Басты жаңалықтарЭкономика

Ішкі туризм: ізгі істер мен іркілістер

Ақтөбеде туристік бағыттарды өзектендіру жұмыстары басталды. Әр аудан бойынша туристік бағыттар анықталды. Енді аудандардағы тарихи-мәдени нысандар мен демалыс орындары туралы  өңірдің картасы жасалады.

Туризм индустриясы — әлемдегі табысты сала

Әлемдік экономикада басты орында тұрған салалардың бірі — туризм. Дүниежүзілік туристік ұйымның деректері бойынша, туризм әлемдік жалпыұлттық өнімнің — оннан бір бөлігін, халықаралық инвестициялардың — 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістегі әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Қазіргі заманғы туризм индустриясы — халықаралық қызметтер саудасының ең ірі жоғары табысты және қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Аймақта ішкі туризмді дамыту мәселесіне қатысты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлер басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов туризмнің жалпы алғанда мемлекет экономикасына тигізер әсері туралы:

Туризм — шетел валютасының түсуін қамтамасыз етеді және экономикаға оң әсерін тигізеді. Сол сияқты халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға әрі инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Ең бастысы — еліміздің барлық аймақтарының экономикасына белсенді әсер етеді. Атап айтар болсақ, туризм саласында шаруашылық жүргізуші субъектілердің құрылуы мен жұмыс жасауы көлік жолын, сауда, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени, медициналық қызмет көрсету ісін дамытуға оң ықпалын тигізбек. Осылайша туризм индустриясы көптеген басқа да экономикалық салаларға қарағанда мультипликаторлық тиімділікке ие, — дейді.

Оның айтуынша, ел дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасында туристік сала басым айқындалған. Себебі туризмнің тез және тұрақты өсуі, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық секторына және қоғамның әл-ауқатын қамсыздандырудағы экономикалық өсімі басты назарға алынған.

Аудандардағы туристік бағыттар анықталды

Пандемия ішкі туризмді дамыту қажеттігін көрсетті. Өйткені елдегі туристік нарықтың дәстүрлі аудандары — Алакөл, Бурабай және басқа да өлкелер іс жүзінде рекреациялық сыйымдылықтың шегіне жетті. Осыған байланысты Ақтөбе облысының елімізде және әлемнің туристік нарығында өз орнын алуға бірегей мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  тапсырмасы бойынша өңірде туристік бағыттарды өзектендіру жұмыстары қолға алынды. Ол үшін әрбір аудандағы туристік бағыт анықталды.  Алдағы уақытта аудандардағы тарихи-мәдени нысандар мен демалыс орындары туралы  өңірдің картасы жасалатын болады, — дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Бүгінгі күні арнайы мамандармен қатар танымал блогерлер Қобда, Ойыл, Мәртөк, Хромтау, Алға және Қарғалы аудандарына туристік  сапар ұйымдастырған. Бұл — шараның алғашқы кезеңі. Алдағы уақытта олар  қалған аудандарды қамтымақ.

Туристік сапардың бірінші кезеңіне 25 адам қатысты. Жақын арада Байғанин, Әйтеке би, Ырғыз-Шалқар, Мұғалжар және Темір аудандарына туристік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз — сапарға шыққан әр қатысушының  ішкі туризмді дамыту бағытында пікірін тыңдап, ұсыныстарын ескеру, — дейді басқарма басшысы.

Қобданың қымызы, Ойылдың орманы

Батырлар мекені Қобда ауданынан бастау алған туристік сапар кезінде қатысушылар  дәстүрлі шаруашылықпен айналысатын бірқатар қожалықтың жұмысымен танысуға баса назар аударыпты. Шаруашылықтардың базасында ұлттық тағамдар — қымыз, қаймақ, балқаймақ, сары майдың дайындалу процесімен танысыпты. Жылқы шаруашылығымен айналысатын, әсіресе, бие сауып, саумал бизнесін жандандырып отырған қожалықтардың ісі көптің көңілінен шыққан.

Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта саяхатшылар үшін осындай шаруашылықтарда атпен серуендеп, алтыбақан теуіп,  киіз үйде демалу сияқты шараларды ұйымдастырудың мүмкіндігі зор. Нұрхан Тілеумұратов Қобда өңірі агротуризмді дамытуға ыңғайлы аймақ екенін айтады. Сол сияқты  туристік маршрут бойынша олар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова туған ауылда болып, ондағы патриоттық тәрбие беру орталығының жұмысымен, экспонаттармен танысыпты.

