Әдебиет

Мейірханның миссиясы

Мейірхан Ақдәулетұлы – 70

Әдеби орта —

Әлем бір тосын ісі, —

Совет пенен Сәбеңнің қосындысы.

Маң-маң басып біреу жүр біз ақпыз деп,

Мағжанды ұстатқан — осы кісі!

 

Нашар шәйір неге анау жақсы-ақ жігіт,

Бір жасаймыз бір өлең тапсақ жібіп?

…Академик болды-ау, бір ағатайым,

«Мағжан деген —  ұлтшыл!» деп қақсап жүріп…

 

Мынау әулет — қатыгез, қаралы әулет.

Өз-өзінен өртеніп жанам-ау кеп:

Мұқағали жынды… деп жүрген көкем,

Көзін сығып өксіп тұр:

«Данам-ау…» деп.

 

О, Алматы…

Алматы-ай, гүл-гүл бағың,

Гүл-гүл бағың қылды ғой дүлдүл бәрін.

Алаш Анам осында жинап алды,

Менен басқа сайраған бұлбұлдарын.

 

Бойың қалай демейтін, ойың қалай,

Осылардың осылмас ойындары-ай:

Алабұртып жүр екі-үш қарындасым,

Фаризаңның өзін де мойындамай!

 

Зәрем ұшса, басымды торып қайғы,

Жұбатар бір мұсылман жолықпайды.

Асып туған осылар адамзаттан,

Именбейді-ау, ешкімнен қорықпайды.

 

Ал мен жүрмін ұша алмай аспандап бір,

Көзім алды — қыл-көпір, баспалдақ құр.

Қарсы алдымда Абай тұр қабақ түйіп,

Қасымым тұр қасқайып!

… Пастернак тұр…

 

Баяғыдағы әдеби ортамыздың бет-бейнесі, образбен айтқанда, осындай еді. Әлі де сол… Мейірхан Ақдәулетұлы қазақ әдебиетіне осы кезеңде келді. Мыңдаған бояуы көзіңді құбыла арбап, көңілге нұр, көкейге шер ұялататын қазақ жырындағы ешкімге ұқсамай, өзгеше болмыс, өз дауысымен жарқ етіп келді! Келді де, өлең жазбай кетті… «Өзіме ұнайтын 17 өлеңім бар», — дейді ол. Одан басқасын өлең деп отырған жоқ. Ал біз ше? Жасыратын несі бар, бізге «шөп те өлең, шөңге де өлең» ғой?!

«Қазақ өлеңінің құдіреті шексіз. Өлең — халықтың өз жаны, жүрегі. «Әлемге, озықтарға еліктеу» дейтін нәрсе бізде бұрыннан бар. Бұл, сайып келгенде, отарлық сана мен ұлттың аздығының нәтижесінде пайда болған «кембағалдық комплексі». Өзін қор санаудың, өзінікін менсінбеудің, өзін танудан қашудың көрінісі. Әйтпесе саған өзге ұлттың інжу-маржаны да ешнәрсе бере алмайды. Мәселен, хайку. Бұл тілдегі, әдебиеттегі ғана құбылыс емес, бұл — жапонның философиясы мен дүниетанымының, әйгілі дзен-буддизмнің ерекше философиясының әсерімен ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың танымдық, сезініп-түйсінушілік, эстетикалық деңгейдегі тұтас болмысы. Ол орысқа да, қазаққа да ештеңе бере алмайды. Таным үшін, бәлкім, баяны жоқ эксперимент үшін біреулерге (қызық үшін) қажет те болар. Бұл — бір. Хайкуге балаша қызығу, оны бала қыздың аңғал сентиментализмімен әулие тұту — ақымақтықтың басы ғана емес, ол — өз қазағыңның ғажайып поэзиясын толық білмеу немесе түсіне алмаудың белгісі дер едім. Сол оқымысты-еліктегіштерге бізде хайкудың көкесі бар деп, мынаны оқып бер:

Ертістің ар жағында бір терең сай,

Сүйреткен жібек арқан телқоңыр тай…

Ағаштың бұтағына қонып алып,

Сайрайды таңмен бірге қараторғай, — дейді Мейірхан.

