Мәселе

Ит — ең қауіпті жануар?..

Ақтөбе қаласының көшелерінде ит қаптап жүр. Ішкі істер органдары мәліметтеріне сай, көше кезген иттердің 70 пайызының иелері бар. Ал соңғы кезде қаңғыбас иттер ғана емес, иесі бар иттердің де адамға шабуылы жиілеген.

Өз итіне таланған…

Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында облысымызда  1146 адам жануарлардың тістеп-тырнауына байланысты дәрігерлер көмегіне жүгінген. Осы адамдардың 1000-ы (!) — иттердің, 78-і — мысықтардың, үшеуі — қасқырлардың және алтауы түлкілердің шабуылына ұшыраған екен. Көріп отырғаныңыздай, ғасырлар бойы жан-жануарлар арасындағы адамның ең жанашыр досы саналып келген ит енді, өркениет дәуірінде, адам үшін ең қауіпті жануарға айналып отырған сыңайлы.

Бүгінде, жоғарыда айтқанымыздай, көшедегі қаңғыбас иттер ғана емес, иесі бар, асыранды иттер де адамға шабуылды жиілетті.

Өткен қазан айының соңғы күндерінің бірінде облыс орталығында 26 жастағы жігіт ит талап, теміржол ауруханасына түсті. Оны талаған өз иті екен. Ол иесіне  итаяққа ас құйып жатқан кезінде тап берген. Аталмыш аурухананың жарақаттарды емдеу бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, аяқ астынан тап берген ит иесінің аяқ-қолын жұлым-жұлым етіпті. Енді ол жігітті құтыруға қарсы емдеп қана қоймай, жарақаты жазылғаннан кейін, терісін ауыстырып беруге де  тура келеді.

Ал Ақтөбедегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының жарақаттарды емдеу бөлімінің бастығы, медицина ғылымдарының кандидаты Серік Исаевтан білгеніміздей, биылғы жылдың басынан бері оның бөлімінде иттердің «шабуылына» ұшыраған 40-тан астам адамға көмек көрсетілген.

Бір жақсысы, олардың арасында құтырған ит қапқан адам кезіккен жоқ, — дейді Серік Исаев.

Сонымен бірге ол емделушілердің басым бөлігі  қаңғыбас иттерден емес, асыранды иттерден зардап шеккендер екенін айтады.

Мысалы, жуырда ғана осы бөлімнен ем алып шыққан Эльмира есімді бойжеткенді ата-әжесінің үйіндегі ит қауыпты. Байлаулы тұрған алпамсадай алабай шынжырын үзіп тап берген сәтте, атасының үйіне қыдырып келген алаңсыз қыз есінен танып қала жаздаған. Бағына қарай, әжесі көмекке келіп үлгеріпті…

Қазір Ақтөбе қаласының, әсіресе, шет аудандары тұрғындарынан «ит қаптап кетті» — деген шағымды жиі естисіз. «Ясное-2 ауылының тұрғынымын» деп  хабарласқан Асылгүл былай дейді:

Ауылымызда ит өріп жүр. Көпшілігі — сол ауыл тұрғындарының асырап отырған иті. 22 қазан күні ауылымызда бір қыз баланы ит қауып алғанына куә болдық. Қараңғы емес-ау, күннің жарық мезгілінде де көшеде жүру қиын болып тұр. Ит иелерін тәртіпке шақыру үшін нендей амал қолдануға болады?

Ал «Шанхай» ауданының тұрғыны Ыбырай:

Әсіресе, қоқыс жәшіктері маңында иттер көп. Біз, ата-аналар, күні бойы жұмыста боламыз. Жас балаларымыз мектепке өздері барып-келеді ғой, жолда ит тістеп алмас па екен деп уайымдаумен отырамыз, — дейді.

Алабай аула күзетуге емес,

мал бағуға жаратылған

«Асыранды иттер шабуылы жиіледі» —дегенде, біздің байқағанымыз, көп жағдайда әңгіме алабай тұқымдас иттер жөнінде болады екен.

