Абай — 175Мәдениет

«Ақтөбеде Абай ескерткіші ашылады»

Халықтың рухани жаңғыруы, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлер мен ұлттық мәдениеттің сақталуы, ұлт тарихының насихатталуы мәдениет саласындағы жұмыстардың дұрыс жолға қойылуымен тікелей байланысты. Биыл өңірімізде осы саладағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында көптеген іс-шаралар жоспарланған еді. Дегенмен әлемді шарпыған індеттің бұл жоспарды толықтай іске асыруға кедергі болып отырған жайы бар.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаевпен осы саланың бүгінгі тыныс-тірлігі, алға қойылған мақсат-міндеттері жөнінде сұхбаттастық.

— Биыл, әсіресе, ұлы Абайдың 175 жылдық, ғұлама бабамыз әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын және Алтын Орда мемлекетінің құрылғанына 750 жыл толуын кеңінен атап өту көзделген еді. Осы мерейтойлар аясында 160-тан астам шара жоспарланды. Пандемияға байланысты олардың көпшілігі кейінге қалдырылғаны белгілі. Енді жыл соңына дейін жүзеге асырылады деп күтілетін шаралар жөнінде білсек?

— Елдік мұраттарды, ұлт бірлігін көксеген ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, бүкіл әлемге «екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің, сондай-ақ Ақтөбе топырағының даңқты перзенттері — Әлия Молдағұлованың, Нұрпейіс Байғаниннің мерейтойлары, басқа да мерейлі даталар шеңберінде көпшіліктің көңілінен шығатын мазмұнды шараларды көбірек өткізу, расында, биылғы жылдың жоспарында айрықша көзделген еді. Бірақ, өкінішке қарай, тұтқиылдан киліккен індет салдарынан жоспарланған шараларды алаңсыз іске асыруға мүмкіндік болмады. Қазір жылдың соңғы тоқсанына  беттеп келеміз, уақыт тығыз, сондықтан енді жүзеге аспаған іс-шараларға бөлінген қаражатты бюджетке кері қайтару жөнінде мәселе көтермекпіз…

Әрине, ғұлама әл-Фараби, ұлы Абай сынды тұлғаларды насихаттау ісі олардың мерейтойлары аясындағы шаралармен шектеліп қалмайды, тоқтаусыз жалғаса береді. Алайда бұл мерейлі белестер де елеусіз өтпей, ел жадында жақсы естеліктермен қалуы керек қой. Сондықтан қазір Ақтөбеде Абайдың ескерткішін ашуға және «Абайды білмек керек ойлы жасқа» атты музыкалық спектакль қоюға қызу әзірлік жүріп жатыр.

Ескерткіш Ақтөбедегі Абай даңғылы бойындағы гүлзарда ашылады. Оның авторлары — Жеңіс Жұбанқосов пен Тоқтар Ермеков. Ескерткіштің ашылу салтанаты қазан айына жоспарланған.

Ал музыкалық спектакльге келсек, бұл тек ақтөбеліктер үшін ғана емес, еліміз бойынша өнер саласындағы биылғы үлкен жаңалықтардың бірі болады деп үміттенемін. Қойылымды Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен  Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымдары бірлесіп әзірлеп жатыр. Бұл — ән-күймен, бимен әрленген туынды. Мұнда Абайдың бала шағы да, жас шағы да, кемеліне келген кезі де бар. Қалың көпшілікке қойылымды белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов ұсынады. Мақсат — жұртшылыққа Абайдың «толық адам» ілімінің бір ұшқынын, сәулесін жеткізу.

Айта кеткім келеді, наурыз айында облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Абай мұрасы — рухани қазына» атты көшпелі көрмесі ұйымдастырылған еді. Көпшілік көрмеден Абай ақынның 1885 жылы Семей музейіне берген заттары — сыбызғы, асатаяқ, ер-тоқым, кісе белбеуі, басқа да құнды жәдігерлерді көрді. Абайдың мерейтойына орай өткізілген шаралар арасында бұл жерлестеріміздің ерекше есінде қалатын оқиға болды деп санаймын.

Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған шаралар да, індетке байланысты шектеулерге қарамастан, ғаламтор, әлеуметтік желі арқылы жұртшылықтың қызығушылығы жоғары екеніне көз жеткіздік. Мысалы, біздің басқарманың бастамасымен Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы әлеуметтік желіде әл-Фарабидің «Бақытқа жету» еңбегі туралы ең үздік постқа республикалық байқау жариялады. Шыны керек, байқауды ұйымдастыруды қолға алғанымызбен, оған қатысушылар аз болар ма екен деген алаңдаушылығымыз болған еді. Іс жүзінде олай болмай шықты. Байқауға қатысуға 99 адамнан өтініш түсті. Оның ішінде 82 адам өз ой-пікірін — қазақ тілінде, 17-сі орыс тілінде жазыпты. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен ұстаздар, студенттер, түрлі салалардың еңбеккерлері қатысты. Жүлдегерлердің арасында тек біздің облыс қана емес, Шымкент қаласы, Атырау, Павлодар, Қостанай және басқа да өңірлердің тұрғындары бар.

— Ұлы Абайдың мерейтойы аясында Ақтөбеде, өзіңіз айтып өткен «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің көшпелі көрмесінің ұйымдастырылуы, расында, өте маңызды шаралардың бірі болды. Сонымен бірге биыл, жыл басында хабарланған жоспарға сай, Отырар мен Сарайшықтағы тарихи-мәдени қорық-музейлерден де көшпелі көрмелер әкелінеді деп күткен едік. Індетке байланысты оларды тамашалаудың сәті түспеді. Дегенмен, бұл жақсы бастама үзіліп қалмайды, алдағы жылдарда жалғасын табады деп үміттенеміз. Бұл — өз еліміздің басқа аймақтарына деген қызығушылықты оятуға, сол арқылы ішкі туризмді дамытуға септігі тиетін бастама ғой?

— Иә, Отырар және «Хан ордалы Сарайшық» мемлекеттік қорық-музейлерімен көшпелі көрмелер ұйымдастыру мақсатында келісімдер жүргізіліп, жоспарға енгізілді. Өкінішке қарай, оларды іске асырудың сәті түспеді. Енді жақын айларда Алматыдағы Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің көшпелі көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Музей қорында Абайдың, Махамбеттің, Жамбыл Жабаевтың домбыралары бар. Көшпелі көрме көпшілікке осындай құнды жәдігерлермен қатар, қазақтың ұлттық аспаптары, көне аспаптар төңірегінде танымдық мол мағлұмат ұсынбақ.

Сонымен бірге, Алматы облысындағы Дәркембай Шоқпарұлының тарихи қолөнер музейін де көрме өткізуге шақыру ойымызда бар. Дәркембай Шоқпарұлы — Ұлы даланың даңқын асқақтатқан көне ұсталардың өнерін бізге жеткізуші, соңында мол мұра қалдырған шебер.

Жалпы, осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек.

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасында, сондай-ақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да киелі жерлерді насихаттау барысында туризмді дамытуға баса мән берілуі керектігі атап өтілген. Осы бағыттағы жобалар жөнінде айтсаңыз?

— Туристік бағыттағы бірнеше күндік сапарға арналған жобаларды іске асыру үшін түнек үй, қонақүй, оларды коммуникациялармен жабдықтау және жол мәселесін шешу керек екені белгілі. Сонымен бірге қазір бір күндік сапарға арналған жобалар да әзірленді. Мысалы, Ақтөбеден шығып, Қобда ауданының Әлия ауылындағы патриоттық тәрбие беру орталығын, Бұлақ ауылын, одан әрі — экологиялық туризм нысандарының бірі мен республикалық маңызы бар Абат-Байтақ қорымын көріп қайтуға бір күн уақыт жеткілікті болмақ. Ал егер бұл сапар Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр кесенесіне қарай жалғасса, 2-3 күнге созылады. Бір бағытта осындай екі нұсқа ұсыну көзделген.

Қазір нақты 4 бағыт әзірленді: жоғарыда айтылған Қобда бағыты; Мұғалжар-Темір-Байғанин бағыты; Хромтау мен одан әрі Әйтеке би ауданындағы  «Хан моласына» қарай жүретін бағыт және Қарғалы бағыты.

— Өткен жылы Темір ауданындағы Тасқопа қорғанынан алтын киімді сармат көсемінің қабірі табылғаны белгілі. Археолог мамандар тарапынан бұл үлкен жаңалық ретінде бағаланды. Қорғаннан табылған алтын әшекейлі киімнің қалдықтарын зерттеу, қалпына келтіру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтсаңыз?

