Әлеумет

Электронды-цифрлы қолтаңбаны тегін рәсімдеңіз

Бүгінде елімізде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды түрде рәсімделеді. Бірақ, қызметті электронды алу үшін электронды-цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Бұл ретте ЭЦҚ-ның не екенін білмейтіндер де аз болар?! Электронды цифрлық қолтаңба — әрбір азаматтың күнделікті шаруасына қажетті құрал, әрі ол электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайды.

Осы уақытқа дейін азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ЭЦҚ-ны рәсімдеуді және басқа да қызметтерді алуды әдеттеніп үйренген болатын.

Ал бүгінде азаматтар ЭЦҚ-ны алу мәселесіне келгенде басқа тұлғалардың көмегіне жүгінетіндіктері анықталуда. Соңғы уақытта ЭЦҚ мен түрлі анықтамаларды алып беретін, өзге де электронды қызметтерді ақылы түрде көрсететін тұлғалар саны артып отыр.

Мұндай ақылы көмек көрсететін  қызметтің пайда болуының негізгі себебі — «Азаматтарға арналған үкімет» Мемкорпорациясының осы жылдың мамыр айынан бастап мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа тұжырымдамасына көшуі.

Жаңа тұжырымдамаға сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Электронды үкімет» порталы арқылы қызмет көрсетуін тоқтатып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдарынан азаматтарға қызмет көрсетілмейтін болды.

Азаматтар өздеріне қажетті қызметтерді «Электронды үкімет» порталынан 1414 байланыс орталығы мен egov.kz порталының виртуалды көмекшісінің кеңестері арқылы өз үйлерінен, интернет клубтар мен қызмет көрсету бұрыштарынан, е-gov mobile, «Телеграм бот» мобильді қосымшалары арқылы тегін түрде ала алады.

Қазірде 15 қызмет түрі мен 7 портал сервисі «Телеграм бот» мобильді қосымшасымен, 61  қызмет түрі e-gov mobile қосымшасы арқылы қолжетімді.

Дей тұрғанмен, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған бұл тұжырымдама және енгізілген карантин жүйесі, керісінше, кәсіпкерлік ортадағы субъектілердің қосымша қаржы табуына себепші болды, өйткені халық арасында әлі де өз бетінше «Электронды үкімет» портал жүйесімен жұмыс жасай алмайтын азаматтарымыз бар. Қызметтерді жоғарыда көрсетілген тәсілдермен алуға болатындығын, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы азаматтарға ЭЦҚ-ны беру қызметін қайтадан  жалғастырғандығын хабарлаймыз.

Бұған қоса, Мемкорпорацияда халықтың осал топтары мен көпбалалы аналардың өздерінің электронды-цифрлы қолтаңбасы арқылы қажетті анықтамаларды алып беру қызметі жүзеге асырылуда.

Азаматтарды ЭЦҚ-ны жоғарыдағы тәсілдерден өзге жерлерде қызмет алудан қорғану қажеттігін естеріне саламыз. Себебі ЭЦҚ-ның бір нұсқасын «көмекшілер» өздеріне алып қалулары мүмкін. Оның арты неге ұласатынын айтпасақ та болады. Жеке мәліметтеріңіздің қауіпсіздігі — өз қолдарыңызда!

 Нұркамал ШАМИШЕВА,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша

департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button