 

Путиннің «сүйікті артисі» Алексей Панин Ресейден АҚШ-қа қашып кетіпті… Жай кетпей, елінен ат кекілін үзіп: «Прощай, немытая Россия, Страна рабов, страна господ,  И вы, мундиры голубые, И ты, им преданный народ!» — деген Михаил Лермонтовтің өлеңін айтып кетіпті! Одан біз ғана «кете алмай» отырмыз әлі… Өмірде де, өлеңде де! Қазақтың қара өлеңі — әлемдегі озық поэзияның ең кемеліне келген үлгісі еді! Ал қазір не болып барады? Әлеуметтік желідегі «мүшайраларға» көз салып, қараңызшы. Бүгінде онда қара өлеңді «модернизациялау» дейтін науқан жүріп жатыр. Батыстың ақ өлеңін тізеге салып, қазақ топырағына сіңіре алмайтынын сезбейді олар. Қара өлең әлімсақтан қазақпен бірге туған. Бірге өледі…

 

Қазақ поэзиясындағы ең ұлы реформатор Абайдай-ақ болар!? Жасампаз, жаңашыл дейтін Абай да, Мағжан, Ілияс, Қасым, Мұқағали,  Жұмекен де ғасырлар керуенімен бірге келе жатқан қасиетті қара өлеңнің болмыс-бітіміне осыншалық зорлық-зомбылық жасамаған-ды; қайта оған еуропалық өлең мәдениетінің озық үлгісін ғана сіңіріп, кемеліне келтіріп кеткен-ді.

 

Мыналарда сезімді селт еткізіп, ойды одан сайын тереңдетерлік түк те жоқ; қара басының гөй-гөйін күйттеген бірдеңе… Сонау эпостан бастау алып, жыраулар поэзиясымен ғасырларды көктей өткен қара өлең бұған дейін дәл осылайша қорланған, зорланған емес-ті.

Бір топырақта өскен өсімдіктің өзі екінші бір топырақтан өсе бермейді. Бізде жусан деген шөп бар. Оны басқа жерге ексең, өспейді, қурап қалады. Қара өлең де осы жусан секілді, жер таңдайды, ел таңдайды! Қазақ өлеңіне ақ өлеңді зорлап таңуға болмайды. Қазақ одан ләззат ала ма? Жоқ! Сонда одан кім, не алады?!. Бұл өнер емес, өлермендік қой!

 

Біздің кезімізде цензура болды, тыйым, тізеге салып, тұқырту деген де болды. Мыналарға рақат; әлеуметтік желілерде ойына келгенін оттап жатыр. «Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ»! Баяғының халтуршиктері өз шамасын біліп, үндемей, қойдан қоңыр болып жүруші еді… Бұлар фейсбуктің бетінде сап құрып, төбемізден қобыз тартып келеді. Түстері суық. Өздерінен басқа ешкім жоқ. Бұлар өздерінің дарынсыздығын «модернизм» дейтін пәлекетпен жасырғысы келеді. Бірақ бәрі де алақанға салғандай көрініп тұр ғой: ақынның табан тірері — топырақ, одан ат кекілін кескен адам ақын емес, халтуршик болады!

 

Ел «Мейірхан өлеңді неге тастап кетті?» деп, аң-таң қалады. Мен таңданбаймын, онікі дұрыс, біздікі мүлде қате болды. Біз ғұмыр кешіп отырған осынау тар кезең өлең жазатын заман емес екен. Ең әуелі ел-жұртты жөндеп алу керек еді. «…бүгін Тәуелсіздіктің соңғы күні…» депті оттаған біреу (15.12.2018 ж. ФБ). Бұлай айтуға қалай аузы барады? Елдік мұраты, қазан-ошақ, бала-шаға, немелелері жоқ па? Тәуелсіздік көшедегі көрінгеннің ойыншығы ма сонда?