— Зерттеушілер І Тасқопа қорғанын біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларға тән деп тапты. Одан табылған алтын әшекейлі киімді археологтар монолит әдісімен алып шыққан еді. Бұл — топырағымен бірге алынды деген сөз. Бұл өте маңызды: топырақтың құрамын зерттеу арқылы мамандар алтын әшекейлердің о баста қандай материалға жапсырылғанын анықтайды. Ол мата немесе өңделген тері болуы да мүмкін. Қазір осы бағытта зерттеулер жүргізіліп жатыр. Зерттеулер және одан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары сәтті аяқталып, көпшілікке табылған жәдігердің нақты үлгісі ұсынылатын күнді біз де асыға күтеміз.

Бүгінде өңірдегі көне қорғандар мен тарихи ескерткіштерді зерттеу бағытында үлкен істер жүргізіліп жатыр. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары бірнеше бағыт бойынша зерттеулерді қолға алды. Соның ішінде Тасқопа қорымындағы қазба жұмыстары «Ерте көшпенділердің элиталық ескерткіштеріне археологиялық зерттеулер жүргізу» бағыты бойынша қолға алынды. Биыл қазба жұмыстары ІІІ, IV қорғандарда жалғасты. Басқа аудандарда да көне қорғандар, ежелгі тұрақтар, ерте дәуірдегі қалалардың орындары зерттеліп жатыр. Айталық, Мұғалжар тауы баурайындағы Төлеубұлақ үңгірінде де зерттеулер жүргізілді. Мұнда мыңдаған жылдар бұрынғы петроглифтер сақталған. Мамандар бұл жерді көне дәуірлерде осы маңды мекендеген тайпалардың құлшылық орны болуы мүмкін деп те болжайды. Міне, осы үңгірге барсаңыз, көне жазулармен қатар қазіргі өз замандастарымыздың да түрлі мазмұндағы «қолтаңбалары» алдыңыздан шығады. Бізде тарихи орынға деген көзқарас, өкінішке қарай, осындай болып отыр.

Мысалы, сарматтар дәуірінен қалған алтын әшекейлер табылған І Тасқопа қорғаны да бұрын қазылып, тоналған. Жалпы, біздің жеріміздегі көптеген қорғандар тоналып, көне кесенелер мен мешіттер қиратылған. Бірақ бұл сырттан келген шапқыншылардың ісі еді. Ал ата-бабалар рухын қастерлеген көшпенділерде өлген адамның қабірін, көне қорымдарды тонайтын әдет атымен болмаған. Көне мұраға деген көзқараста біз де сол ата-бабалар ұстанымында болуымыз керек. Бүгінге жеткен аз мұраға титтей де залал келтірмей, көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу — бізге парыз әрі сын. Оның үстіне, тарих, мәдениет ескерткіштері — мемлекет қорғауына алынған, ерекше құндылығы бар нысандар. Бүгінгі күні облыс аумағында мемлекеттік қорғауға алынған 850 ескерткіш бар. Оларға зиян келтірген, бүлдірген адам Қылмыстық Кодекстің 203-бабы бойынша жазаға тартылады.

— Облыс орталығындағы Әлия Молдағұлованың музейіне жаңа ғимарат салу жөнінде бастама көтерілген еді. Жаңа ғимараттың құрылысы қашан басталады? Сондай-ақ өңіріміздегі музейлер қорын толықтыру бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр?

— Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы музейдің жаңа ғимараты үшін жер телімі оның есімін иеленген даңғыл бойынан таңдап алынды. Музей ғимараты Әлияның ескерткішіне қарама-қарсы, Әуе қорғаныс күштері әскери институтымен іргелес орналасады деп жоспарланған. Қорғаныс министрлігінен жер теліміне рұқсат алынып, бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу ісі басталды. Айта кетейін, музей құрылысына бюджеттен қаражат бөлінбейді, ол демеушілер қаржысына салынады.

Ал музейлер қорын толықтыру мақсатында жыл сайын арнайы экспедициялар ұйымдастырылады. Өкініштісі, көпшіліктің қолында көне жәдігерлер бар болғанымен, олардың қашан, кімнен қалғаны жөнінде нақты деректер толтырылған қағазы, бағалау құжаты болмайды. Көне жәдігерлердің төлқұжаты болуы керектігі ескерілмейді. Бұл музейлер қорын толықтыру үшін алдын ала қаржы қарастыруға кері әсерін тигізіп отыр.

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button