Рухани жаңғыру

Тас дәуіріндегі киелі мекен

Мұғалжар тауы баурайын зерттеген археологтар бұл өңірден көне тас дәуірінде адамдар мекендеген ондаған тұрақтардың орнын тапқан.

Соның ішінде Егіндібұлақ ауылдық округі аумағындағы Төлеубұлақ қыстауы маңындағы үңгірден петроглифтер, яғни ойылып салынған көне суреттер табылды. Бұл ғылым үшін үлкен жаңалық болды. Бүгінгі күні зерттеушілер аталмыш үңгірді көне замандағы құлшылық орны болуы мүмкін деп те болжап отыр.

Былтырдан бері бұл өңірде Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Төлеубұлақ үңгірінен табылған петроглифтерді зерттеу барысында бұрын пайдаланылмаған жаңа әдістер қолданылды. Мысалы, өте берік, ұзынталшықты мақта қағазға көшіру әдісі арқылы үңгірдің іші толықтай көшіріліп, табылған түрлі суреттер мен белгілерді зертханада егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік туып отыр.

Жалпы, петроглифтерді 1998 жылы ұйымдастырылған бірлескен Қазақстан-Ресей кешенді экспедициясы құрамындағы ғалымдар алғаш айналымға енгізді. Экспедицияға Қазақстан жағынан — сол кездегі Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты директорының орынбасары, профессор Жәкен Таймағамбетов, ал Ресей жағынан академик Анатолий Деревянко жетекшілік етіп, зерттеулер барысында Мұғалжар баурайынан тас дәуіріне тән 100-ден астам ескерткіш табылған. Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесі осы зерттеулер қорытындыларын 2001 жылы Новосибирскіден «Мұғалжар тауындағы ашель мәдениеті кешендері» деген атпен кітап етіп шығарған. 2008 жылы бұл өңірде Жәкен Таймағамбетов пен оның шәкірті Талғат Мамыров зерттеу жүргізіп, тағы да 100-ден аса көне тұрақтар орнын тапқан. Осы зерттеулер бойынша «Палеолит дәуіріндегі Арал-Каспий аймағы» атты еңбек жарық көрді.

Сондай-ақ мұнда археолог Зейнолла Самашев та зерттеу жүргізген. Ол Төлеубұлақ петроглифтерінің «жасын» 40 мың жыл деп болжаған.

Палеолит, яғни көне тас дәуірі бұдан 2,6 миллион жыл уақыт бұрын басталып, адамдар егіншілікке көшкен тұста, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі 10 мың жыл шамасында аяқталған. Төлеубұлақтағы үңгірлерден табылған суреттер полеолиттен басталып, кейінгі қола дәуіріне дейінгі аралықты қамтиды. Негізінен, неолит (жаңа тас ғасыры) пен оның соңын ала келген энеолит (мыс ғасыры) кезеңдеріндегі петроглифтерге ғалымдар айрықша назар аударып отыр. Өйткені осы кезеңдерден қалған суреттердің мазмұны адамдар аталмыш үңгірді ғұрыптық рәсімдер өткізу үшін пайдаланған деп жорамалдауға негіз болған, демек ежелгі адамдар үшін де бұл қасиетті орын саналған. Бұл жерде өз дәуірінде халық ерекше қадір тұтқан, біздің түсінігімізбен айтқанда, әулие адамның ізі қалған болуы да мүмкін.

Үңгір қабырғаларынан түйе, жылқы сынды жануарлар суреттері де табылған. Зерттеушілер о баста бұл суреттер жоса мен малдың майын араластырып жасаған қызыл бояумен боялған деп есептейді.

Қазір үңгірдің айналасында да зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеушілер осы маңнан ежелгі шеберханалар ізі  табылып қала ма деп үміттенеді. Жалпы, ғалымдардың пікірінше, Төлеубұлақ кешені  — Ақтөбе жерін адамдар палеолиттің ерте кезеңдерінде-ақ мекендегеніне дәлел болатын ескерткіш. Ал жергілікті археолог мамандар бұл жерді ашық аспан астындағы музей немесе музей-қорыққа айналдыру жөніндегі ұсынысты бұған дейін де айтып келеді.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары біздің өңірде зерттеу жұмыстарын алдағы жылы да жалғастырады. Бірнеше жыл бойғы зерттеулерді «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» атты айрықша безендірілген басылыммен қорытындылау көзделген.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button