Рухани жаңғыру

Зерттеу және зерделеу

Ә.Молдағұлова атындағы  мемориалдық музейде «Сапура Мәтенқызы —  тарихи тұлға» тақырыбында тарихи-танымдық шара ұйымдастырылды.

Мақсат — қазақ халқының азаттығы үшін күрескен  батыр қыз Сапура Мәтенқызы туралы тарихи деректерді, фото және бейнематериалдарды жинақтау, «Тарихи тұлға» тарихи-танымдық зерттеу экспедициясының жұмысын  қорытындылау.

Бұған дейін облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының мамандары, облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлері, ақын-жазушылар және өлкетанушылар мен тарихшылар қатысқан экспедиция ұйымдастырылған болатын. Негізгі мақсат — 1775-1776 жылдары Сапура Мәтенқызы бастаған қозғалыс болған жерлерімен   жүріп өту, зерттеу, деректер жинау.

Экспедиция мүшелері  Қобда ауданының Жиренқопа, Көк үй ауылдарында болып, Қиыл,  Қобда өзенінің Елекке құяр тұсына дейін барды. Бұл жолғы шарада сол сапарда жинақталған материалдарды зерттеушілер ортаға салып, қорытындылады.

Жиында батыр қыз туралы тарихи деректер ортаға салынды. Қатысушылар бір- біріне сұрақтар қойып, деректерді талқылады. Алдағы жоспарлар мен атқарылатын жұмыстар айтылды.  Мәселен, алдағы уақытта Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасованың бастамасымен Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Сапура Мәтенқызының батырлығын, қайсарлығын дәріптейтін көрініс қойылмақ. Сонымен қатар Қобда ауданында және Ақтөбе қаласында Сапура Мәтенқызы атына көше беру, есімін ұлықтау жұмыстары жүрмек. Негізгі шаруалар келер жылы қолға алынады.  Шараның соңында жиналғандар  музей басшысы Лена Сәрсенәліқызына үлкен ризашылықтарын білдірді.

Жалпы зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта осы тақырыпты зерттеп жүрген тарихшы, жазушы, әдебиетші және  журналистер қауымының басын біріктіріп, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру, жинақ шығару жұмыстары қолға алынбақ.

Қуанарлық жайт, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты Нұржан Жетпісбай Сапура Мәтенқызы туралы Орынбор архивінен алынған ескі орыс тілінде жазылған деректерді ақтөбеліктерге табыс етті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев осы деректерді орыс тіліне аударту жұмыстарын өз қолына алатындығын айтты. Биыл батыр апамызға арналған шаралар  желтоқсан айында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қорытындыланады.

 Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button