Құқық

Киік мүйіздерін сатып, кәсіп қылған…

Ақтөбелік полицейлер киіктерді атып, олардың мүйіздерін сатумен айналысқан бір топ адамды ұстады. Күдіктілер жойылып бара жатқан жануарлардың бір түрінің 70 басын атып, мемлекетке және қоршаған ортаға үлкен зиян келтірді.

— Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер Ақтөбе мен Әйтеке би ауданы тұрғындарының киік дериваттарын (мүйіздерін) заңсыз ату мен сату айналымына қатыстылығы туралы жедел ақпарат алды. 10 тамызда Қарабұтақ кентінде полицейлер күдіктілермен сатып алушы ретінде кездесті, —  дейді полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, арнайы қабылданған шаралар нәтижесінде облыстық полиция департаменті қызметкерлері бұрын сотталған 4 адамды ұстады, олардың екеуі Әйтеке би ауданының шаруа қожалықтарының басшылары болып шықты.

Күдіктілерден жалпы салмағы 50 келі болатын 135 дана мүйіз тәркіленді. Сонымен қатар күдіктілердің бірінің үйінен, тінту барысында, тіркелмеген мылтық тәркіленіп, қорадан сойылған екі киік пен жабайы тірі қабан табылды. Осылайша күдіктілер мемлекетке және жойылып бара жатқан жануарлар түрлеріне үлкен залал келтірген, жалпы алғанда 70 бас киікті атқан.

Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігі (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз іс жүргізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жыл басынан бері облыста киіктерді заңсыз атудың 2 фактісі және дериваттарды заңсыз қолданудың 8 фактісі тіркелген.

Облыстық полиция департаменті деректері бойынша әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button