Мәдениет

Бағалы мұра және ізденімпаз оқушылар

Әл-Фараби — 1150

Биыл ұлы ойшыл, «Шығыстың Аристотелі» атанған Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл. Осыған орай

№4 М.Горький атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері Ақтөбе қаласының №28 орта мектеп ұжымымен бірлесіп «Әбу Насыр әл-Фараби  және оның рухани мұрасы»  атты конференция  өткізді.

Конференцияға тарих пәнінің мұғалімі Гаухаршахназ Нұрланқызы, директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Шынар Қыдырова, мектеп кітапханашысы  Жазира Бисембина, №4 М.Горький атындағы қалалық кітапхана меңгерушісі Айнұр Досмұратова және 7«А», 8«Ә», 9«А», «Ә» сынып оқушылары қатысты. Осы жолдардың авторы да шараға №4 М.Горький атындағы кітапхана оқырманы есебінде шақырылып, биылғы «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы бойынша таңдалып алынған Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» кітабын насихаттап, оқушыларға таныстырды.

Конференцияда «Әл-Фарабидің өмір жолы», «Әл-Фарабидің  мемлекет саясатына қосқан үлесі», «Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық көзқарастары», «Әл-Фараби және ғылыми этика» сынды философиялық мұралар талқыланды. Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, әлеуметтану, лингвистика, поэзия, риторика және философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған.

Шара барысында әр сынып өз жобаларын ортаға салып, қорғады. Төрешілер белсенді оқушыларды марапаттады.

Сондай-ақ «Отырарлық ғалым Әбу Насыр әл-Фараби» атты кітап көрмесіне библиографиялық  шолу жасалды.

Өтеміс ТӨЛЕБАЙҰЛЫ,

№4 М.Горький атындағы қалалық кітапхананың тұрақты оқырманы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button