Білім

Жаңа оқу жылына әзірлік қалай?

Жаңа оқу жылында облыста бірнеше мектеп ел игілігі үшін пайдалануға берілмек. Соның арқасында біраз мектепте үш ауысымда оқыту мәселесі шешіледі.

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы және «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 60 білім беру ұйымына жөндеу жұмыстары жасалуда. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты да мектептердегі орын тығыздығы мәселесін шешуге септігін тигізбек.

Біз облыс мектептерінің жаңа оқу жылына әзірлігі жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен әңгімелескен едік. 

20 мектептің құрылысы

Қазір облыста 20 мектептің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жаңа оқу жылында Ырғыз гимназиясы, Байғанин ауданындағы Бұлақтыкөл мектебі, Темір ауданы Шұбарқұдық елді мекенінде мектеп (60 орындық интернатымен бірге) ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жыл аяғына дейін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында екі бірдей мектеп ел игілігі үшін пайдалануға беріледі. Олар 2 және 4-шағын аудандарда еңсе тіктейтін болады. Сонымен бірге Мұғалжар ауданындағы Құмжарған мектебі, Қарғалы ауданындағы Бадамша ауылында 300 орындық мектеп-интернат ашылады, — дейді Ләззат Оразбаева.

Қазір Шалқар ауданында 2 мектептің құрылысы жүргізілуде. Мұндағы №5 мектепте оқушылар үш ауысымда оқиды. Жаңа мектеп пайдалануға берілгенде осы үш кезеңде оқу  мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар сыйымдылығы 100 орындық  Қарашоқат мектебінің де құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл ғимарат ашылғанда аталған мектептегі орын тапшылығы жойылады. Темір ауданындағы Шұбарши ауылында мектеп-интернат салынып жатыр.

Мектептегі орын тапшылығын жою мақсатында қазір Ақтөбе қаласындағы №17 және №56 мектептердің жанында қосымша құрылыстар салынуда. Оқу жылы басталғанша аталған құрылыс жұмыстары аяқталады, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

Қос жоба және 60 ғимарат

«Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы және  «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 60 ғимараттың 54-іне күрделі жөндеу және 6-ауына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстар үшін республикалық бюджет есебінен 5 235 078,5 мың теңге бөлінсе, «Ауыл — ел бесігі» жобасындағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бөлінген қаражат — 381 577,25 мың теңге. Айта кету керек, аталған бағдарлама мен ауқымды жоба аясындағы жұмыстардан облыстағы ешбір ауданның білім беру мекемесі тыс қалған жоқ. Мысалы, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Шалқар аудандарының әрқайсысында 4 білім беру ұйымынан жөндеу жүргізіліп жатыр. Облыс орталығында 23 ғимарат жаңаруда. Оның 13-і — мектеп, 10-ы — балабақша. Ырғыз, Темір, Хромтау аудандарында бұл бағытта жоспарланған жұмыстар толық аяқталды, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, мектеп құрылысы, жөндеу жұмыстары тиісті органдардың басшыларының жіті бақылауында тұр. Күні кеше ғана облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева және облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы  Байрон Өтешов Байғанин, Темір және Мұғалжар аудандарындағы жұмыс барысын қадағалап келіпті.

Оқу жылы басталғанға дейін 48 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталмақ. 1 қыркүйектен кейін 9 ғимараттағы жөндеу жұмыстары жалғасады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге де сеп. Мысалы, қазір Ақтөбе қаласындағы 4 мектепте орын тығыздығын шешу мақсатында қосымша құрылыс салынып жатыр. Олар —  №13, №23, №53 және №68 мектептер, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Айта кету керек, жоба аясында барлығы 1286 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 643-іне жұмыспен қамту орталығы арқылы келгендер тартылыпты.

Үш ауысымды мектеп мәселесі қалай шешіледі?

Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданындағы мектептердің орын тығыздығы, орын тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Мұндағы №63 және №64 мектептер үш ауысымда білім беруге мәжбүр. Бұл — бір. Екіншіден, бұл мектептерде бала қабылдауға мүмкіндік те жоқ. Сол себепті аталған шағын ауданға тиесілі балалардың біршамасы №23 мектепке барған болатын. Дегенмен қазір аталған мектепте де орын тығыз. Сондықтан оқушыларды №1 және №10 мектеп қабылдап жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ата-аналарға мұның бәрі уақытша қиындық екенін айтқым келеді. Өйткені қазір Батыс-2 шағын ауданында облыс орталығындағы заман талабына сай бірнеше білім беру мекемесінің құрылысын салған жеке  кәсіпкер Зәмзәгүл Баймағамбетова 1200 орындық мектеп салып жатыр. Бұл ғимарат пайдалануға берілгенде 2400 бала қабылдай алатын болады. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мектепті келесі жылы ашу жоспарланып отыр. Сол уақытта қазір басқа мектептерде оқуға мәжбүр болған Батыс-2 шағын ауданының балаларын аталған мектепке қабылдайтын боламыз.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласындағы Сәңкібай батыр даңғылында орналасқан «Ақбөбек» жеке мектебі де оқушыларды (300 орындық) қабылдай алады. Мұны да ата-аналардың білгені жөн. «Ақбөбекте» оқуы үшін балалар ешқандай ақша төлемейді. Аталған білім беру ұйымына мемлекеттік тапсырыс беріліп отыр. Қазір Батыс-2 шағын ауданынан тағы да «Ақбөбек» мектебі салынып жатыр. Бұл ғимаратты 1 қыркүйек күні ашу жоспарлануда. Аталған мектепте де 300 баланың тегін оқуына мүмкіндік бар. Бұл үшін де мемлекет тарапынан арнайы тапсырыс беріледі. «Ақбөбек» жеке мектебі қай сыныптың оқушыларын қабылдай алатындығы туралы толық мәлімет жақын күндері облыстық білім басқармасының сайттары мен әлеуметтік желілерінде, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің парақшаларында жарияланатын болады, — дейді Ләззат Оразбаева.

Қашықтан оқыту жалғасады:

компьютер және интернет

Балаларға уақытша пайдаланулары үшін компьютерлер тамыздың 15-інен кейін таратылады. Қазір 5-11 сыныпта оқитын аз қамтылған, көпбалалы отбасыдан шыққан, қамқорлықтағы және ерекше қажеттіліктері бар 23 945 бала анықталып отыр. Оның ішінде 19 мыңнан астам балаға қашықтан оқыту мақсатында мектептегі компьютерлер беріледі.

Жалпы есеп бойынша мектептерде 18 мыңнан астам компьютер бар екен. Жарамды компьютерлердің саны — 12 550.

Мектептерді талапқа сай компьютерлермен қамту  көптен шешілмеген мәселе болатын. 10 балаға 1 компьютерден келеді. Негізі бала басына бір компьютерден келуі тиіс-тін. Қазір компьютерлер паркі жаңартылуда. Облыстық бюджеттен 9320 компьютер алу жоспарланып отыр.

Интернет желісінің қамтылуы әлсіз ауылдар бар. Бұл мәселе «Қазақтелеком» мекемесімен бірлесіп шешіледі. Аталған мәселе облыс әкімінің бақылауында тұр, — дейді басқарма басшысы.

Жаңартылған білім беру бойынша 11-сынып оқушылары үшін ғана оқулықтар алынады. Қалған сыныптар үшін жетпейтін оқулықтарға тапсырыс беріліпті.

5-17 тамыз аралығында біздің облыс үшін  Алматы қаласындағы баспалардан оқулықтарды қабылдау белгіленген болатын. Қазір Ақтөбе қаласы және аудандардағы білім бөлімдері осы мақсатта жұмыс жасауда. Тамыздың 20-сына дейін оқулықтарды жеткізу жоспарланып отыр. Мектептерде оқулықтар тамыздың 15-інен кейін таратылады, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button