Ішерге — асы, киерге — киімі, алдында көз тоқтатар арман, мүддесі жоқ қазақ өлеңді қайтеді?! Мейірхан соны біздің бәрімізден ерте аңғарып, әрісі — Абай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, берісі — Шерхан, Камал, Нұрмахан Оразбек, Марат Қабанбайлардан қалған қарасөз көсемсөзге кетті! Мейірханның миссиясы — ұлтқа қызмет ету ғана! Біздікі оған, мүлде, кереғарлау болып тұр: ханымыздан бастап, қарашамызға дейін ұлт бізге қызмет қылса дейміз, әлімізге қарамай. Бізден гөрі етегін ертерек жауып, есін жинап ұлт болған ормандай орыс мұндай адамдарын «Прорабы духа», «Генератор идей», «Подвижник наций» деп әспеттеп, басына көтеріп жатады. Біз болсақ, «Мейірхан өлең жазбай кетті…» деп, олардың сыртынан неше түрлі өсек, қаңқу сөз айтып жатамыз. Жеткен жеріміз әзірше — осы, осы-ақ боп тұр!

 

Қазақ интеллигенциясының бір ит мінезі, Абайша айтқанда, «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылу» болып тұр, өз елін өзі менсінбейді, «мен білгенді ел білмейді» деп ойлайды. Қазақ — атамзаманнан тұрмысындағы күлді-көмешті көзіне де ілмеген ақсүйек жұрт. Бұ жұртта бұған дейін барлығы өз орнында болған. Батыры елін қорғап, ақыны шерін ақтарған. Қөңіліндегі кірбің, кеудедегі кегі ғасырлар бойы қара өлеңмен шайылып кеткен. Шайыла береді. «Қазақ — ақын халық» дейтіні содан. Ақындарына ғана ақыртып сөйлетіп, ақиқатты айтқызған. Өзі үн-түнсіз отыра береді… Соған қарап, ел ол Абайын да түсінбейді деп ойлайды. Оның сезбейтіні, білмейтіні — жер астында. Ішқұсасы шегіне жеткен күні жарылады ол лапылдап! Құдай сақтасын! Ол да оны сақтанса ғана сақтайды ғой. Ұлт — Құдайдың туындысы! Қазақ та солай! Оны зорлап, басқа ұлысқа (советтік, дүниежүзілік англо-саксондық ұлт, т.б. ) айналдыруға болмайды. Мейірхан Ақдәулетұлының миссиясы, өзекжарды ойы — осы. Осы ғана… Бұл жалғыз оның ғана емес, ұлттық әдебиетіміздің ұлы миссиясы болуы керек еді! Ал біз не істеп жүрміз?!.

 

Нобель сыйлығының лауреаты Эдвард Прескотт мұнайдан түскен ақшаға әрбір қазақстандыққа депозит ашуды ұсынған дейді ел. Бізде жалғыз мұнай ғана емес, Менделеев кестесінің күллі элементі бар еді ғой? Халық арада 29 жыл өткенде ұйқысынан әзер оянып: «Шикізаттан түскен пайда қайда?» — деп сұрап жатыр. Сол кезде сұрауы керек еді. Енді бәрі кеш. Мейірхан мұны сонау 90-жылдары шырылдап айтқан. Құлағына қыстырған бір қазақ жоқ… Қазақ «Кетеуі кеткен дүние» дейді мұндайды. Бірақ «Ештен кеш жақсы» дейтін елміз ғой. Замана пойызы жүріп кеткен. Біз керуен сарайда қалып қойдық. «Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған» (Ш.Мұртаза) ұлт әркімге қол жайып, вокзалда жөңкіліп жүрген жүргіншілерге айналғалы қашан… Қолында болашаққа баратын билеті де жоқ! Ол кассада да жоқ, билет алатын ақша да жоқ! Пойыздар жүйткіп жатыр. Біз жалтақ-жалтақ қараймыз, тоқтамайды. Тоқтаса да, бізге орын жоқ онда! Жүргіншінің алды «бич» боп кеткен… Бізде, Құдайға тәубе, бір киер киім-кешек, нан-тұз алатын тиын-тебен бар, ертең соңымыздан ерген бала-шағаның көрер күні не болар екен? Құдай біледі…

 

«Қазақ тілі құрудың алдында тұр» дейді ел… Бірақ қазақ тілі дегеніміз, ең әуелі, қазақ әдебиеті, ол да қараусыз қалды деген ой ешкімнің миына кіріп шығып жатқан жоқ… Орыс әдебиеті деген Пушкин мен Толстой, Чехов пен Горький, Достоевский мен Вознесенский болса, қазақ әдебиеті — Абай мен Әуезов, Махамбет пен Мағжан, Қасым мен Мұқағали, Төлеген мен Фариза деген сөз! Қазақ әдебиеті тезге түспей, қазақ тілі хан тағына отыра алмайды! Қазақ әдебиетін мына нарықтан жаралып, күшіктей қаптаған саудагер, алыпсатар, дүбәра нәсілдің аяғына таптатып қоюдың арты не болар екен?! Соның сазайын  енді тартқалы жатырмыз.

