БілімМереке

Ұстаздық еткен жалықпас…

4 қазан — мұғалімдер күні

Алдағы жексенбі — Дүниежүзілік мұғалімдер күні. Әлемнің жүзден астам елі дәл осы күні ұстаздар мерекесін атап өтеді.

Бүгінгі күні облыста жас ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып жүрген 20 мыңға жуық педагог бар. Атап айтсақ, 18200 педагогтің 16360-ы — пән мұғалімдері. Сондай-ақ облыс бойынша жоғары санатты ұстаздар саны — 8576,  жаңа жүйедегі санаттар бойынша педагог-шеберлер саны — 45, педагог-зерттеушілер саны — 2305, педагог-сарапшылар саны — 2460. Қазіргі таңда аталған санаттағы ұстаздардың барлығы 30-50 пайыз көлемінде үстемеақы алады. 

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, бүгінгі күні облыста ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Педагог кадрлардың кәсібилігін және мұғалімдер беделін арттыру, шығармашылық еңбегін бағалау және оларды қолдау аясында бұған дейін үш жыл ішінде облыстың 15 педагогі республика бойынша «Үздік педагог» атағын иеленіп, арнайы сыйақымен, төсбелгімен марапатталған.

Ұстаз — барша адамзат тарихындағы қоғам дамуының, ұрпақ пен ұлттың болашағына, жүрер жолына сәуле түсіретін шамшырағы. Елімізде қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның да мақсат-міндеті — жас ұрпақтың болашағының жарқын болуы үшін ұстаздарға жан-жақты қолдау, құрмет көрсету. Осы орайда биыл «Педагог мәртебесі» туралы Заңның 9-бабы 4-тармағына сәйкес педагогтерге төсбелгі мен құрметті атақ беру бойынша облыс әкімдігінің биылғы жылдың 14 қыркүйекте бекітілген №336 қаулысы шықты. Бұл жөнінде барлық білім беру ұйымдарына хабарлама хат, әлеуметтік желілер арқылы хабарландырулар таратылды. Қазір осы байқау бойынша білім беру ұйымдарынан түскен ұсыныстарды қаулымен бекітілген комиссия қарап жатыр. Аталған қаулыға сай, үздік педагогтерге «Ақтөбе облысының үздік педагогі» төсбелгісі және 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы, ал «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» құрметті атағына ие болған педагогтерге 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы беріледі. Үздік ұстаздарды іріктеуді арнайы комиссия жүргізеді, — дейді Г.Сүлейменова.

Оның айтуынша, биыл маусым айындағы жаңа үлгідегі аттестаттауға білім беру мекемелерінің 3 мыңнан астам (жалпы пән мұғалімдерінің 18,5%-ы) пән педагогтерінен өтініш келіп түскен. Оның ішінде 1347 мұғалім тесттен оң нәтиже алып, аттестациядан өткен. Бұл педагогтердің жалақыларына биыл 1 қыркүйектен бастап 30-50 пайыз үстемеақы қосылып отыр.

Сондай-ақ бүгінгі күні облыстың білім беру ұйымдарына жас мамандарды тарту және тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, биыл түлектерді жұмысқа алдын ала бөлу Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде, Ақтөбе гуманитарлық колледжінде жыл сайынғы дәстүр бойынша сәуір айында өткізілген.  Жоғары оқу орындарынан 300-ден астам түлек және кәсіптік арнаулы колледждерден 200-ден астам түлек жұмысқа орналасуға ұсынылды.

Биылғы жаңа оқу жылында орыс мектептерінде математика пәні мен бастауыш сынып мұғалімі, ал қазақ мектептерінде математика, орыс тілі, химия, ағылшын пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Бұл мәселе алдағы уақытта жергілікті оқу орындары түлектері есебінен шешілмек.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button