Экономика

Шалқарлық шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр

Шалқарлық шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырШалқарлық шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырШалқарлық шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырШалқар – мал шаруашылығына қолайлы өңір. Тұрғындардың негізгі кәсібі де осы сала. Биыл ауданда мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алып, мал  басын көбейтуге ниеттенгендердің қатары артқан. Өткен жылмен салыстырғанда төрт түлік саны он есеге көбейген.  Аудан әкімі Жанболат Жидеханов өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының сегіз айдағы көрсеткіші туралы айтты.  

Ауылдар ауызсумен қамтылады

Әлемді жайлаған індет экономикаға кері әсерін тигізді. Бұның зардабын біздің аудан да тартты, кейбір салалар бойынша көрсеткіштердің төмендігі байқалды. Бірақ дер кезінде шығарылған шешімнің арқасында және қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, экономиканың құлдырауына жол бермедік. Нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Мәселен, биыл аудан бюджетіне сегіз айдағы түсім  —  2 382,4 миллион теңге.  Жоспар 112,1% орындалды. Салық салу базасын кеңейтудің іс-шаралар жоспары 8 айда — 55,5 миллион теңге, яғни жұмыс 109,2 пайызға орындалды. Аудан бюджетінің шығысы — 10588,3 миллион теңге, ал сегіз айдағы өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі  —  9003,2 миллион теңге. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  нақты көлем индексі — 98,0 пайыз, яғни жоспар орындалып отыр. Сондай-ақ негізгі капиталға  11035,1 миллион теңге  инвестиция тартылды. Оның ішінде меншікті қаражат – 9444,3, бюджет қаржысы -1517,5 миллион теңге, — деді аудан әкімі.

Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынын жоғалтқан жоқ. Инженерлік-инфрақұрылым бойынша да қолға алынған шаруалар уақытында аяқталған.

Бүгінгі таңда ауданның 33 елді мекенінің 12-сі көгілдір отын пайдаланып отыр.

Биыл Бозой ауылының аумағына   газ желісінің  құрылысын бастау үшін  41,8 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінген. Тоғыз, Жылан, Көпмола, Кеңдала  ауылдарын көгілдір отынмен қамту үшін жобалық-сметалық құжат дайындау жұмыстары жоспарлануда. 2021-2024 жылдары Шілікті, Бершүгір, Алабас, Сарысай  ауылдарын газдандыру мәселесі толығымен шешілмек. Ауызсу мәселесі бойынша да бірқатар жобалар қолға алыныпты. Жалпы ауданның 24 елді мекені орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Биыл Мөңке би мен  М.Шыманұлы ауылдарына су желілерінің құрылысын тарту үшін  республикалық және облыстық бюджеттен 823,2 миллион теңге және Шалқар қаласы мен Бозой ауылындағы даму аймақтарына су желісінің құрылысы үшін 441,9 миллион теңге қаржы бөлінген.  Келесі  жылы  Есет ата, Қопасор, Қаңбақты елді мекендеріне кешенді блок-модульдерді орнату жоспарлануда.  Егер жоба  жүзеге асырылған жағдайда таза ауызсуды аудан тұрғындарының  97,7 пайызы тұтынбақ.

Мал саны көбейіп жатыр

Ауданда мемлекеттік бағдарламалар бойынша да жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы бойынша 14 жоба іске аспақ. Құны1647,0 миллион теңге.

Бұған  Шалқар қаласының және Мөңке би ауылының Мөңке би көшесінің жолдарын  жөндеу және аудан орталығындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы кіреді. Елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде құны 327,2 миллион теңге болатын 2 жоба іске асқан. Бірі — Бозой ауылының электр желісін қайта жарақтау, екіншісі — Бозой ауылының Прохоренко көшесінің автомобиль жолдарын орташа жөндеу. Сонымен қатар басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында құны 2880,3 миллион теңге болатын 16 жоба жүзеге асырылуда.

