Тарих

Ірі істердің үлескері еді

Мағыналы өмір деген ұғымның нақты мазмұны адамға қызмет ету болса керек. Адамды адам етуге жұмсаған еңбектің, оған жасаған жақсылықтың кешегісі, бүгінгісі болмайды. Жақсының өнегесі қашан да мәңгіліктің көшіне ілесіп өмір сүре береді. Сондай жақсы адамдардың бірі, Шалқар өңіріне есімі етене таныс ардагер ұстаз Жексенбай Шүйтенов еді.

Ол 1962 жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы Шалқар қазақ орта мектебінде, Шалқар мектеп-интернатында, Сарыбұлақ сегізжылдық мектебінде, Жаңақоныс кеңшарындағы Калинин атындағы орта мектепте тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып қызмет атқарды. Жарты ғасырға жуық ғұмырын жас ұрпаққа білім-тәрбие беруге жұмсаған ұстаз өз ісінің білгірі, беделді азамат болатын. Жекеңнің адамдық, азаматтық тұлғасы жөнінде әртүрлі басылымдардың беттерінде бірнеше мақалалар да жарияланды. Солардың бірі жорналшы Жанғабыл Қабақбаев өзінің «Айбыны бөлек аға еді» деген мақаласында ардагер ұстаз туралы: «Жексенбай ағамыз да көпке ұйытқы болған ажарлы шоғырдан еді. Шалқардың құнарлы топырағында туып-өсіп, балғын күнінен абыз ақсақалдардың қазақуар қылығын, даладай дарқан мінезін көріп бойға түйген ол абзал мамандық — мұғалімдікті қалады» дей келіп: «… оны елге танытқан ұстаздық жолы. Алдынан тәлім алып шыққан шәкірттердің басым көпшілігі қайда жүрсе де жайдары қалпынан ауытқымаған, жаңалыққа жаны құмар, өзге ортада жылт еткен жақсы істі өзі қызмет еткен мектебіне әкеліп, оқу-тәрбие процесіне енгізгенше дегбір таппайтынын ағайын ұмытқан жоқ»,— деп жазды. Ал оның замандастары сол кездегі оқу министрлігінің мектепте білім беру процесін жақсарту шараларына қатысты шыққан бұйрық-жарлықтарының қайсысы қай күні, қайда шыққанына дейін жаңылмай айтушы еді деп еске алады.

Жекең алдынан өткен мыңдаған шәкірті өмір жолының сан тарау соқпақтарына түсіп кеткеннен кейін де сырттай сұрастырып, солардың өмір-тіршілігін бақылап отыруға тырысатын. Олардың табыстарына қуанып, сүрініп кеткен жерлері болса ауыр ойланып қалатын. Отыз жылдан астам уақытқа созылған ұстаздық жолының жиырма жылын мектеп директоры болуға арнады. Бұл — адам ақылы мен парасаты, жігер-қайраты сынға түсіп, өз құныңды көрсететіндей-ақ уақыт. Ұжым басшысы ретінде мақтау да естіді, біреулердің пендешілігіне көңілі қалған кездері де жоқ емес. Ренжісе де кек тұтпады. «Өрі бар жердің еңкіші неге болмасын!» — дейтін, ондайда өзін-өзі жұбатып. Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған ардагер ұстаз осы ұзақ өмір марафонын жаңылмай жүріп өтті.

