Білім

Өнегелі жол

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы айтқандай, бүгінде шәкірттерінің ерекше құрметіне бөленіп, елдің алғысын алып жүрген ардагер-ұстаздарымыз аз емес. Солардың бірі — Шайзада Ахметова.

Ардагер-ұстаз еңбек жолын 1974 жылы бұрынғы Қарабұтақ ауданындағы (қазіргі Әйтеке би ауданы) Т.Шевченко атындағы орта мектепте аға тәлімгер болып бастаған. Одан кейін тарих пәнінің мұғалімі, Қарабұтақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық партия комитетінің хатшысы, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарған.

1991-1999 жылдары облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау кеңесінің жауапты хатшысы, облыстық «Агрокадрлар» оқу-өндірістік орталығы директорының орынбасары, облыстық білім басқармасы техникалық құралдар бойынша әдістемелік кабинетінің директоры, облыстық экономикалық «Бизнес мектебі» директорының орынбасары, облыс әкімшілігі жанындағы мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау орталығының курс ұйымдастырушысы болып қызмет жасаған. Ал 1999-2005 жылдары Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектепке, 2005-2010 жылдары №36 қазақ орта мектебіне басшылық етті.

Ұзақ жылдар ұстаздық жолда үздіксіз еңбек етіп, зейнетке шыққан Шайзада Орынбасарқызының білім саласында жеткен жетістіктері орасан. Атап айтсақ, ол —Қазақстан коммунистік жастар одағының ХІV съезінің, ТМД және Қазақстан Республикасының білім беру қызметкерлерінің І съезінің делегаты. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Еңбек ардагері», Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілермен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыс, Ақтөбе қаласы әкімдіктерінің,  Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Қазіргі таңда Шайзада Ахметова – облыстық білім басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жанындағы «Шолпы» клубының мүшесі.

Саналы ғұмырында талай шәкіртті тәрбиелеп, олардың білімді, тәрбиелі болып шығуына зор еңбек сіңірген ардагер-ұстаздың өмірі — бүгінде көпке үлгі, жастарға өнеге.

Д.ҚАЗИХАН,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button