Басты жаңалықтарДенсаулық

Коронавирус: екінші толқынға дайынбыз ба?

Әлемнің бірқатар елдерінде індеттің екінші толқыны жүріп жатыр. Ресейдегі ахуал да мәз  емес. Соңғы аптада вирус жұқтырғандардың барлығы көрші елге барып келгендер. Ал облыстың емдеу мекемелері екінші толқын бола қалған жағдайда қамсыз қалмас  үшін дайындық жұмыстарын жаздан бастады.  Ақтөбе медициналық орталығының мамандары  коронавируспен күреске әзір. Орталықтың медициналық қызметтер сапасын бақылау жөніндегі директоры Светлана Ағзамова бірінші толқын кезіндегі кемшіліктердің барлығы ескерілгенін айтты.

Дәрігерлер дайын

Індет басталған кезде түрлі қиындықтардың болғаны рас. Оттегі, дәрі-дәрмек жетіспеушілігі және өзге де мәселелер болды. Сол кемшіліктер мен қателіктерден сабақ алдық. Қазір екінші толқынға толық дайынбыз. Ақтөбе медициналық орталығы замануи үлгіде салынғандықтан өзге емдеу мекемелеріндегідей оттегі баллондарын әр қабатқа тасып жүрмейміз. Тек жансақтау бөлімі емес, барлық палаталарда науқасты оттегімен тыныс алдыруға болады, яғни әр  кереуетке  оттегі құрылғысы келіп тұр. Сондай-ақ екі жарым айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар, — деді Светлана Ағзамова.

Медициналық орталықтың қабылдау бөлімінен бастап барлық жерде оттегімен демалуға мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, қабылдау бөліміндегі науқастарды қарайтын  әрбір ширманың, яғни перденің жанына оттегі концентраторы қойылған. Бөлімнің аға медбикесі Жанар Қоңырбаеваның айтуынша, жылжымалы концентратор тыныс алуы қиындаған науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге ыңғайлы.

Бірінші толқын кезінде дәрігерлер тәжірибе жинады. Екінші толқын бола қалса, алғашқы кездегідей қиындықтар болмайды деп ойлаймын. Қазір аурухананың хирург, нейрохирург, кардиолог, лор секілді дәрігерлері  қайта мамандандырудан өтті. Олар пневмонияға шалдыққан науқастарды хаттама арқылы емдей алады. Емдеу хаттамасына да жиі  өзгерістер еніп жатыр. Оның барлығы дәрігерлерге сол күні айтылып, олар арнайы оқудан өтеді. Бір сөзбен айтқанда, медициналық орталық індеттің екінші толқынына толық дайын. Әрине, індеттің өршімеуі тұрғындарға байланысты. Қоғамдық көлікте, көпшілік жиі жиналатын орындарда медициналық бетперде тағып, антисептик қолданып жүру керек. Мүмкіндік болса, артық жүрісті доғарған дұрыс. Себепсіз ешқайда бармаған жөн. Егер осы талаптарды сақтасақ, ауру өршімейді, — деді Светлана Ағзамова.

Аурухананың ішінде санитарлық талаптар қатаң сақталған. Есіктен кіргеннен бастап әрбір бұрышқа антисептик құтысы қойылған.

77 жасанды тыныс алдыру аппараты бар

Өкпесі қабынған науқасқа алдымен оттегі қажет. Аруханадағы 6 тонналық оттегі танкеріне қосымша тағы 8 тонналық танкер әкелінген. Қазіргі күні орталықта 14 тонна оттегі танкері бар. Жасанды тыныс алдыруға арналған  77 аппарат дайын тұр. Оның  38-і жақында әкелініпті. Біз барғанда жаңа аппараттар қораптан шығарылып жатты. Бұл аппараттарды Қазақстан мен Түркияның бірлескен компаниясы шығарған.

— Аппаратты қалай пайдалану керек, оның мүмкіндіктері қандай осы және өзге де жағдайлар бойынша оқудан өттік. Бұл аппараттар жансақтау бөліміндегі 18 палатаға қойылады. Егер науқас көбейсе, кереуеттердің санын арттырамыз, қосымша резервтегі бөлмелерді іске қосамыз, яғни барлық мүмкіндіктер  қарастырылады. Өкпесі қабынып өлім мен өмір арасында жатқан науқасқа бес минуттың ішінде оттегі жетпесе, миы өліп кетуі мүмкін. Сондықтан науқас ауыр халде түссе, бірден аппаратқа қосылады. Ауыздан трахея түтікшесін кіргізіп, бронх арқылы екі өкпені жасанды түрде тыныс алдыртамыз. Түтікшенің ұзындығы 20-24 сантиметр аралығында болады. Науқастың жағдайына байланысты қойылады. Сондай-ақ аппараттың тағы бір мүмкіндігі бар. Түтікшені салмай-ақ бетперде арқылы сыртыннан тыныс алдыруға болады. Бұл жағдайы аса ауыр емес науқастарға қолданылады, — деді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Камалхан Ермағанбетов.

Індет өршіген тұста аппаратқа таңылғандар көп болыпты. Егде жастағылардан бөлек жасы он сегізден асқан жастар да аппараттың көмегімен тыныс алған. Камалхан Ермағанбетов вирустың жас талғамайтынын, сондықтан тұрғындар барынша сақтанып жүру керектігін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button