Көпті көрген ұстаз «Наурызбай-Қаржау шежіресі» еңбегінде өзінің ұстаздық жолға қалай түскені жөнінде былай деп ағынан жарылыпты: «Біз көп нәрсені «әкем біледі» деп өскен ұрпақтың өкіліміз. Мектеп бітіріп, жоғары білім алу қажеттілігі туғанда әкеммен ақылдасқаным күні бүгінгідей есімде. Біздің ел көбінесе мал шаруашылығымен шұғылданатындықтан, қатарластарымның көбі ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына қатысты жоғары оқу орындарына аттанып жатқан соң, мен де әкемнен: «Әке, қай оқуға барайын?» — деп сұрадым. Өмір бойы малмен көзін ашқан әкемнің: «Сен де қатарластарың сияқты мал мамандарын даярлайтын оқуға бар», — деп айтатынына еш күмәнім болған жоқ. Бір күні маған ойлана қарап отырып: «Балам, бұл мал деген өте қиын, сен мұғалімнің оқуына бар», — деп бір-ақ қайырды. Мұғалімдік оқу деген үш ұйықтасам ойыма келмеген дүние еді, не деп жауап қайтарарымды білмей отырып қалдым. Менің таңырқап қалғанымды байқап: «Оқушы бала сенен жем сұрамайды, шөп сұрамайды», — деп сөзін жалғады одан әрі. Әкемнің бұл сөзінің мәнісін уақыт өте келе түсіндім. Өз басы малға жем-шөп жеткізе алмаудың ақырет екенін күнде көріп жүрген соң, балам мен көрген осы қиыншылықты көрмесе екен, жаз болса бетін күнге тілгізіп, қыста ақ қар, көк мұздың астында мал соңында бейнет шегіп жүрмесе екен деген ақ тілегі екен ғой қайран әкенің! Ақыры әке ақылын алып, мұғалімдік оқуға түстім. Бүкіл өмірім халық ағарту саласында өтті. Оқушы бала мұғалімнен жем-шөп сұрамағанымен, білім, тәрбие, ақыл-парасат сұрайтындығын, өзге де атан түйе тарта алмас жауапкершілігі бар екендігін бір кісідей бастан кешірдік қой. Ұзақ жылдар бойы мыңдаған шәкірттерге тәрбие, білім беріп олардың еліміздің саналы азаматы болуы үшін бар күш-жігерімді аямадым»,— депті.

Жекеңнің ұйымдастырушылық қыры жөнінде де талай мысал келтіруге болар еді. Шалқар қаласындағы №1 орта мектепте директор болып жүргенінде жаңа ғимаратқа қоныс аударған кездер. Бірін тапсаң, бірі жоқ. Мектеп директорының кезек күттірмес жұмыстарына қоса-қабат құрылыс инженері де болып кете жаздаған жоқ па?…