Жалпы, соңғы он-он бес жылда қала тұрғындарының нақ осы алабай тұқымдас иттерге деген қызығушылығы артқан. Зерттеушілердің пікірінше, бұл құбылыс — біздің елімізге Ресейден келген «сән». Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тұста Ресейде кәсіби ит өсірушілер арасында да, «жаңа орыстар» арасында да осы алабайға деген сұраныс жоғарылаған көрінеді. Бірте-бірте бұл «талғам» еліктегіш қазақтарға да «жұққан» секілді. Бірақ орыстардың да, қазақтардың да алабайға деген «махаббаттан» тапқан пайдасы аз. Керісінше, екі ел бұқаралық құралдары беттерінде ересекті де, баланы да, өз иесін де, бөтенді де алабай талапты деген ақпараттар жиі кездеседі.

Алабай неге адамға өш?

Зерттеушілер мұны алабайлардың о бастан тар аула, тар көше үшін жаралған ит еместігімен байланыстырады. Алабайды азиялықтар ғасырлар бойы мал бағу және сауда керуендерін күзету үшін пайдаланған. Кең далада отар-отар қойды алдына салып жүрген алабайлар өздерін де малшылармен қатар сол отардың иесі сынды сезініп, оған қауіп төнген кезде кез келген жыртқышпен аянбай алысатын болған. Ал бүгінгі қалалықтар оны тар аулада, торда ұстайды, сөйтіп… басқа итпен тең еткісі келеді. «Иттің де түйсік-сезімі, сезігі бар» — дейтін мамандарға сенсек, алабайдың адамға өкпесі орынды ғой? Бірақ кейбір «сән» қуған еліктегіштердің, алабайды итімен мықты болып көріну үшін асырап жүргендердің кесірінен басқалардың зардап шегіп жатқаны өкінішті…

Жалпы, бүгінде алабай ғана емес, кез келген итті, басқа да үй жануарларын асырап-бағу үшін, алдымен оның күтім-бабы, тәрбиесі жөнінде мамандармен ақылдасып алғанның артықтығы жоқ. Мамандардан: «қазіргі адамдар ит асырауды жақсы көргенмен, онымен тіл табысуды мүлде білмейді» — деген пікірді жиі еститін болдық. Мысалы, қанден иттер қайта-қайта мақтағанды сүйеді, ал алабайды артық еркелету, керісінше, зиян көрінеді, ол жарамсақтықты тіпті де ұнатпайды. Оны күніне бір рет сипап қойсаңыз жеткілікті.

Ауру — иттен…

Ит қапқан оқиғаларда дәрігерлердің басты қаупі — «науқас құтырма дертін жұқтырып алған жоқ па?» — болады. Өткен жылы облысымызда бір адам құтырма дертінен көз жұмды.

Өткен жылы жалпы еліміз бойынша осы дерттен қайтыс болғандар саны — 11 адам. Олардың дені оңтүстік өңір тұрғындары болатын.

Ал биыл… жануарлар арасындағы құтырма ауру көрсеткіші бойынша Қостанай облысы бірінші орынға шықты. Демек, бұл дерттің өршіп шыға келу қаупі еліміздің бар өңірі үшін бірдей деген сөз.

Біздің облысымызда санитарлық дәрігерлер 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығында жануарлар арасындағы құтырма ауруының 14 жағдайын тіркеді. Олардың арасында, Темір ауданында бір иттің құтырма дертіне ұшырағаны анықталған.

Жоғарыда аталған Қостанай облысында құтырма ауруы көрсеткішінің күрт өсуін мамандар сол өңірде түлкілердің көбейіп кетуінен дейді. Көрші облыста түлкілер арасында құтырма ауру өршіген болса, ақтөбеліктердің де уайымсыз отырар жайы бар ма? Ал даладағы жабайы аңның қауіпті дертін ел ішіне ең алдымен әкелетін — иттер екені белгілі. Тиісті орындардың осыны қаперде ұстағаны жөн болар…

… және құтырма дертіне шалдыққан ит-құстан зардап шеккен жанды аман алып қалудың бірден-бірі жолы — тез арада дәрігер көмегіне жүгіну екенін естеріңізге сала кеткіміз келеді.

