның саны өскен шығар? 

— Иә, жылдан-жылға аталған қызметтер жетілдіріліп келе жатыр. Мысалы, қазіргі таңда телеграм-бот арқылы 33 қызмет түрі көрсетіледі. Сонымен қатар eGov mobile қосымшасы арқылы 71 қызмет түрі  ұсынылса, Вконтакте, Facebook мессенджелері арқылы электрондық анықтамалар алу мүмкіндігі бар.

— Осы орайда, сіздің ойыңызша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының облыстағы игерілуі қандай?  

— Бұрынғыдай емес, азаматтардың электрондық қызметтерге қызығушылығы артып келе жатыр. Пандемия кезінде тіптен күрт өсті. Бұл жағынан жастар жағы белсенді. Бір ғана дерек, бұрын облыстағы бөлімшеге электрондық цифрлық қолтаңба алу үшін күніне 300-500 ақтөбелік келсе, қазір бұлардың саны екі есеге азайды. Осының өзі бағдарламаның оңды әсері болғанын аңғартады.

Жалпы, аталған бағдарламаның өңірдегі дамуы — атқарушы биліктің құзырындағы шаруа. Біз тек электрондық қызметтерді пайдалану көрсеткіштерін назарға ала отырып, өз тарапымыздан болжамымызды айта аламыз.

— Электрондық цифрлық қолтаңба демекші, оны қолдану оңай болғанымен, алу қиын. Жаңарту үшін міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталықтарына барасың, оның өзі бірталай уақытты алады…

— Жыл өткен сайын бұл қайта жеңілдетіліп келе жатыр. Өйткені бұрынғыдай бізге келуі міндетті емес. Онлайн режимде алса болады. Ол үшін тек «жеке кабинетіне» кіріп, қажетті амалдарды орындаса жеткілікті. Ескере кететін нәрсе: ұялы телефон нөмірі біздегі жүйеге тіркелуі керек. Әйтпесе үйден шықпай-ақ цифрлық қолтаңба алу мүмкін емес. Бейнеқоңырау арқылы виртуалды кеңесшілермен байланыс орнатуы да қажет. Егер бұның барлығы қиынға соқса, халыққа қызмет ету орталықтарына жолықсын.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!

ЕНДІ EGOV.KZ АРҚЫЛЫ ДОНОРЛЫҚПЕН КЕЛІСУГЕ/БАС ТАРТУҒА БОЛАДЫ

eGov.kz порталында трансплантация үшін дене мүшелерін «сыйға тартуға» келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет қолжетімді болды.

Ол үшін электрондық үкімет порталындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне тіркеліп, «Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзалардың бөлігін) алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде ерікті түрде қайырымдылыққа келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі пайдаланушы өтініш түрін таңдайды: «Келісімді қайтарып алуды тіркеу» немесе «Келісімді тіркеу».

Осы жылдың мамыр айында заңға түзетулер енгізілді, бұл халық арасында үлкен қолдау тапты. Бүгін халықтан алынған кері байланысты ескере отырып, органдарды алуға келісімді рәсімдеуге немесе бас тартуға мүмкіндік беретін қызмет әзірленді. Бұрын ол үшін тіркелген емханаға барып, өтініш жазу қажет еді.  Қазір үйден шықпай-ақ жасай алады, — деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.

— Облыстағы қанша тұрғынның ЭЦҚ-сы бар? 

— Бұл бойынша бізде нақты статистика жасалмайды. Өйткені онлайн режимде алғанның бәрін есепке алу мүмкін емес. Бірақ осы жылдың 9 айында облыстағы қызмет ету орталықтарына арнайы келген 171220 жерлесімізге электронды қолтаңбаның берілгені жөнінде мәлімет бар.

— Сұхбатымыздың соңында ақтөбеліктердің цифрлық сауаттылығы туралы не айтар едіңіз? Интернеттің нашарлығы, әлде жүйенің әлі де дамымағанынан бұл тараптағы сауаттылығымыз төмен сияқты…

— Өсу бар. Егде жастағы, үйінен шыға алмайтын азаматтар мамандарымызды үйіне шақырта алады. Ал 30 жасқа дейінгі тұрғындардың сауаты тіптен жоғары дер едім. Сондықтан бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Ең бастысы, бір орында тұрған жоқпыз, адамдар уақытын үнемдеу үшін интернеттің игілігін барынша пайдалануға құштар.

Сұхбаттасқан Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button