Мәселе

Технология күн сайын жаңарады, зияны қандай?

Е-әлем

Жаңа технологиялардың дамуы арқасында ғаламтор қарапайым адам өмірінің айнымас бір бөлігіне айналғалы қашан? Әсіресе, компьютер ойындары мен ұялы телефондағы мобильді агент бағдарламасының балалар мен жастарға әсері қандай?

Ғаламтордағы ойындар

Алайда тек 2002 жылы наурыз айында 21 жасар америкалық Шон Вили виртуалды ЕverQuest он-лайн ойынында жеңіліске ұшырап, өзіне-өзі қол жұмсағаннан кейін ғана әлем дәрігерлері дабыл қақты. Қазіргі кезде ғаламторға еркін ену мүмкіндігі бар 17-18 жас шамасындағы жеткіншектердің арасында дәл осы компьютерлік ойындар үшін айлап далаға шықпайтындары да кездеседі. Тіпті, кейбіреулері он-лайн ойынынан бір сәтке де қол үзбес үшін агорафобиямен (ашық кеңістіктен қорқу) ауырамын деп мүгедектік алуға тырысқан екен.

Психологтардың зерттеуінше, компьютерлік ойын үстінде адамның ойлау қабілеті, эмоциясы төмендеп, тек көру қабілеті және рефлекстері жұмыс істейді екен. Қияли әлемге жіпсіз байланғандардың көпшілігі күнделікті өмірде іс-қимыл траекториясы мен қашықтықты есептеуде қателіктерге бой алдырады. Себебі, 3D-бейнелер кеңістігі шынайы өмірге мүлдем ұқсамайды.

Осының кесірінен физикалық іс-әрекетке тек адам саусақтары түсіп, тендонит — қол саусақтары сіңірлеріне шамадан тыс күш түсіру нәтижесінде пайда болатын дертке ұшырайды. Әлемде компьютермен жұмыс жасайтын әрбір екінші адам осы аурумен ауыратын көрінеді.

Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе, жас бүлдіршіндер виртуалды әлемнің арқасында уақыт еншісінен тысқары қалып, айналадағы шынайы тіршілікке қызығушылығы төмендейді. Ол ас ішу уақытын өткізіп, ұйқы тәртібін бұзып, сыртқы келбеті мен жеке гигиенасына аз уақытын бөледі. Сөйтіп, саусақтары пернетақта басып отырғандай қалтырап, бас ауруы жиілеп, көздері ашып, ұйқы барысында көретін түстерінің мазмұны өзгеріп, арқасы да сыр бере бастайды. Компьютерлік ойындарды көп ойнайтын адамдар көп жағдайда мойын остехондрозы, геморрой және простатит ауруларына ұшырайды.

Ұялы телефондағы «әлем»

Қазір ұялы телефондар оятқыш сағаттарды нарықтан қуып жібермегенмен, біраз ысырып тастады. Адамдарды жұмыстан, балаларды сабақтан қалдырмай, оларды ұйқыдан оятатын болды. Тіпті, ең арзан саналатын 4 мың теңгенің қалтафоны қараңғыда келе жатқан адамға «фонарик» қызметін ұсынады.

Қазір мектеп жасындағы балалар мен жұмыста жүрген жастар ұялы телефоннан бір елі ажырамайды. Түнде ұйықтағанда да қастарына алып жатады. Бұрын құлаққап арқылы музыка тыңдап, жан-жағындағы әлемде шаруалары болмаса, қазір одан зоры шықты. Олар ғаламтор арқылы мобильді агент (м-агент) бағдарламасын ұялы телефон жадысына көшіріп алады да, әлемнің әр түкпіріндегі әртүрлі жастағы адамдардан дос тауып, сөйлеседі. Жөні түзу әңгіме айтса, жақсы ғой. Олардың не туралы айтып жатқанын тексеріп  жатқан да ешкім жоқ. Әйтеуір, қалтафондары қолдарынан түспейтін болды. Мұғалімдердің де сабақ үстінде кей оқушылардың осы кәсіппен айналысатынын айтатынын естіп жүрміз. Мұғалімнен қорықпаған бала, әрине, үйде тіпті еркін емес пе?

