Денсаулық

Қор індетпен күреске 159 миллиард теңге бөлді

Қазақстандықтар коронавирус инфекциясы және пневмонияға шалдыққан жағдайда медициналық көмекті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан тегін алады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Болат Төкежановтың айтуынша, коронавирус инфекциясын емдеуге байланысты ТМККК және МӘМС пакеттеріне өзгерістер енгізілген.  COVID-19-ға  шалдыққан пациенттерге және инфекцияға күдікті жағдайда  мобильді бригада мен стационарлық қызмет үйге келіп көмек көрсетеді. Бұл қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандыққа арналған. Індеттің екінші толқыны болған жағдай тұрғындар көмекті тегін алады. Болат Төкежановтың айтуынша, қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы күреске  159 миллиардтан астам теңге  қарастырылған. Оның ішінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге —  50,5 миллиард теңге, эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемақыға -— 91,9, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге —  4,2,  үйдегі стационарда қызмет көрсетуге —  0,4, амбулаториялық деңгейдегі ПТР-ге -— 10, мобильді бригадалардың жұмысына 2,4 миллиард теңге бөлінеді. Наурыздан шілдеге дейін қор 36,9 миллиард теңгені емдеу, ПТР-тестілеу және мобильді бригадалардың жұмысына төледі. Оның ішінде 5,6 миллиард теңгеге 500 мыңға жуық ПТР-тест жасалды. Инфекциялық, провизорлық және карантиндік стационарларға емдеуге жатқызуға 31 миллиардтан астам теңге жұмсалды. Құрылған мобильді бригадалар шілде айында 43 мың үйге барған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button