Денсаулық

Бір кепіл – тазалық

Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметкерлерінің жұмысын тазалық тексерумен байланыстырамыз да, оның арғы жағына мән бере қоймайтынымыз рас. Халықта «Тазалық – денсаулық кепілі» деп бекер айтылмаса керек. Өйткені адамның денсаулығы, қоғамның таза болуы тазалыққа келіп тіреледі.

– Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық тазалығын қамтамасыз ету негізгі мәселе болып табылады, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Құралай Әлжанова.

Тазалық нормаларының сақталуының нәтижесінде кез-келген аурудың алдын алуға болады. Адам ағзасының ауруға берілмеуі де осыған келіп саяды. Балалар мен жасөспірімдердің, жалпы, адамдардың дұрыс тамақтануы, астың, судың сапасының бақылауға алынуы – бәрі-бәрі біздің назарымыздан тыс қалмайды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың нәтижесінде ағзаның иммунитетін арттыруға болады.

Қазіргі кезде облыста қалыпты санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан деп айтуға болады. Бір қуанарлығы, соңғы жылдары облыс көлемінде полиомиелит, оба, күл, тырысқақ, құтыру, сібір жарасы, паратиф секілді қауіпті аурулар тіркелмеді. Сондай-ақ, вирусты гепатит түрлері, бактериялық дизентерия, қышыма, бруцеллез, туберкулез аурулары азайды. Жұқпалы ауру түрлерінің алдын алуда тұрғындар арасында вакцинация жүргізудің маңызы зор. Сондықтан алдын ала егу үшін вакцина сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттен қажетті қаржы уақытында бөлініп отыр. Кейінгі кезде мазасыздандырып жүрген құс тұмауына жол бермеу үшін мүдделі мекемелердің қатысуымен оқулар ұйымдастырылды.

Өткен жылы тағамнан жаппай улану жағдайы болмады. Жалпы, облыс бойынша азық-түлік өнімдерін шығаратын 2318 нысан санитарлық қызметтің бақылауына алынған. Мамандар өзімізде өндірілетін азық-түлік түрлерінің сапасының дұрысталуы тамақ өнеркәсібі, сауда кәсіпорындарының, қоғамдық тамақтандыру орындарының материалдық-техникалық жабдықталуының, санитарлық-гигиеналық жағдайының жақсаруына, жаңа технологиялық жүйелердің енгізілуіне, өндірістік бақылаудың күшеюіне байланысты деп санайды.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына көптеген факторлар себеп болады. Оған ауыз су сапасы, қатты тұрмыстық қалдықтардың шығарылуы, ауаның ластанбауы да жатады. Өкінішке қарай, әсіресе, ауылдық жерлерде күл-қоқыс үйінділері көптеп кездеседі. Сонымен қатар малдың, жануарлардың өлекселерін көметін арнаулы орындар жоқ.

Адамдардың денсаулығы үшін маңызды қызмет болып табылатын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының қалыпты жұмыс істеуіне қажетті жағдайлар жасалып отыр. Мәселен, өткен жылы Қобда және Ырғыз аудандық бөлімдерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Ойыл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөліміне «УАЗ» автокөлігі берілді. Жалпы, аудандық бөлімдер 14 көлікпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 25 компьютер алынды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы тарапынан кадрлардың біліктілігін арттыру, олардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру жөнінде де нақты жұмыстар жүргізілуде. Қызметкерлердің кәсіби санатын тағайындау жөнінде аттестаттау комиссиясы жұмыс істейді. Өткен жылы 25 маман республикалық базаларда кәсіби білімін жетілдірсе, 1 адам Ресейдің Санкт-Петербург медициналық академиясында теориялық-практикалық тәжірибеден өтті.

Жалпы айтқанда, санитарлық қызмет саласында өздерінің үздік ісімен танылып, жоғары марапаттарға ие болып жүргендер де аз емес. Өткен жылы ғана басқарма бастығы Құралай Әлжанова «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының үздігі» белгілерімен, Мәртөк аудандық бөлімінің бастығы Қайдар Базарбаев пен басқарманың бөлім бастығы Ләззат Қауқанова «Қазақстан Республикасының 2008 жылғы үздік мемлекеттік қызметшісі» атағымен марапатталды. Басқарманың бөлім бастығы Рузалия Шәкирзанова «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Міне, осындай өз ісінің мамандары еңбек ететін басқарма ұжымы төл мерекелерін лайықты қарсы алуда.

Жазира ІЗБАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button