 

Осыдан біраз уақыт бұрын «Аргументы и факты» апталығы академик Сергей Капицаның «Ресей ақымақтар еліне айналып барады…» (№37, 9-15 қараша) атты дабылды мақаласын жариялады. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 35 пайызы кітап бетін ашпайтын көрінеді. «Егер осы бетімен кете берсе, — деп дабыл қағады орыс оқымыстысы, — бұл елдің болашағы күңгірт». Орыстардың небары 35-ақ пайызы кітап оқымаса, қазір қазақтардың 99 пайызы оның бетін де ашпайды!

Кітап оқымайтын елдің екі көзі — теледидарда… Онда күнде шоу, Байжанбаевтар жоқ, оның орнында Қоянбаевтар отыр! Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасын түпнұсқадан оқу мен теледидардан көре салудың арасы жер мен көктей. Қоғамды «ішек-қарын патшалығы» басып алды… Мәдениетті комерцияға басыбайлы құл қылудың соңы сорға айналып барады! «Мемлекет — деп жазады академик, — өзінің күш-қуатын ақшамен немесе әскери күшпен еселей алмайды. Мемлекеттің мерейін мәдениет пен әдебиет қана тасытады! Мәдениет пен әдебиеттің даму деңгейі — ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі — осы» — дейді орыс оқымыстысы. Орыстар — ой үстінде. Ал біз қашан ойланамыз осы?!

 

Ағылшын суретшісі Джимми Нельсон таяуда жер бетінен із-түзсіз құрып кеткелі тұрған ұлт пен ұлыстардың суреттерін жариялады. Сонда чукча, ненецтермен қатар біздің қазақ та тұр! Алладан теріс айналса, ана тілін тәрк етіп, ұлттық әдебиетіне елінің ары мен ұяты, ожданы деп қарамаса, Алаштың да жер бетінен із-түзсіз жоғалып кетуі мүмкін?! Өзі құрдымға кеткелі тұрған елге сенің жылтыраған қызыл сөзің мен тақылдаған тақпағыңның бір тиынға да қажеті жоқ қой?!.

 

Әдебиетімізде сын жоқ. Талғам да таязданып кетті. Қалихан, Сайын, Қабдеш, Әкім, Дулат ағаларымыз әдебиетке әуелі әңгіме жазып келіп еді. Енді, міне, ауыл-ауылдың тантығы — кере қарыс «роман», өлермені том-том «өлең» жазып, кердең-кердең етіп, төбемізде ойнақтап жүр… Қоғам — баяғы қызыл өкіметтен қалған қып-қызыл өтіріктің ордасы! «Әдебиеттегі көлгірсіген өтірік өмірдегі өтіріктен де өте қауіпті» болып барады (Г.Маркес).

 

«Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам ешқашан жақсы жазушы бола алмайды» — деген Мұхтар Мағауин қазақтың саясынан сайғақ құрлы сая таппай, шетелде жүр. Ақынның «паспорты» — азаматтық лирикасы. Қазіргі қарақұрттай қаптаған өлеңшілердің бәріне тән осалдық — азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендігі. Қу қарақан басының ойы мен мұңын «жырлайтын» ұсақ-түйек пенде Әдебиет дейтұғын Әлемдік Рентген алдында кеудесін ашып тұруға тиіс емес! Тұрса — күйкілігі көрініп қалады… Мейірхан соны біздің бәрімізден бұрын сезіп қойған! Оның қара өлеңді қаңтарып қойып, Ақтөбеде «Алтын орданың» шаңырағын көтеріп, Аджиді аударатыны содан-ды. Оның поэзиясы — қазақ; дүниенің түкпір-түкпірінен соны ғана іздеп жүр ол!

