Таным сабақтастығы
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры,
филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы
ДАНА ТҰЛҒАНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай өзінің «Абай аманаты» атты мақаласын жариялады. Жалпы, Елбасымыз өзінің ғұмырында әрдайым айтар ойын, қабылдар шешімін Абай сөздерімен өріп отырады. Осы орайда Абай өсиеті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолында шамшырақ, жол көрсетуші, құс жолы сияқты жұлдыздар шоғыры деуге болады.
«Абай аманаты» мақаласын оқи отырып, мұнда тоқталған жүрегімізге жақын алатын бірнеше мәселелерді атап өткім келеді. Мәселен, Елбасы өз мақаласында Құдайберген Жұбановтың «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» деген атақты мақаласынан үзінді келтіреді. Жалпы Абай — өз ортасының Данте сияқты адамы, яғни халықтың дәстүрлі сөздерін, таным жүйесін, мінезі мен бітімін түбірімен жаңаша түлеткен суреткер. Елбасының Құдайберген Жұбановтың осы мақаласына тоқталуы бұл қайыра абайтанушыларды, әдебиетте жүрген жас ғалымдарды «Абай — қазақ әдебиетінің классигі» атты мақалаға назар аударуына жетелейді деп ойлаймын. Өйткені Құдайберген Жұбановтың бұл мақаласы абайтануға бастама жасаған үлкен еңбек болатын. Өкінішке қарай, ғалым бұл еңбегін толық аяқтай алмай кетті. Егер Құдайберген Жұбанов ұзақ ғұмыр сүрген болса, ол абайтанушылардың бірі емес, бірегейі болар еді. Құдайберген Жұбанов пен Мұхтар Әуезов — абайтанудың ғылыми-теориялық методологиялық іргетасын негіздеген ғалымдар. Құдайберген Жұбановты осы бір ғана мақаласы арқылы абайтанушы ретінде тануға болады.
Биыл біздің қара шаңырақ — университетімізге 85 жыл толып отыр. Осы орайда Елбасының өз мақаласында Құдайберген Жұбановты ауызға алып, оған тоқталып өтуі кездейсоқ емес деп ойлаймыз.
Екінші мәселе — Құдайберген Жұбановтың Алаш арыстары ішінде ақталып шыққаннан кейін осы университетке есімін беруге үлес қосқан тұлғалардың бірі Мұхтар Арын болатын. Ол — Ақтөбенің рухани дамуына атсалысып қана қоймай, Абайды насихаттаған тұлға. Бұл жерде бір тағылымды сабақтастық жатыр. Бүгінгі күні Мұхтар Арынның «Бес анық» деген кітабы білім ордамызда руханият пәндері арқылы студенттерге оқытылуда.
Тағы бір айта кетер жайт, Елбасы еліміз егемендік алып, еңсесін түзеген тұста Абайдың 150 жылдық мерейтойы өткізілгені туралы өз мақаласында егжей-тегжейлі жазады. Негізінде, ұлы ақынның осы мерейтойын өткізуге, сол арқылы Абайды әлемге танытуда Елбасының қосқан үлесі зор.
Қорыта айтқанда, бұл мақаланың біздің университет үшін алар орны ерекше, әрі онда айтылған деректерімен құнды.