Үйінде титтей де шаруа жасамай, керісінше, қолындағы ұялы телефоннан бас алмай отыратын балалар мен жасөспірімдерді де көріп жүрміз. Жаңа технологияның жақсылығы сол — осы арқылы кей жастар достасып, кездесіп, шаңырақ көтеріп те жатыр. Жамандығы жетіп артылады: ұялы телефонның пернетақталарын басамын деп, саусақ пен қолға шамадан тыс күш түсіп, «хат келді» деген белгіні күтіп, осы кездегі желідегі келеңсіздіктерден жүйке де жұқарады, магнитті өрістер де әлсіретеді. Осылайша балалар мен жастар дертке шалдығады. Дәрігер мамандардың мәлімдеуінше, Еуропада жүргізілген зерттеулер ең аз дегенде он жылдан бері ұялы телефон қолданған адамдарда кейбір ми рагының кездесу жиілігінің артқанын көрсетіпті. Осы мәселемен бірге ДНК-дағы өзгерістер, жүйке жасушаларындағы өзгерістер, мидың жұмысы мен ұйқыдағы өзгерістер секілді аурулар да бар. Мәлімдемеде «Алайда әуе кеңістігіндегі сигналдардың бөлінуі үшін қала орталығы секілді көп адам бар жерлерде төмен деңгейлі сигнал станциясы құрылуы керек. Байланыс әуе жолы арқылы болғандықтан сигнал төңірекке тарайды және жандыларға міндетті түрде әсер етеді» деп жазылды. Ғалымдар сондықтан да ұялы телефон станциялары денсаулыққа қауіп төндіргендіктен, мектептердің ауласы, балабақшалар, ауруханалар, саябақтарда, яғни, қариялар, балалар мен науқастар көп болатын мекендерге құрылмауы керек деген шешімге келіп отыр.

Біліп жүріңіз!

Ұялы телефон қолданған кезде мына ережелерді үнемі есте сақтаңыз әрі өзіңіз соған жол бермеңіз!

  • Ұялы телефонмен мүмкіндігінше қысқа сөйлесу керек. Қажеті жоқ әңгімеден аулақ болыңыз! Жақын жерде тұрақты телефон болса, соны қолданғаныңыз дұрыс.
  • Ұялы телефонмен сөйлескен кезде балалардан алыс жерде болу керек.
  • Жүкті әйелдер ұялы телефон қолданбауы керек, үйде ұялы телефон жабық ұсталуы қажет.
  • Әсіресе, жүйке жүйелеріне әсер ететіндіктен балалардың ұялы телефон қолдану жастары кешіктірілуі керек. /18 жастан бұрын қолдану ұсынылмайды/.
  • Ұялы телефон құлаққап арқылы қолданылуы тиіс. Осылайша ұялы телефонның мидан алыс болуы қамдалуы керек.
  • Телефонның сөйлесуден басқа ерекшеліктерін қолдануды шектеген жөн.
  • Ұялы телефон арқылы қысқа сөйлесу әдетке айналуы керек, қысқаша мағлұмат берілетін кезде  SMS жүйесі қолданылуы керек, ұзақ мерзімді сөйлесуді насихаттайтын кампанияларға кедергі жасалуы қажет.
  • Ұялы телефондардың ең көп радиация тарататын кезі — телефон шырылдаған кез және сіз терген нөмірге байланыс құрған кезі. Сол кездерде телефонды басыңыздан алыс ұстауыңыз керек. Телефонды ашқаннан 1-2 секундтан кейін құлаққа жақындатқан дұрыс.
  • Қарапайым телефон, яғни, кабельді телефон болса, сонымен сөйлесу керек, осындай телефон болған кезде ұялы телефон жабық тасталуы керек.
  • Топтық тасымал көліктерінде электрондық хабарласу жүйелері де кей жағдайда әсер етеді. Сондықтан жол апатынан аулақ болу үшін көліктерде ұялы телефон жабық ұсталуы қажет.
  • Көлік жүргізіп отырған кезде телефон қолданбау қажет. Жедел түрде сөйлесу керек кездерде де көлік сенімді жерге тоқтатылып, сөйлесу керек.
  • Телефон сатып алған кезде SAR (Specific Absorprtion Rate) көрсеткіші көрсетілуін қадағалаңыз. SAR көрсеткіші 0,1Вт/кг және одан да төмендері таңдалуы керек.