 

Әдеби сынның басты миссиясы — «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» болуы керек-ті. Әлеуметтік желілерге қараңыз: 60-70 жасқа дейін жөні түзу бір шығарма жаза алмаған халтурщиктер елге ақыл айта бастады. Соңында осылардың айтағына ерген, аты-жөні белгісіз қайдағы біреулер қаптап жүр… Бүгінгі аузы дуалы ағаларымыздың бірі Қажығали Мұханбетқалиұлы марқұм: «Жазушы жауына да әділ болуы керек» (Ақтөбе. «Адырна», 2018 ж. №1.) десе, бұлардікі «жақтым күйе, жаптым жала». Сонысына өздері мәз-мейрам. Өнерде «мания величия» деген ауру бар. Бұл — бұрын-соңды қазақта болмаған, бізге шет жұрттан келген эпидемиялық жұқпалы ауру, негізінен алғанда, дарынсыздар мен жалынсыздардың соқпа дерті. Тәңірі бойына жарытып татымды талант бермеген халтурщиктердің бәрі де сонымен ауырып, өлеңшіден өлерменге айналады. Кешегі Мағжан мен Сәкендер, одан бергі Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Өтежандар сол қара пиғылды, іштар қара тобырдың құрбаны болған… Дарындыларды тігерге тұяқ қалдырмай қырып-жойған советтік репрессияның (1917-1991 жж.) дақпыртын Сталин мен ягода-бериялар иеленіп, рақатын сандалбай сальерилер көрді. Біз ертеңгі күнімізге осындай типтерден тазарып, ішіне май айналмайтын іштар, дарынсыз, күндестермен емес, шығармашылық потенциалы мықты, талантты да қанатты бәсекелестерімізбен баруымыз керек! Қайдағы бір халтурщиктерін қазақтың төбесіне ойнақтатып қоятын ел емес, солардан таяқ жеп жатқан таланттарға шырылдап ара түсетін өрелі жұрт керек бізге!

Талант — қанат деген сөз! Құс шамасы жеткен шыңына ұшып барып, қонады. Халтуршикте қанат жоқ. Ұшам дейді де, ұша алмай, жыландай жорғалап кетеді. Таланттың тағдыры одан да қиын; ол жазған өзіне өзі мәз болып, төбедегі саңылауынан Алланың нұры түспей қалған күні талантынан айырылып, қанатынан қайырылады. Мына жалған дүниеде қанатынан қайырылған құстан өткен қасіретті жан иесі жоқ; өлі-өлгенше талантты, қанатты атаулыға ата жау болып өтеді. Әдебиеттің есігі түгілі, тесігінен сығалай алмай, көрген күні соның маңайындағы күбір-күбір, сыбыр-жыбыр өсек-аяңның өртіне май құюмен өтеді. Аянышты…

 

Араб ақыны Аль Марзуглидің өлеңінің бір жолы 300 доллар тұрады екен… «Алтын сандықтың» үстінде отырған біз 28 жылдан бері жөні түзу қаламақы ала алмай жүрміз әлі. Жарасхан марқұмның осыдан отыз-қырық шақты жыл бұрын «Араб боп тууым керек еді…» дегені осындайда еріксіз еске түседі екен… Қоғамды жегідей жеген жемқорлық етімізден өтіп, сүйегімізді кеміре бастады.

Белгілі бір ірі тұлғаның бір өңірде өмір сүріп, көзге қара боп жүруі бүкіл бір ұлтқа жарық нұрын түсіріп тұрады. Ақтөбеде шығатын «Адырна» журналы қазақ руханиятына қаншама тың серпін, қозғау салды!? Ұлтымыздың осы кезеңдегі айдарынан жел ескен ерен тұлғаларын біздің Батыс өңіріміз алақанына қалай салып, әлдилеп отыр!? Қараңыз; Оралда, салқын сарайының алдында малдасын құрып Қадыр Мырза Әлі отыр! Атыраудың көшесінде — Ару Фариза, алтын ордасының алдында — Әбіш Кекілбай! Дендерде Табылды Досым тұр! Басқа өңірлеріміз топырағынан осы заманда ешкім тумағандай тып-типыл; Қарағандыны Әлихан мен Әлімханның, Жетісуды Ілияс пен Тұманбайдың, Торғайды Ақан Нұрманов пен Кеңшілік Мырзабековтің елесі кезіп жүр… Әлі қанша жыл кезеді? Оны бір Құдай біледі… Ерін қадірлемеген жұрт іргелі мемлекет құрып, ел қатарына қосыла алмайды: «Мүлдем азып кетпеген кез келген адамзат нәсілі өзінің жалпы санына сәйкес мөлшерлі, көрнекті адамдарды дүниеге әкеледі, — дейді  Мейірханның сүйікті бір жазушысы, Испанның ұлы ойшылы Хосе Ортега и Гассет өзінің «Тобырдың төңкерісі» деген аты шулы еңбегінде. – Олардың бойына айрықша интеллектуалдық, моральдық және өміршеңдік қасиеттер дарытады. Дамыған нәсілдерде бұл мөлшер басқаларға қарағанда, әлдеқайда қомақтылау әрі қуаттылау болып келеді. Басқаша айтқанда, бір ұлт бір ұлттан өзінің таңдаулы азшылығының қуаттылығымен басым түсіп жатады. Әр ұлт өз ортасынан бойында тек өз ұлтына тән қасиеттер шоғырланғандарын ғана даралап шығарады. Көрнекті адамдардың жетіспеуі ұлт тарихына кереғар әсер етеді».

