Ауыл

Тігінші Фариза

Мемлекеттік бағдарлама

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017- 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында  Әйтеке би ауданында ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Бағдарлама іске асырыла бастағалы аудан бойынша, яғни соңғы үш жыл ішінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы бизнес негіздері жөнінде білім алып шыққандар көп. Солардың ішінде  84 адам қайтарымсыз грант иеленіп, жеке кәсіптерін бастап кетті. Оның ішінде 39 адам мал және құс шаруашылығын дамытуға, 17 адам ателье-салон, оқу орталықтарын ашуға, 4 адам түрлі тігін цехына, 3 адам кулинария бағытында кәсіп ашуға, 2 адам сүт өнімдерін өндіруге ден қойды. Сонымен бірге дөңгелек жөндеу және диагностикалау, жарнама агенттігін ашу, мерекелік кештерді безендіру, шаштараз, стоматология, инкубатор, жүн қырқу, жүн өңдеу, дәмхана, малды қолдан ұрықтандыру және басқа да халыққа қызмет көрсету саласын таңдағандар бар. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстар арқылы жүзден аса адам еңбекпен қамтылды.

Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланғанның бірі —  Т.Жүргенов ауылының тұрғыны Фариза Айбалтанова. Фариза  505 мың теңге жастар грантын иеленіп, өз кәсібін бастады. Бала кезінен тігін тігіп, мата қиюды жаны сүйетін ол осы істі кәсіпке айналдыруды армандады. Құрақ құрап, жамау тігетін Фариза сүйікті ісінен бір сәт қол үзген жоқ. Студент кезінде де,  аудандық пошта қызметінде жұмыс жасап жүріп те іс тігуден жалықпады. Тұрмыс құрған соң тігіншілікті жанына серік етті. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң бұл істі мықтап қолға алды. Шағын тапсырыстар қабылдап, аздаған тиын-тебен тауып жүрді. Сондай күндердің бірінде аудан жастарының көшбасшысы Нұргүл Сатанова Фаризаға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқуға кеңес берді. Осылайша Фариза кәсіпкерлік негіздері жайында сапалы білім алды. Бизнес-жоспарын дайындап, грантқа ұсынып, бағын сынады. Ондаған жоспарлар ішінен Фаризаның жоспары үздік танылып, қолдауға ие болды. Осылайша жастарға берілетін 505 000 теңге гранттың иесі атанды. Грант қаражатына 3 тігін машинасын сатып алды. Құралдарын сайлап алған Фариза істі бастап кеткен кезде облыста індет өршіді. Тапсырыс берушілердің қатары сиреді. Жұмыс тоқтап қалды. Шектеу шаралары аяқталған соң аудандық  жұмыспен қамту орталығы арқылы бір адамды жұмысқа алып, кәсібін қайта жалғастырды.  Дегенмен қазір де тапсырыс аз. Бірақ қиындықтан қорқып,  істі тоқтатуға болмайды.

Жалпы, Әйтеке би ауданында грант алып, кәсіп ашқандар көп. Биыл грантқа үміткерлерді іріктеу үшін 3-ші рет арнайы комиссия отырысы өткізілді.

Комиссия талқылауына 60-тан аса жоба ұсынылды. Жобаларын қорғаушылар өздерінің бизнес-жоспарларымен таныстырды. Нәтижесінде комиссия құрамы ұзақ та тиянақты талқылаудан соң үздік жобаларды мақұлдады.

Кәмшат  ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button