Ойыл ауданына баратын  туристік бағыт бойынша аймақтың табиғаты басты назарға алынды. Мұндағы Барқын құмдары мен қарағайлы орманы, сондай-ақ Ұлы Жібек жолында орналасқан Көкжар жәрмеңкесі мен  көпес үйлері — тарихи нысандар. Әйгілі тарышы Шығанақ Берсиев дүниеге келген елден саяхатшылар үшін алар әсер мол болмақ, — дейді басқарма басшысы.

Мәртөк — облыстың «сүт орталығы»

Еліміздің батыс өңірі бойынша бірегей шаруашылық — марал өсірумен, пантоемдеу шипажайымен ерекшеленетін Мәртөк ауданының табиғаты өз алдына бөлек әңгіме. «Мәртөк — Ақтөбе облысының «сүт орталығы» деп аталады. Сондықтан туристік сапар аясында аудандағы «Айс» сүт фермасы мен омарта шаруашылығын көрсету айқындалды», — дейді ол.

Ал облыстың өнеркәсіп аймағы саналатын Хромтау ауданына баратын туристер үшін Дөң тау-кен байыту комбинатының карьерлері мен  геологиялық нысандардың халықаралық тізіміне енгізілген «Айдарлыаша» геологиялық қимасын көруге мүмкіндік тумақ. Ал Алғаға жасалатын экотур кезінде саяхатшыларды Тама Есет батыр Көкіұлына арналған мемориалдық кешеніне, сол жерге жақын орналасқан құрамы жағынан таза  су көздерінің бірі саналатын  «Сәрсенбұлақ» бұлағына апару көзделіпті. Бұл аймақтағы «Шипагер» шипажайы мен бірқатар шаруа қожалықтары да басты назарға алынған.

Табиғаты көркем Қарғалы ауданы бойынша да туристік бағыт жасалған. Бұл аймақтан Орал таулары аяқталып, Мұғалжар таулары басталады. Ауданда көптеген өзендер мен тоғайлар бар. «Қарғалы су қоймасы» су объектісі, маусымдық «Қасқыр сарқырамасы», көркем жартастар мен Қосестектегі әйгілі Сәрке батырға арналған ескерткіш, «Ардағым» балық шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысу жоспары да  экотурға енгізіліпті.

«Хан моласы»: жол салына ма?

Келер жылдан бастап аудандарға туристік маршруттар жүйелі ұйымдастырылатын болады. Қазір біз демалыс күндері 1-2 ауданға экотур ұйымдастырып жүрміз. Яғни бұл бағыттағы істі жетілдіру жұмыстарын көздейміз. Ең бастысы — туристік бағыттар тек бір реттік емес, саяхатшыларды тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз етудеміз. Қазіргі күні бізге осындай туристік бағыттарды ұйымдастыру бойынша түрлі компаниялардан тапсырыстар түсіп жатыр. Болашақта аудандарға ұйымдастырылатын әрбір экспедиция үшін  әлеуметтік желілер арқылы хабарландырулар жасалады. Ол үшін сол ауданның ерекшелігіне қатысты шолу жасалып, бейнероликтер дайындалады. Себебі саяхатшылар қайда, қай жерлерді аралайтынын алдын ала біліп отыруы қажет, — деді Н.Тілеумұратов.

Туризм саласын дамытудағы басты мәселе — инфрақұрылым проблемасы. Туристік бағыт айқындалған көпшілік нысандарға жетуде жол жағдайы сын көтермейді. «Бұл — өзекті мәселе. Сонымен қатар ішкі туризм саласы үшін қонақүй бизнесі әлі дамымаған. Көп жерлерде дәретхана жоқ. Жалпы республикада туризм саласын дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Сол бағдарламаға сәйкес кезең-кезеңмен осы саланы дамытудың іс-шаралары көзделген», — деді басқарма басшысы.

Әйтеке би ауданы бойынша туристік бағытқа «Хан моласы» мемориалдық кешені енгізілген. Ішкі туризмді дамытудың нәтижесінде бұл аймаққа жол салу мәселесі көзделген бе деген сауалға:

Бұл — өзекті мәселе. Кешен республикалық маңыздағы тасжолдан  100 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қазір бұл проблеманы біз де көтеріп жатырмыз. Жол құрылысы ауқымды қаражатты талап ететіні бәрімізге белгілі. Алайда біз бұл мәселені қарастырамыз. Бюджеттің мүмкіншілігіне қарап,  шешу жағын көздейміз, — дейді Нұрхан Тілеумұратов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button