 

Ақын болған соң, Аға сұлтан, Қаракөктің тұқымы Құнанбайдың баласы болмағаннан кейін бәріміздің бойымыздан Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі тайға таңба басқандай анадайдан көрініп тұрады. Мұны біз өзіміз байқай бермейміз, оны талғампаз да, терең Құртқа — Халық (екі көзімен емес!), Тәңірісі берген үшінші көзімен көреді… Мейірхан да соны көріп отыр. Әдебиеттің ақи иесі, талғампаз сыншы Күреңбайы да — осы. Біз келеміз де, кетеміз. Мәңгілікке қалатын — «Табаны жерде тұрғанда, Тапжылмайтұғын Антейдей!» (Кеңшілік Мырзабек) — Халық! Дәлдүріш онымен ойнайды… Һас талант оған іштей тәнті болады. Шынайы шығарма, міне, осы махаббаттан туады!

 

Маған жастар көп келеді. Біреуі «Мен осы ақынмын ба?»  — деп келсе, біреуі «Мен ақынмын!» — деп келеді, зәрең ұшады… Он сегіз жасымда жұдырықтай жүрегіме он сегіз мың ғалам сыйып кеткендей, өзімше мағұмұрланып жүруші едім, жетпіске тұяқ іліктіргенде содан жеті қаламгер қалды ма, қалмады ма?! Қалса замандас,

тұрғыластарымнан осы Мейірхан қалған шығар?! Оның жазған-сызғандарын былай қойып, одан ауызекі сөйлескенде алатын рухани рақатым өз алдына бір бөлек; әріде адамзат, беріде ұлттық руханияттың тереңінен жүзіп ішкен бұл азаматтың Алашына айтар сөз, ағытар сыры әлі мол. Сондай бір сыр-сұхбатта туған бір өлеңмен тамам болсын осы бір толғанысым:

 

Мейірхан Ақдәулетұлына

 

Тәңірімен түйіспей жолдары,

Дарвин түгілі, Карл Маркс те сорлады.

Маймылдан адам шығарды, бірақ ол-дағы

Инсан-и-камил* болмады.

 

Ал онда, бірақ қахысы қанша қазақтың?

Өзі де ғажап, өзге де оған ғажап тым.

Жасынан сенгіш әулие-әмбиелерге,

Қара бұлт көшкен, аспаннан түсіп азат күн.

 

Әлі де асқақ өр үні.

Алаң болмағандай,

Бодан болмағандай өмірі.

Атырау-Арқа-Алатау-Алтай арасы,

Көзіне түссе, көңірсіп көктем-көңілі.

 

Алаштан не бір арландай асқақ ұл туды.

«Тап солай біз де сүйеміз — деген — ұлтымды…»

Ұлдары суайт!

Санасыз өзі, панасыз,

Әлемде біздей ел де бар ма екен бір түрлі?

 

Егемен болды, алған жоқ, бірақ ел есе,

Ер бола ма екен елінің қамын жемесе?

Елу миллион қазақ жүру керек-ті бұ жерде,

Елу мың тұлға туу керек-ті немесе?!

…ал біз не істеп жүрміз…

*Кемел адам.

29.07.2020 ж.

Серік АҚСҰҢҚАР

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button