Басты жаңалықтарЭкономика

«Қатысу бюджеті»: хромтаулықтар 50 млн теңгені өздері жұмсайды

1 тамыз күні Хромтауда «Қатысу бюджетіне» ұсынылған жобаларды қабылдау аяқталды. Тұрғындар ұсынған бұл жобаларды енді арнайы құрылған эксперттік топ сараптап, үздіктерін таңдайтын болады.

«Қатысу бюджеті» деген не? Ол қалай жүзеге асырылады? Ол не үшін қажет? Алдымен, осы сұрақтарға жауап берейік:

Маусым айының 25-інде Хромтауда «Қатысу бюджеті» бастамасы қолға алынды. Ондағы мақсат —  болашақта қаржыландырылатын қоғамдық жобаларды іріктеуге қала тұрғындарын қатыстыру. Яғни бұл — қоғамдық инфрақұрылымды қалай дамытып, не жасау керектігін қала тұрғындары, әкімдік пен қала құраушы кәсіпорын — Дөң тау-кен байыту комбинаты бірлесе шешеді деген сөз.

Бұл хромтаулықтарға өз қаласына не керек екенін өздері анықтауға, өздері шешуге мүмкіндік береді. Қала тұрғындары өздерінің идеяларын ұсынғаннан кейін оның сырт көрінісі мен қызметі жоспарланып, дауыс беру арқылы үздіктері анықталады. Озық шешім деп танылған жобалар онлайн дауыс беру арқылы іріктелген соң, Еуразиялық Топ (ERG) оны іске асыруға қаражат бөледі. Жергілікті әкімдік бұл жобаларды 2021 жылы жүзеге асыруы тиіс. Ол үшін ERG кемінде 50 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырып отыр. Компанияның маңызды міндеттерінің бірі — кәсіпорындары орналасқан туған өңірлерді гүлдендіру.

Хромтау қаласында бұл бастаманы Жобалау орталығы үйлестіреді. Ал ұсынылған өтінімдерді сарапшылар кеңесі талдайды. Оның құрамында Хромтау ауданының әкімдігі, Дөң ТКБК, ERG мен сыртқы сарапшылар бар.

— 1 шілдеден бастап тұрғындардан арнайы әлеуметтік портал арқылы жобалық ұыныстар қабылданды. Хромтаулықтарға ол үшін бір ай уақыт берілді. Моноқала тұрғындарына жобаларының құны 5 миллион теңгеден аспауы қажеттігі туралы талап қойылды. Олар өз ұсыныстарын жобалық сессияларда өздері қорғап, оның Хромтауға қаншалықты қажет екендігін дәлелдейтін болады. Іріктелген жобалар қыркүйек айында дауыс беруге шығарылады. Оған тек хромтаулықтар ғана дауыс бере алады. Дауыс беру нәтижесінде қаржыландырылатын, сәйкесінше 2021 жылы жүзеге асырылатын жобалар анықталады, — дейді жобалау орталығының өкілі, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту агенттігі» қоғамдық қорының төрағасы Абай Мырхин.

«Қатысу бюджеті» жобасы ең алғаш 1989 жылы Бразилияда Порту-Алегри қаласында жүзеге асырылыпты. Жергілікті қазына қаражатын жұмсауға қала тұрғындарын қатыстыруға бағытталған бұл жоба аясында Порту-Алегри тұрғындары өз үйлерінің ауласына, өз қаласының көшелеріне қажетті нәрселерді өздері анықтап, өздері талқылап, жүзеге асырған. Бұл жобаның нәтижелі болғаны соншалықты — қазіргі кезде әлемде 8 мыңға жуық «қатысу бюджеті» қолға алынған. Бүгінде мұндай жоба Корея (Сеул), Перу, Индонезия, Италия, Польша, Қытай, Франция, Ресей, басқа да елдерде бар.

ERG компаниясы елімізде бұл жобаны 2019 жылы қолға алды. Сол жылы алғаш рет «Қатысу бюджеті» Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында сәтті іске асырылған. Ал биыл жоба моноқалаларда тұңғыш рет қолға алынып отыр. Алдағы жылдан бастап халықтық қатысу бюджеті жобасын еліміздің барлық қалаларында түгел енгізу көзделіп отыр.

Биыл Хромтау ауданы іргесінің қаланғанына 85 жыл толып отыр. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық жолы бойында орналасқан өндірісті ауданда 46 мыңнан, аудан орталығында 26 мыңнан астам адам тұрады. «Қатысу бюджеті» аудан орталығы тұрғындары үшін үлкен сый болғаны рас.

— Қаламыздың көркеюіне осы жерде өмір сүретін әр азамат мүдделі. Сондықтан әр тұрғынға өз қаласын көркейтуге мүмкіндік берген жобаның біздің өңірде іске асырылып жатқаны қуанышты жайт. «Қатысу бюджеті» жобасы тек жаңа нысандар салумен шектелмей, бірқатар инфрақұрылымдық түйткілдерді де шешуге септеседі. Тұрғындар бір ай бойына budget-uchastiya.kz порталы арқылы өздерінің ұсыныстарын жолдады. 1 шілдеден 1 тамызға дейін хромтаулықтардан барлығы 45 ұсыныс түсті. Олардың қатарында жол, жарықтандыру, су, балалар алаңдары, саябақтар салу, көшелерді абаттандыру секілді 40-тан астам жоба бар. Енді алдағы екі апта бойына эксперттік комиссия барлық ұсыныстарды талдап, үздіктерін іріктейді. Хромтау тұрғындары жобаның бірінші кезеңінде қандай белсенді болса, екінші, үшінші кезеңдерде де сондай белсенді болуын сұраймын. Хромтау ауданының кез келген тұрғыны өзіне ұнаған жобаға дауыс беріп, түпкі шешімге ықпал етеді! Бұл аудан үшін өте маңызды,  — дейді Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Метгүл Қосымбаева.

