Экономика

Сүт фермасы салынып жатыр

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған шаруаның бірі — Мұхамбетхан Қарсақов. Қазір ол Мәртөк ауданының Тәңірберген округіне қарасты Кеңсахара аумағында мал шаруашылығын дамытып отыр. 2012 жылы 10 сиыр сатып алады. Ірі қараның санын көбейтіп, қазір 730-ға жеткізді. Сиыр сауып, сүтін «Айс» фирмасына және базарға тапсырады. Бүгінгі күні литрі — 150 теңге. Ал етін базарға өткізеді. Сиырдың барлығы сүтті және етті тұқымнан болғандықтан, өнім мол. Кәсіпкер шаруашылығын осылай жандандырып отыр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алып, қожалық жұмысын кеңейтіпті. Ал биыл «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 138 миллион теңге несие алып, 277 сиыр сатып алған.

— Қазір күн суытты, қысқа азықты дайындап алдық. 1200 сауын сиырға арналған сүт фермасын салып жатырмыз. Келер жылы цех іске қосылады. Сол кезде өнімді сыртқа жібермей, өзіміз шығарамыз. Сүзбе, ірімшік, май, қаймақ секілді 18 түрлі сүт өнімін шығармақ ойымыз бар. «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамына 530 миллион теңгеге техникаға тапсырыс беріп қойдық. Техника жақсы болса, шаруа да жүреді. Бізді қинайтын осы мәселе, — деді қожалық басшысы.

Қазіргі таңда қожалықта 28 адам жұмыс жасайды. Барлығы уақытында еңбекақыларын алып отыр. Сүт цехы іске қосылғанда тағы 15 жұмыс орны ашылады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button