Аудан тұрғындары  негізінен ауыл, оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатындықтан, бұл салада айтарлықтай жетістіктеріміз бар.  Мемлекеттік бағдарламаларды толықтай пайдаланудың нәтижесінде ауданымызда жыл сайын мал басы көбейіп, мал өнімдерін өңдеу жұмыстары жүйелі жолға қойылып келеді. Ауыл шаруашылығы бойынша өнім көлемі —  9861,8  миллион теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі — 104,3%. Соңғы жылдары тұрғындар малдың пайдасын түсінді. Бағдарламалар бойынша алынған қаржының басым бөлігі осы мақсатқа жұмсалып жатыр, — деді аудан әкімі.

Аймақта малды асылдандыру, бордақылау бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүруде. Мәселен, Е.Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Нұралы» шаруа қожалығы 5000 малға арналған  мал бордақылау алаңын салмақ. Инвестиция көлемі — 3,0 миллиард теңге. Шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсінген. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша шаруалар 180 миллион теңгеге 685 ірі қара,  үш қожалық 48,2 миллион теңгеге 1270 қой сатып алған. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы  аясында ауданда 8 жоба жүзеге асырылуы тиіс болса, қазіргі күні оның жетеуі орындалып отыр. Жобаның барлығы мал шаруашылығын дамытуға арналған.

Шағын бизнеске қолдау бар

Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 2177. Оның 2061-і жұмыс жасап тұр. Кәсіпкерлер  «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шаруаларын кеңейтуде. Мәселен, екі кәсіпкер айналым қаражатын толықтыру үшін 54 миллион теңге несие алған. Ал жеті кәсіпкер құжаттарын тапсырып қойыпты. Мемлекеттік грант алуға он адам ниет білдірген. Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың айтуынша, індет кезінде кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілген. Уақытша жұмысы тоқтаған сауда нысандарындағы азаматтарға жәрдемақы тағайындалған. Шағын бизнес өкілдерін жалға алу ақысынан босату және өзге де көмектер көрсетілген.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 1479 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қысқа мерзімге оқыту, әлеуметтік жұмыспен қамту, жастар практикасы, қоғамдық жұмысқа тарту шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Жанболат Жидеханов ауданның білім, денсаулық сақтау саласы бойынша да атқарылған жұмыстарға тоқталды. Індеттің екінші толқыны болған жағдайда қамсыз қалмас үшін дайындық жұмыстары пысықталып жатқанын айтты. Жалпы ауданда 111 адам індетке шалдыққан. Оның 109-ы жазылып шыққан. Аудандық ауруханада 5 жасанды тыныс алдыру аппараты, 3 оттегі жастықшасы, 250 оттегі балоны, 22 оттегі концентраторы бар. Індет өршіген кезде кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қолдау танытқан, яғни 12,7 миллион теңге қаржы жиналып, оған қажетті медициналық бұйымдар сатып алыныпты.

— Індет елге оңай тиген жоқ. Қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Дәрігерлер де тынбай жұмыс жасады. Бірақ елдің ауызбіршілігінің арқасында қиындықтарды жеңіп келеміз. Қазірдің өзінде көмек береміз деп отырған кәсіпкерлер бар. Алматыда тұратын ауданның бір азаматы Түркиядан жиырма аппарат беріп жіберетінін айтты. Қиын кезде қолдау танытып, көмек көрсеткен азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді аудан әкімі.

Қазір аудан жұртшылығын алаңдатып отырған негізгі мәселе — Шалқар көлі. Су тартылып, көл жойылуға қараған. Жанболат Жидеханов былтыр осы мәселені Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиында тиісті министрлік өкілдерінің алдына қойған. Көлдің табанын тазарту үшін 3 миллиард 500 мың  теңге қажет. Қаржы бөлінсе, аудан әкімдігі жұмысты бастап кетуге дайын отыр. Барлық сараптама жұмыстары әзір. Аудан азаматы Ғанибек Сұлтанов көлді балықтандыруға күш салуда. Алайда су тартылып қалса, балық жіберу де қауіпті. Қазір эколог мамандармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі көлдің тартылуы Мұғалжар тауынан келетін су мен көл табанындағы бұлақ көздерінің жабылуынан екенін айтады. Көлдің табаны тазартылып, терең болса, су қалпына келеді деген үміт бар.

Брифинг соңында аудан әкімі журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button