Хромтаулықтардың ұсыныстары әртүрлі. Мәселен, хромтаулық Сәлима Князбаева қалада «Балдәурен» балалар саябағын қайта жасақтауды, жабық аквапарк салуды ұсынып отыр.

—  Хромтау қаласының тұрғындарында табыс бар, оларға бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу үшін қаражат та жеткілікті, бірақ, өкінішке қарай, қалада ересектердің де, балалардың да баратын жері жоқ. «Балдәурен» қалашығы тек жаз мезгілінде, жылы кезде ғана жұмыс істейді. Егер жабық аквапарк салсақ, ол қыс мезгілінде де жұмыс істеуге мүмкіндік берер еді, аквапарк денсаулық үшін де пайдалы, ол жерге балалар да, ересектер де барады, бұл — хромтаулықтар үшін қажет жоба, — деп жазады ол. Мұхтар Сәмбетовтің де пікірі осындай, ол да Хромтауда тіпті ақылы болса да табиғатқа шығып, суға шомылатын орынның жоқтығын, сондықтан шағын аквапарк салу қажеттігін айтады.

Жалпы, хромтаулықтар үшін бос уақытты тиімді өткізу мәселесі, демалыс орындары, спорттық алаңдар, саябақтар салу мәселесі қатты толғандыратынға ұқсайды. Ұсыныстар қатарында осындай бағыттағы жобалар баршылық. Мәселен, қаланың тағы бір тұрғыны Гүлжан Жұмағалиева неке қиып жатқан жас жұбайлар барып суретке түсетін арнайы саябақ салуды ұсынады, ал Әсел Өтебай балаларға арналған футбол алаңын, оның қасына денешынықтыру-сауықтыру алаңын салуды ұсынып отыр. Шынар Бәйімбетова, мысалы, екі баскетбол алаңын салу қажет деп есептейді. Оның айтуынша, Хромтаудағы №4, №6 мектептер аумағында бұрын баскетбол алаңы болған, корт бар, қазір ол пайдаланылмағандықтан азып-тозып тұр екен. Ұсыныс беруші сол алаңдарды қайта жасақтау қажеттігін айтады. Тұрғындардың енді бірі Хромтауда жабық мұз сарайын, ашық аспан астындағы кинотеатр, жабық шағын футбол алаңын, стритбол алаңын, велосипедшілерге арналған арнайы тұрақтар, шаңғы базасын, тау шаңғысы курортын салуды ұсынып отыр.

Тұрғындарды ауызсумен қамту, жолдарды дұрыстау, жол жиектеріне суағарлар салу сынды мәселелерді шешуге бағытталған жобалар да бар.

— Қала жолдары шұрқ тесік. Жол белгілері де көрінбейді. Екіншіден, аулаларда көлік қоятын жерлер жоқ. Адамдар кез келген жерге көліктерін қойып, жүре береді.

Аулаларда арнайы тұрақтар жасалса, дұрыс болар еді, — дейді  қала тұрғыны Ерсін Таран.

Жол жиектеріндегі тазалық мәселесі де хромтаулықтар үшін маңызды. «Қаламыз, әсіресе, көктемде, күзде өте лас болады. Суағар салсақ, әрі қала таза болады, әрі жол жабындылары ұзақ сақталады», — дейді тұрғындардың бірі.

Жобалау орталығының кеңесшісі Жангелді Жұбатқановтың айтуынша, көгалдандыру бойынша — 1, тротуарлар, пандустар ман арықтар салу және жөндеу бойынша — 3,  қоқыстарды жинау, сақтау орындарын салу бойынша — 2, беседкалар, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орналастыру, ойын, демалыс алаңдарын жасақтауға қатысты — 2, спорттық алаңдарды, аулалардағы, көпшілік орындардағы балалардың ойын алаңдарын салу, жөндеу, жарықтандыруға қатысты 16 ұсыныс бар.

— Сонымен бірге автокөлік жолдарын, өткелдерді, тұрақтарды жөндеуге қатысты — 6, саябақтар, скверлер, жаяу жүргіншілер аумақтары секілді жалпы пайдалану орындарын салу, жөндеу, жарықтандыруға қатысты — 10, елді мекендерді сумен қамту нысандарын жөндеу, абаттандыруға қатысты 2 және қоғамдық көліктерді пайдалануға қатысты, тарихи-мәдени нысандарды жөндеуге қатысты бірнеше жоба бар. Тұрғындар тарапынан түскен барлық ұсыныстар жоба сессиясында толық өзгеруі немесе кейбір жобалық ұсыныстар біріктірілуі әбден мүмкін. Өйткені кейбір жобалар нақты негізделмеген, тек идея ретінде ғана айтылған. Сондықтан жобаларды іріктеу барысында осының барлығы ескеріледі, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button