Бірде Жекеңнен: «Аға, осы мына інілерімнің аттары ақын-жазушылардың аттары сияқты…» дегенімде: «Өзі де солай, тұңғышым Асқардың есімін ардақты ақын Асқар Тоқмағамбетовтің, Сәкеннің есімі Сәкен Сейфуллиннің, Сәбитті Сәбит Мұқановтың, Мұхтарым Мұхтар Әуезовтің құрметіне қойылған», — деуші еді. Әдебиетті, ақын-жазушыларды жанындай жақсы көретін жандардың барлығы бірдей бауыр еті балаларына бір-екі атақты адамның есімін қойса қояр, ал төрт баласына бірдей қаламгерлердің есімдерін бере бермесе керек. Осы ісінің өзінен-ақ Жексенбай ақсақалдың азаматтық тұлғасы менмұндалап тұрғанын көруге болады. Иә, ол кісі өз мамандығы тарихпен бірге әдебиетті де сүйетін. Екеуін қазақ есі мен қазақ жадының қос қанатындай көретін. Жекеңнің құтты қоныс шаңырағында болғандар оның бір бөлмесінің бір қабырғасын тұтас алып тұрған тарихи еңбектерге қоса қазақ ақын-жазушыларының үлкенді-кішілі кітаптарын да көрер еді. Мамандығы тарихшы бола тұра, тарихты тарихи шығармаларсыз қабылдай алмайтындай еді. Қазақ поэзиясына да көз қырын салып отыратын. Жекең классик қаламгеріміз Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап — алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті» деген ұлағатты сөзін ұстанған жан еді. Өзі де әр жылдары қоғамдық сұранысқа үн қосып, «Егемен Қазақстан», «Қазақстан мұғалімі», т.б. басылым беттерінде оқу-білім, бала тәрбиесі жөнінде мақалалар жариялап тұрды.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Ақтөбе қаласына қоныс аударып, облыстық еңбек ардагерлері қоғамдық ұйымының алқа мүшесі болды. Ара-тұра өмірінің мағынасына айналып кеткен тарихшылығын да есінен шығармады. Қазақ тарихының қазақ руларының тарихынан тұратындығы көп толғандырушы еді. Бірақ оны кеңестік кезеңде жазбақ тұрмақ, әңгімелеудің өзі қауіпсіз еместігін білетін. Көптен күткен тәуелсіздіктің арқасында оған да қолы жетті. Пісуі жеткен ой тасты да тесіп шығады. Ұзақ жыл толғанып жүрген ата-баба тарихына деген сүйіспеншілік қолға тағы да қалам ұстатты. Ардагер ұстаздың «жан сыры» — «Қаржау-Наурызбай шежіресі» еңбегі осылай жарыққа шықты. Жекеңнің өмірлік жан серігі — Гүлжаһан Жәнібекқызы ұстаз ағаның осы еңбегінің қалай жазылғаны жөнінде кітаптың алғы сөзінде: «Отағасы өзі тарихшы болғандықтан, өмірінің соңғы жылдарында ұлт тарихы, қазақ руларының тарихы жөнінде жиі толғанатын еді. Кейбір жастардың өзінің ата-бабалары кім болғанын, шыққан тегін білмей қалғанын байқап қалғанда қатты ренжитін еді. Осындай ойланып-толғанып жүрген күндерінің бірінде маған: «Мен ата-бабаларымыздың шежіресін жазайын, соңымыздан келе жатқан жас ұрпақ өзінің қайдан шығып, қайда бара жатқандарын біліп жүрсін» дегені бар еді. 2010 жылдары осы істі қолға алып, ата-бабаларының шежіресін қағазға түсіре бастады. Өзі танитын үлкендерден мәліметтер алып, кейбіреулеріне өздеріне қағазға түсіртіп, жинақтап жүретін. Ауырып-сырқап жүрсе де осы жұмысын тастамай жүрді», — депті.

«Адам таңертең ұйқыдан тұрғанда кешкісін басынан не өтетінін білмейді» — депті Лев Толстой. Болжаусыз өмірді кім болжай алған?! Бастаған еңбегінің кітап болып шыққанын Жекең көзі тірісінде көре алмай, бақилық болды. «Наурызбай-Қаржау» шежіресі тілектестерінің араласуымен ақыры жарық көріп, қазақ шежіретануына тағы бір жарқын бет болып қосылды.

Ұстаз ағаның даналық жасқа жеткендегі тындырған істері мұнымен бітпейді. Әсілі табиғатынан еңбекқор, «адам деген ардақты ат» ұғымында тәрбиеленген жандар қашан да адамға қызмет етуді өмірінің мәні деп түсінсе керек. Ақтөбе қалалық ардагерлер қоғамының алқа мүшесі бола жүріп, Жекең «ашылатын», «оңайлықпен ашылмайтын» емен есіктердің талайына кіріп, өзі сияқты еңбек ардагерлерінің әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуына көмек қолын созды. Оның ұзақ жылдарға созылған оқу-ағарту саласындағы еңбегі де елеусіз емес. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Ұлы Жеңістің 60 жылдығы», Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілермен, республикалық, облыстық, аудандық дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталды.

Өмірі өлшеулі болса да, елге адал қызмет еткен ардагер ұстаз есімі мәңгі ұрпақтар есінде сақталады.

Айта кету керек, осы аптада Шалқар қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясында Жексенбай Шүйтеновке ескерткіш-тақта орнатылады.

                                                               Алпысбай Тамаев,

                                                                  педагогика ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button