Білім

Балдырған

Жас қалам

Күз

Күн салқын. Аспан бұлыңғыр. Айнала сарғайған жапырақтарға толы. Сіркіреп жаңбыр жауып тұр.

Жауынның шалшық суын кешіп Асқар жүр. Аяғында резеңке етік. Айналасынан өзі құрбылас балаларды іздеді. Ешкім көрінбеді. Сірә, бәрі жылы үйде сабақ оқып отырған болар.

Асқар аспанға қарады. Қайтып бара жатқан қаздар қанаттарын бұлғайтындай, «кездескенше, қош боп тұрыңдар» дейтіндей.

Асқар аспанға аңырып қарап тұрғанда қасынан бір машина зу етіп өте шықты. Үсті-басын балшық көміп кетті. Асқар енді үйге кіруге мәжбүр болды.

Сөйтіп, ойынның сәні біткенін, күздің жеткенін түсінген Асқар жуынып, сабақ оқуға отырды. Оған бүгін «Қазақ тілі» пәнінен «Күз» тақырыбына шығарма жазуға тапсырма берілген болатын. Қалам-қағазын қолына алып, ойға шомып, терезеге қарады. Үзілген сары жапырақ қалықтап ұшып барады екен…

Ғабитжан ИШМАНОВ,

№32 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Біздің қалалар

Жер астының жүрдек көлігі

Келер жылы, Қазақстанның тәуелсіздік алуының 20 жылдығы қарсаңында Алматыда метро пайдалануға берілетіндігі айтылды. Расында да, халқы тым көп, территориясы үлкен бұл қалаға метро қажеттігі өткен ғасырда-ақ айтылып, қолға алынған.

Метро пойызына жол қиылысындағы бағдаршам да, қаптаған автокөліктер мен жаяу жолаушылар да кедергі жасай алмайды. Оның терең жер астынан салынған өз жолы бар. Міне, осылай ойластырылып жасалған жер асты пойызы шапшаң әрі дәлме-дәл график бойынша жүреді, көліктің ең ыңғайлы, шапшаң жүретін, жолдан қалдырмайтын сенімді түрі. Үлкен қалалардың өзінің бір шетінен екінші шетіне жету үшін небары жарты-ақ сағат уақыт кетеді. Мұнда қыста — жылы, жазда — салқын.

Мұндай жер асты темір жолының толық аты — метрополитен. Ол гректің «басты қала, астана» мағынасын білдіретін «метрополис» деген сөзінен шыққан.

Алғашқы метро 1843 жылы Чарлз Пирсонның жетекшілік етуімен Англияның астанасы — Лондонда пайда болды. Ал КСРО деген алып елдің астанасы — Мәскеуде метро 1935 жылдың 15 мамырынан бастап жолаушылар таси бастады. Енді келер жылдан бастап алматылық тұрғындар мен қонақтар да осы игілікті пайдаланбақ.

Метрополитен міндетті түрде жер астында ғана болмайды. Дүние жүзіндегі кейбір қалаларда аспалы болат немесе бетон эстакадалармен жүретін метро пойыздары бар. Бірақ мұндай пойыздар қала шуын бұрынғының үстіне көбейте түсетіні сөзсіз.

Метро жолаушылар үшін өте қолайлы транспорт. Ал сол қолайлылықты жасап тұрған толып жатқан машиналар. Жер астына, кейбіреулері жер бетіне орналасқан бұл машиналар пойыздарға электр қуатын беріп, стансалар мен тоннельге жарық түсіріп әрі желдетіп, ондағы ауа температурасын бірқалыпты ұстап тұрады. Ал адамдар жоғары-төмен сырғып жатқан жылжымалы баспалдақ-эскалатор арқылы жер астына түсіп, қайта шығып жатады.

Оқушының өлеңі

Ұстаздар

Ұстаз дәйім аяулы да ардақты,

Жайдары жан, білімі де жан-жақты.

Өршелене өрге сүйреп шәкіртті,

Өкінбестей өмір жолын таңдатты.

Жүректері мейірімнен жаралған,

Шуағы мол күллі әлемге таралған.

Ұстаздарға бас иеді адамзат,

Ұстаздардан таралады бар арман.

Әсия ДӘУІТОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Ақтөбе

Ақтөбе әсем қаламыз,

Қыдырып жиі барамыз.

Көркіне тоймай шаһардың

Қуанып бал-бұл жанамыз.

Қарашы көркем қалама,

Ақшаңқан үйлер — шағала.

Бой түзеп жатыр тізіліп,

Сан жетпес оған, санама.

Гауһар ӘУБӘКІРОВА,

Бершүгір орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

Біліп жүр

Он дерек

  • Бір жылда 31 557 600 секунд бар.
  • Сағатына 60 мильдік жылдамдықпен жүретін автокөлікке бізге ең жақын орналасқан планеталардың біріне жету үшін 48 миллион жыл қажет екен.
  • Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген деректерге сенсек, Жер бетінде күн сайын 250 сәби өмір есігін ашады екен. Яғни әр секунд сайын дүниеге үш бала келеді.
  • 1603 жылы Жапонияда император бұйрығымен жүзу міндетті оқу пәні болып белгіленді.
  • Әлем бойынша күніне 4,5 миллиард тонна бензин жағылады.
  • Қытайдағы 90 миллион адамның тегі Ли екен.
  • Әр секунд сайын Жер бетінде 200-ден астам найзағай жарқылдайды.
  • Науру — ресми астанасы жоқ жалғыз мемлекет.
  • Егер Жер өз осінен кері айналған болса, онда жылдың тәулігі екі есеге азаяр еді.
  • Куба — Кариб аралдары елдерінің ішіндегі темір жолы бар жалғыз ел.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button