Спорт

«Ақтөбенің» үшінші жеңісі

Бірінші лига

Сәрсенбі күні бірінші лиганың бірінші конференциясында алтыншы тур ойындары өтті.

Бұл жолы жерлестеріміз «Арыс» командасымен кездесті.

Ақтөбеліктер бірден-ақ гол соғудың қамын қарастырды. Сондай сәттердің бірінде, 7-минутта Бобан Джорджевич сол қанаттан жасаған соққыны арыстық қақпашы Дәурен Тоқмағамбетов, обалына не керек, оң қанатқа қарай қайтарып үлгерді, бірақ дәл сол жерге келе қалған Максим Самородов допты қақпаға қайыра теуіп енгізді де жіберді.

Ал 44-минутта қонақтар есепті теңестірді. Бұрыштамадан тасталған пасты арыстық футболшы Стэнли Нкобие тамаша пайдаланып кетті.

Ойынның бірінші бөлігі осы есеппен аяқталды.

Екінші таймда екі команда да есепті ұлғайтуға тырысып бақты. Бірақ қақпа құлпын ашар кілт табыла қоймады. Осындай сәттердің бірінде алаңға 77-минутта шыққан ақтөбелік Ардақ Сәулет нысананы дәл көздеді. Қақпаның оң қанатында жүрген ол Никола Цуцкич арқылы келген допты еш кідіріссіз тепті де, арыстық қақпашыны қапы қалдырды.

Осылайша «Ақтөбе» бес кездесудегі үшінші жеңісіне қол жеткізді.

«Арыс» — «Ақтөбе» — 1:2

Гол авторлары: Максим Самородов, 7-минут (0:1); Стэнли Нкобие, 44-минут (1:1), Ардақ Сәулет, 88-минут (1:2).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Жасур Нарзикулов, Куасси Куаджа (Рустам Темірхан, 52-минут), Бобан Джорджевич, Әлішер Әжімов, Есен Жасанов (Никола Цуцкич, 52-минут), Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков (капитан), Максим Самородов (Ардақ Сәулет, 77-минут), Рифат Нурмугамет (Андрей Часовских, 67-минут), Георгий Бурнаш, Олег Чернышов (Владислав Прокопенко, 77-минут).

Резервте болғандар: Евгений Ситдиков, Антон Шурыгин, Рустам Сахибов, Нұрболат Батырханов, Жамбыл Көкеев, Демият Сламбеков, Тәуіпбек Орналин.

30 қыркүйек 2020 жыл. «БИІК» спорт кешені, Шымкент. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Қыран» — «Мақтаарал» — 1:2

Гол авторлары: Рамазан Абылайхан, 50-минут (0:1), Жақып Қожамберді, 53-минут (1:1), Драмане Коне, 66-минут (1:2).

«Екібастұз» — «Алтай» — 0:0

*   *   *

Бірінші айналымдағы алты турдан соң бірінші орында «Қыран» (Түркістан) командасы келеді — 13 ұпай.

2-орындағы «Ақтөбенің» 11 ұпайы бар. Жерлестеріміз екі рет тең ойнап, үш рет жеңіске жетті.

7 ұпайдан жинаған «Арыс» (Арыс) пен «Мақтаарал» (Атакент) 3-4 орындарды бөлісіп тұр.

5-6 орындардағы «Алтай» (Семей) мен «Екібастұз» (Екібастұз) 5 ұпайдан жинады.

Көш соңындағы «Байқоңырдың» (Қызылорда) 1 ұпайы ғана бар.

Ескерте кететін жайт, «Қыран» — алты кездесу, ал қалған командалардың барлығы бес кездесуден өткізді.

VІ тур ойындары 3 қазан, сенбі күні өткізіледі:

«Екібастұз» — «Байқоңыр»

«Арыс» — «Мақтаарал»

«Ақтөбе» — «Алтай»

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button