Біздің анықтама

SAR (Specific Absorprtion Rate) — қарапайым тілмен айтқанда, мобильді телефонның қауіпсіздік көрсеткіші. Яғни, бір килограмм миға әсер ететін ватт өлшеміндегі қуаттың сәулелену көрсеткіші. Аталған көрсеткіштің өлшем бірлігі — Вт/кг. Ғалымдар мобильді телефонның қауіпсіздігін осы көрсеткішпен байланыстырады. Неғұрлым SAR көрсеткіші аз болса, соғұрлым телефоныңыздың зиянды сәуле бөлу деңгейі де төмен. Мәселен, кейбір ұялы телефон түрлеріне тоқталсақ: Nokia 3130 — 1.24 Вт/кг.,  Nokia 6210 — 1,19 Вт/кг.

  • Байланыс

Тарифтер қалай есептеледі?

Ақпарат және байланыс министрлігі Қазақстандағы ұялы байланыс қызметінің тарифтеріне сараптама жүргізеді.

«ҚР Ақпарат және байланыс министрлігі Қазақстандағы ұялы байланыс қызметінің тарифтеріне сараптама жүргізеді», — деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасына сілтеме жасай отырып. «Азаматтардың қызмет тарифтерінің қымбаттылығы жөніндегі арыздарын ескере отырып, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар және реттелетін рыноктар туралы» заңына сәйкес министрліктің Ақпарат және байланыс комитеті «Kcell», «Activ» және «Vegaline» сауда белгілеріне иелік ететін «Қазақтелеком» ААҚ» GSM Қазақстан» ЖШС мен «Beeline» сауда белгісіне ие «КарТел» ЖШС ұялы байланыс қызметтерінің бағасына сараптама жүргізуді бастады», — деп көрсетілген ҚР Ақпарат және байланыс министрлігінің хабарламасында.
Ақпараттандыру және байланыс комитетінің төрағасы Ризат Нұршабековтың пайымдауынша, бұл сараптама ұялы байланыс қызметі тарифтерінің неге сүйенетіндігін анықтауға мүмкіндік береді.

  • Интернет

Қазақ тіліндегі сайттардың саны 8-%-ға артты

Соңғы бес жылдың ішінде қазақ тіліндегі интернет ресурстардың саны 8-%-ға артты.

Қазақстан Интернет компаниялары Қауымдастығының төрағасы Шавкат Сабыров бұл жайтты қазақ тілінде сөйлесу сәнге айналып келе жатқандығымен түсіндірді.

«Егер 2004 жылы мемлекеттік тілдегі сайттар барлық көлемнің тек 4%-ы ғана болса, 2009 жылдың соңына қарай бұл 12%-ға өсті. Бұл қазақ тілінде сөйлесу күннен күнге сәнге айналып келе жатқандығымен байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік сайттардың барлығында (шамамен 120) қазақ тіліндегі нұсқасы болуы тиіс», — деді Шавкат Сабыров «Business Resource» журналының тілшісіне берген түсініктемесінде.

Интернет Қауымдастықтың мәліметінше, орташа есеппен алғанда қазақ тіліндегі ресурстар саны жылына 20%-ға өседі. Бір қызығы, аталған уақыт ішінде орыс және өзге тілдегі сайттардың өсу қарқыны 7%-ға азайған. «Қазақ тіліндегі сайттар бірте-бірте өз аудиториясын жаулай бастады. Мысалы, 2004 жылы Қазнеттегі ресустың 82 пайызы орыс және басқа тілде болатын. 2009 жылдың соңына қарай бұл сан 15 пайызға азайды», — деді Ш.Сабыров.

www.minber.kz

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button