Білім

Кабинеті бар орденді мұғалім

Дүниедегі мамандық атаулының төресі — ұстаздық. Өйткені небір ұлағатты ой иелері де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол — қолға алғаш әліппе ұстатқан, одан кейін білім мұхитына бағыттаған мерейі үстем мұғалім.

Бигелді Қожахметов — қырық жылдан астам ұстаздық қызмет атқарған, осы жолда тәлімгерліктің қызығы мен қиындығын, сәттілік пен сәтсіздіктерін, жеңісі мен кедергісін көрген жан. Бір кездері ауылдағы білім ұясына жас маман болып келген ол жылдар өте ұлағатты ұстаз болып қалыптасты.

Жоғары санатты, өз ісін жетік білетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі алдынан шыққан көптеген түлектері оның жолын жалғастыруды қалады.

Бигелді Сахатұлы өзінің ұстаздық қызмет жолында еліміздің ертеңі — жас ұрпаққа терең білім мен сапалы тәрбие беруде үлкен еңбек сіңірді. Сонымен қатар кеңестік заман кезінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауыл шаруашылығын көтеруде белсенділік танытты. Оның бастамасымен оқушылар өндірістік тәжірибеге тартылды, шаруашылықтың науқандық жұмыстарына қол көмегін тигізді.

Аудандық «Еңбек таңы» газетінің штаттан тыс тілшісі бола жүріп өзекті мәселелер туралы ой толғап, үнемі өзіндік пікірі мен көзқарасын әлеуметтік ортада білдіріп жүрді. Еңбек нәтижесінің көрсеткішіне қарай марапаттарға да ие болды, кеудесіне ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені тағылды, Білім министрлігінің Құрмет грамотасы берілді.

Кеңпейілді, ашық мінезді, әрқашан адамға болсын деп тұратын осы бір білімді,  қайырымды жанмен қызметтес болғанымызды біз әрдайым мақтаныш етеміз. Ұстаздық жолында талай асуларды бағындырып, осы жолда биік белестерден өткен өзін де, өзгелерді де жақсылыққа жетелеген парасатты ұстаз бүгінде зейнеттік демалыста.

Біздің мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті ардагер-ұстаз Бигелді Қожахметовтің атында. Заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын кабинет жоғары деңгейде жабдықталған. Ұлағатты ұстаздың өзі де түрлі әдебиеттер мен оқулықтарды жеткізіп, жас буынның жан-жақты дамуына үлесін қосып келеді.

Ал отбасында Бигелді Сахатұлы Несібелі апаймен бірге үш баланы тәрбиелеп, өз ұл-қыздарының да білім алып, дүниенің бір кетігіне кірпіш болып қалануына бағыттады.

Гүлнара САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ,

Қайыңды орта мектебі директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Мұғалжар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button