Экономика

Жұмыс бастауға 1000-ға жуық ақтөбелік кәсіпкер өтінім берді

Кәсіпкерлік

Екі күнде infokazakhstan.kz порталы арқылы 1000-ға жуық ақтөбелік кәсіпкер жұмыс бастауға өтінім берді.

Дүйсенбі, 17 тамыздан бастап бизнес локдауннан шықты. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, автосалондар, балалар білім беру мекемелерін қоса алғанда бірқатар кәсіпкерлік субъектілерге қойылған шектеулер алынып тасталады.

Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің биыл 14 тамыздағы №47 қаулысына сәйкес жұмыс бастауға рұқсат алу үшін кәсіпкерлік субъектілерінің барлығы электронды цифрлық қолтаңба арқылы www.infokazakhstan.kz сайтынан тіркеуден өтуі қажет. Бұл — жұмысты қайта бастаудың міндетті шарты, егер талап бұзылса, айыппұлдық санкциялар қабылданады. Аталған платформа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен іске қосылған. Оның интерфейсі оңай әрі қарапайым, формаларды толтыру небәрі 15 минут уақыт алады.

Бүгінгі күні республика бойынша 17 мыңнан астам кәсіпкер порталға өтінім беріп үлгерген, соның ішінде 9 444-і нысанды іске қосуға рұқсат алыпты. Палата мамандарының айтуынша, портал арқылы ақтөбелік кәсіпкерлерден 1000-ға  тарта өтінім түссе, соның 790-ы мақұлданды.

Жұмысты бастауға рұқсат алудың екі түрі бар. Ол — тексеру жолымен және  тексерусіз. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес бизнес түрлерінің басым бөлігі, шамамен 90 пайызы тексерусіз, хабарландыру тәртібінде іске қосылатыны маңызды. Олар мониторингтік топтың келуін күтпей-ақ жұмысты бастай алады. Мониторингтік топтың тексеруі сауда және ойын-сауық орталықтары, азық-түліктік сауда базарлары, азық-түліктік емес базарлар, балалар сауықтыру лагерлері сияқты кәсіпкерлік түрлеріне қарастырылған, — дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Іскерлік нысандардың қызметін қалпына келтіруге дайындығын бақылауды мониторингтік топтардың құрамында өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері де бар. Палата қызметкерлері кез келген уақытта барлық санитарлық нормаларды сақтау маңыздылығына тоқталып, бизнесті карантин режимінен біртіндеп шығаруға көмектесетін InfoKazakhstan электронды платформасы туралы хабарлайды. Сауда үйлерінде, орталықтарда, базарларда олар антисептиктермен, тұрмыстық химикаттармен, бетперде, қолғаптармен және басқа да құралдармен қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн.

Мамандар жұмысты тексерусіз, хабарландыру тәртібінде қайта бастауда қарапайым үш қадам жасалатынын айтты. Біріншіден, кәсіпкер InfoKazakhstan сайтына кіріп, нысанды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуі қажет. Екіншіден, Бас санитарлық дәрігердің қаулысын жүктеп, кәсібіңізге қойылған санитарлық талаптармен танысып, оларды электронды цифрлық қолтаңбамен растауы тиіс. Үшіншіден, жеке кабинетте және электронды поштада дайындық туралы актісін алып, жұмысты бастауға болады.

Тексерудің болмауы — кәсіпкерді  жауапкершіліктен босатпайды. Қоғамдық бақылау болмаса кез келген келуші бұзушылық туралы ақпаратты бақылаушы органға жібере алады. Егер кәсібіңіз көпшілік жиналатын нысандар, балалармен тактильді қатынас жасалатын бизнес түріне жатса, онда жұмысты бастамас бұрын нысан санитарлық талаптарға сай келуі бойынша тексеруден өтуі керек. Бұл жерде  рұқсат беру тәртібі қолданылады. Ол — қажетті процедура. Рұқсат алу тәртібінде өтінім беру процедурасы қиын шаруа емес. Атап айтқанда, InfoKazakhstan сайтына кіріп, нысанды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп,  Бас санитарлық дәрігер қаулысын жүктеп, кәсіп түріне қойылған талаптармен танысу қажет. Талаптармен  мұқият танысқаннан соң электронды цифрлық қолтаңба арқылы  расталады. Содан кейін нысанды санитарлық талаптарға сәйкес дайындау қажет. Үшінші қадам — мониторингтік топтың тексеруі. Егер бәрі дұрыс болса, сайттағы жеке кабинеттен және электронды поштаға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін — жұмысты қайта бастауға рұқсатты алып, істі бастауға болады, — дейді Анар Даржанова.

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, Ақтөбедегі «Mama Boss» салонының директоры Мәдина Мұратова өз бизнесін жалғастыруда сайт арқылы өтінім беруді рәсімдеуге бес минут уақыт жұмсағанын айтады. Ол кешеден бастап клиенттер қабылдауға кірісті.

infokazakhstan.kz платформасы арқылы қызметімізді тіркедік, енді жұмысқа кірісеміз. Жеке электронды цифрлық қолтаңбаны қолданып, тіркеуден өту оңай. Ол үшін  қызмет түрінен бастап, барлық жұмыскерлерді тіркеп, бизнесті жүргізуге рұқсат алдық. Яғни бізге 17 тамыздан бастап заңды түрде жұмысқа кірісетініміз жайында хабар берілді, — дейді Мәдина Мұратова.

Талап бойынша кәсіпкер электронды рұқсатты басып шығарып, нысан ішіне іліп қоюы керек.

Жұмыс бастауға көмектесетін www.infokazakhstan.kz сайтының функционалы кеңейген. Атап айтқанда, айдар тетіктері жақсарған, кәсіпкерлер тізімі жаңартылып, сауда және ойын-сауық орталықтары, бизнес нысандарын және  базарлардағы орындарды жалға алу мүмкіндіктерін де сайттан көруге болады.

Кәсіпкерлерге кеңес беру үшін 1432 байланыс орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді. Қоңырау шалу тегін. Ақтөбе облысы бойынша байланыс орталығының негізгі нөмірі мынадай: + 7 (7132) 744-608.

Сонымен қатар t.me/infokazakhstan телеграм-каналы іске қосылған. Онда портал жұмысына қатысты соңғы жаңалықтар және бизнес өкілдеріне басқа да қызықты ақпарат жарияланады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button