Басты жаңалықтар

Жастар қайтарымсыз грантқа ие болды

Жастар жылының аясында жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында облысымызда алғаш рет өткізілген «Арманыңа қол жеткіз!» атты жобасы мәресіне жетті. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен басталған бұл жоба 12 тамыз жастар күнінде бастау алған болатын.

 Жоба 7 бағыт бойынша өткізілді. Бұған облысымыздың аудандарынан 16 мен 29 жас аралығындағы жастар қатысып, өздерінің бизнес-жобалары бойынша 72 жұмыс ұсынған. Солардың ішінен іріктеуден өтіп,  бүгінгі нарық талабына сай келетін 16 үздік жоба таңдап алынды.

Кәсіп ашуға қаражат таппай жүрген жастардың идеяларын жүзеге асыру сонымен қатар облыста шағын және орта бизнесті одан әрі жандандыруға бағытталған жобаға облыстық бюджеттен 32 миллион теңге бөлінген. Грант көлемінің 30 пайызы ауыл жастарына арналған. Нәтижесінде «Ауылды көркейту» бағыты бойынша 4 жобаның иесі грантқа ие болды.

Кәсіпкерлік мақсаттағы қайтарымсыз грантқа ие болған жастарды марапаттаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин бизнестің арқасында еліміздің болашағы қалыптасатынын айтты. Бизнес саласындағы тәжірибелерін бөлісіп, ақыл-кеңесін жастарға айтып берді.

Құрметті жастар, әріптестер!. Сіздерді әріптес деп айтуымның себебі бар. Ел тәуелсіздік алған жылдары қазақ жастары кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Сол кезде мен де сіздердей жас болып, бизнеске бет бұрдым. Ол кез бір саяси жүйенің екінші саяси жүйеге ауысып жатқан уақыты. Жаңа заңдар, банктердің құрылуы, қаржы жүйесінің қалыптасуына осы кәсіпкерліктің ықпалы тиді. Қиын да қызықты кездерді бастан өткердік. Бизнес саласында бәсекелестік болғаннан кейін қарсылас та көп болады. Кәсіпкерлік қиын сала болғанымен, ең үлкен қозғаушы күш. Әлеуметтік саланы жандандырады. Сіздердің әрқайсыңыздың ашқан кәсіптеріңіз тек өздеріңізге ғана пайда әкеліп қоймай, ауылдың, ауданның, облыстың, жалпы еліміздегі мәселелерді шешуге көмектеседі. Кем дегенде 2-3 адамды жұмыспен қамтисыздар. Өткен ғасырда ісін бастаған көптеген жас кәсіпкерлер қазір ірі бизнесті басқарып отыр. Қаншама адамды жұмыспен қамтып, еліне, туған ауылына көмектерін беріп жатыр. Кешегі карантин кезінде оларды ешкім халыққа көмектес деп мәжбүрлеген жоқ. Өздерінің ниеттерімен қаншама отбасыларға жәрдем жасады. Мұның өзі сіздерге сабақ, тәрбие. Әрине, бизнес есепсіз болмайды. Қандай жағдайда да кәсіпті ашатын да, оның өнімін тұтынатын да өзіміздің тұрғындар. Сіздерді халықпен бірге жұмыс жасап, адал қызмет етеді деп сенемін. Біздің кезімізде мұндай қолдаулар, мемлекеттік бағдарламалар болған жоқ. Кәсіпкерлік саласына алдымен не керек екенін білгеннен кейін жастарды ынталандыру, талпынысын күшейту мақсатында осындай жобаны ұйымдастырып отырмыз. Облысымызда 16 мен 29 жас аралығында 180 мыңдай жас бар. Бұл — үлкен күш. Ал кәсіпкерліктің негізгі қағидасы еңбектену. Өйткені бұл салада не ұтасың, не ұтыласың. Қаншама адам шығынға батып, орта жолдан тоқтап қалып жатыр. Тынымсыз еңбектеніп, үнемі ізденген адам ғана бұл кәсіптің шыңына шыға алады, — деді облыс басшысы.

Қайтарымсыз гранттың мөлшері  — 2 миллион теңгеге дейін. Жобаға қатысып, осындай қаражатты иеленген Байғанин ауданының тұрғыны Жанболат Танкин көлік жуу және дөңгелек жөндеу орнын ашпақ.

— 2 миллион теңгенің грантын ұтып алдым. Оған жаңа арнайы құралдар сатып аламын. Қазір бұл қызметім сұранысқа ие. Оның үстіне біздің аудан күре жолдың бойында. Көлік қозғалысы көп. Мен секілді жастарға мұндай мұмкіндік сыйлап, қаржылай қолдау көрсеткен облыс әкіміне риза болдық, — деді жас кәсіпкер.

Облыс халқының 20 пайызын жастар құрайды. Оларды кәсіпкерлікке оқытып, осы саламен айналысуға бағытталған шаралардың нәтижесі көңіл қуантарлық. «Бастау- Бизнес» жобасы бойынша оқуға жіберілген 1321 адамның 12,8 пайызы — жастар. «Жас кәсіпкер» жобасымен 1100 жас оқытылып, 457 жас қайтарымсыз 505 мың теңгенің грантына іліккен. Ал, «Жас проджект» жобасы 163 жасқа 1 миллион теңгеден берілген.  Оның 42-сі Ақтөбе қаласында болса, 121 жоба аудандарда.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button