Ауладағы итіңіз ешкімге тіс батырмасын-ақ делік. Соның өзінде де дәрігерлер қазір адамдар арасында ит пен мысық арқылы жұғатын дерттердің көбейіп бара жатқаны жөнінде дабыл қағып отыр. Мысалы, эхинококкоз дерті… Бұл — оңай дерт емес. Әсіресе, ол бауыр үшін қауіпті. Эхинококкоз, сондай-ақ буындарды, жүректі, өкпе мен тыныс мүшелерін де қатты зақымдайды. Эхинококкозды жұқтырған жандар дер кезінде емделмесе, соңы өте қайғылы аяқталады. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын облысымызда 8 жасар бала осы дертті асқындыру салдарынан көз жұмыпты.

Егер, өткен ғасырдың 80-90 жылдарында облысымызда балалар арасында эхинококкоз дерті жылына бір рет қана тіркелетін болса, қазір жылына 20-30 оқиға тіркелетін болып жүр. Олардың арасында ит ұстайтын үйлердің балалары көп. Өйткені ит — осы дерттің таратушысы болып есептеледі. Эхинококкоз таяқшалары иттердің жүнінде, сілекейінде, ішкі ағзаларында болады. Ал балалардың итпен ойнауды жақсы көретіні белгілі ғой? Сондықтан үйдегі итіңіздің балаңызға, өз денсаулығыңызға кесірі тимесін десеңіз, оны мал дәрігеріне көрсетіп тұрғаныңыз жөн-ақ. Итті үйге кіргізбеу, азық-түлікті иіскеуіне жол бермеу керек, ал итаяқ ұстағаннан кейін қолыңызды міндетті түрде сабындап жуыңыз.

Адамға ит арқылы таралатын дерттер тізімі құтырма және эхинококкозбен бітпейді, мысалы — микроспория, мысалы…

Әйткенмен, ит пен мысықтан таралатын дерттер туралы кеңірек әңгімені кейінге қалдыра тұруды жөн санадық.

Ендігі  сөз көшелердегі қаңғыбас иттер санын азайту, ит иелерін тәртіпке келтіру мәселелері бойынша бізге кімдер көмектесетіні жөнінде болмақ.

Қорғайтын кім?

Көшелердегі қаңғыбас иттердің көзін құрту жөнінде тұрғындар жергілікті ветеринарлық бөлімдерге хабарласуы тиіс. Мысалы Ақтөбе қаласының тұрғындары бұл мәселе бойынша: 21-04-53 телефонына хабарласып, тапсырыс бере алады.

Қалалық ветеринарлық бөлімнің Темірбек Нұртазиннің айтуынша, облыс орталығында қаңғыбас иттерді аулаумен үш бригада айналысады. Жыл басынан бері жалпы саны 7 мыңның шамасында ит ауланған.

Олардың барлығының бірдей көздері жойылмайды. Кейбір иттердің иесі табылуы мүмкін. Сондықтан ауланған иттердің бір бөлігі жануарларды қорғау ұйымдарына тапсырылады, — дейді Темірбек Нұртазин.

Оның айтуынша, қазір қалада иттерді құтыруға қарсы егу және эхинококкоз дерті таралуының алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар бүгінге дейін Мәскеу, сүт зауыты және Құрмыш аудандарында жүргізілген.

Жұмыс енді қаланың басқа аудандарында жалғасады. Жалпы, біз қаланың барлық бөліктеріндегі иттер мен олардың иелері жөніндегі мәліметтерді жинаумен айналысып жатырмыз, — дейді қалалық ветеринария бөлімінің бастығы.

Ал иттерін бетімен жіберген тұрғындарды тәртіпке шақыру үшін, «Ақтөбе қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесіне» сәйкес, учаскелік инспекторларға шағымдану қажет. Азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жоғарыда аталған ережені бұзған ит иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту  ішкі істер органдарының міндеті болып табылады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button