Білім

Қазіргі бағыттың бірі – қайта даярлау

«Әлемдік дағдарыс жағдайында біздің жұмыспен қамту стратегиямыз кадрларды қайта үйрету және қайта даярлау жөніндегі толық ауқымды жұмысқа бағытталған.

Үкіметке, әкімдермен бірлесіп қазіргі бар оқу орындарының базасында мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыруды тапсырамын».

Президент Жолдауы жолдарынан.

Облыста жыл сайын 1000-ға жуық маман қайта даярланады. Биыл 1000 маманды қайта даярлау үшін облыстық бюджеттен 24 млн. теңге бөлінген. Жалпы, мамандарды қайта үйрету біздің өңірде 1992 жылдан бері қолға алынған. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен 2005 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен мамандар тегін кәсіби білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Нағима Тілембаеваның айтуынша, Жолдауға байланысты облыста мамандарды үйрету және қайта даярлау мөлшері жылдағыдан көп болады. Сонымен қатар биыл халықтың сұранысына байланысты он шақты мамандық жаңадан ашылады деп жоспарланып отыр. Біз Елбасы тапсырмасының орындалуын нақтырақ білмек ниетпен облыстық білім басқармасы техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім бөлімінің бастығы Нағима Тілембаеваны сөзге тартқан едік. Сонымен…

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында мазмұнды, мәнді, тағылымы мол әңгіме айтылған. «Дағдарыстан – дамуға» деген тақырыбының өзінен-ақ көп жайтты ұғуға болады. Жолдау адамға ерекше серпіліс, күш-жігер беріп, қайраттандыра түседі. Көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатқан бұл Жолдаудағы әр салаға қатысты айтылған мақсат-міндеттердің өзі өз алдына бір үлкен тақырып, үлкен әңгіме. Соның бірі – мамандарды қайта үйрету және даярлауды ұйымдастыру. Елбасы Жолдауына байланысты биыл елімізде кадрларды қайта даярлау бағдарламасын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 14,4 млрд. теңге жұмсалады. Соған байланысты еліміз бойынша 146 мың адам білім алады деп жоспарланып отыр.

Жолдаудағы міндеттерді орындау мақсатында біз жұмысқа кірісіп те кеттік. Қазір жұмыс жоспарларын дайындап жатырмыз, – дейді Нағима Шенеқұлқызы. Ол облыста мамандарды үйрету және қайта даярлаудан өткізуді ұйымдастыру жақсы, жүйелі жолға қойылғандығын айтады. Бұл игі шара облыста 1992 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қолдауымен 2005 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде жастар тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, былтыр колледждерге – 1750, ал кәсіптік лицейлерге 2467 оқушы ақысыз оқу бөліміне қабылданған. Биыл да бұл үрдіс жалғасын табады.

Мамандарды үйрету және қайта даярлау бағдарламасына сәйкес, биыл облыстық бюджеттен 24 млн. теңге бөлініп отыр.  Бұл қаржыға 1000 адам оқытылады. Жолдауға байланысты маман даярлау бұл мөлшерден де артық болуы мүмкін. Бұл – республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы мен сұранысқа байланысты шешілетін шаруа, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім бастығы.

Нағима Шенеқұлқызының айтуынша, мамандарды қайта даярлауды ұйымдастыру ісі облыстағы 15 мемлекеттік кәсіптік мектеп пен лицейде жүргізіледі екен. Қысқа мерзімді (1-6 ай) курстарда жалпы 35 мамандық бойынша маман даярланады.

Жолдауда: «Біз қазір барлық ірі құрылыс кәсіпорындарын адамдарды басқа мамандықтарға оқыту үшін қарыз бөлуге міндеттейміз», – делінген. Елбасының бұл тапсырмасы да біздің өңірде орындалып жатыр. Мысалы, «Дөң» тау-кен байыту комбинаты өздерінің 77 маманын қайта даярлау үшін Хромтаудағы №4 кәсіптік лицейде оқытып жатыр.

Елімізде кадрларды қайта оқыту негізінен үш бағытта жүргізіледі. 100 мың адамды Аймақтық еңбекпен қамту стратегиясы аясында даярлау. Бұл – бір. Екіншіден, макроаймақтардың экспорттық мамандануын жүзеге  асыру. Бұл мақсатта республика бойынша 23,5 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Үшінші бағыт – шетелдік мамандарды ауыстыру үшін маман даярлау. Жоспар бойынша елімізде 23 мың маман білім алады.

Қазір сұраныстар қабылданып жатыр. Мысалы, Ақтөбе қаласында лифт, аяқ киім жөндейтін мамандарға қажеттілік көп. Сонымен қатар массаж жасайтын мамандардың жетіспеушілігіне байланысты мамандарды қайта даярлаймыз. Биыл облыста шамамен он шақты жаңа мамандықты ашу жоспарланып отыр. Олардың арасында көкөніс пен тұқымдарды өңдеу және сақтау, сұрыптаушы, диірменші, былғары және тері өңдеу шебері мамандықтары бар, – дейді Н. Тілембаева.

Қазір облыста кәсіптік-техникалық білім беретін 40 оқу орны бар. Бұл білім шаңырақтарында 38 084 оқушы дәріс алуда. Облыстағы 16 кәсіптік лицейде 45 мамандық бойынша 5700-ден астам адам жергілікті бюджет есебінен тегін білім алып жатыр. 24 колледжде 87 мамандық бойынша маман даярланады. Онда 32 мыңнан аса адам оқиды. Оның 4768-і облыстық бюджет есебінен ақысыз оқу бөлімінде білім алуда. Нағима Шенеқұлқызы облыста лицейлер мен колледждерде дәріс беретін мұғалімдердің білімдерін жетілдіру мақсатында да жергілікті бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп отырғандығын айтады. Соңғы үш жылда облыстық кадрлардың біліктілігін жетілдіру және қайта даярлау институтында 1000-ға жуық мұғалім мен өндірістік оқыту шебері жергілікті бюджет есебінен (16 млн. теңгеден астам) курстан өтіпті.

Мұғалімдер мен өндірістік оқыту шеберлерінің  біліктілігін көтеру мақсатында Орал қаласында аймақаралық орталық құрылған болатын. Аталған мамандардың білімін жетілдіру мақсатында 2009 жылы облыстық бюджет есебінен 11 млн. 816 мың теңге бөлініп отыр, – дейді облыстық білім басқармасының бөлім бастығы.

Нағима Тілембаеваның айтуынша, облыстағы кейбір кәсіптік кәсіптік лицей, колледждер мен ірі компаниялардың арасында әлеуметтік серіктестік жақсы жолға қойылған. Мысалы, Ақтөбе политехникалық колледжі «Химстрой-Ақтөбе» ЖШС, «Мегастрой Алатау» ЖШС, «KEGOK», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Қазақойл» ЖШС, «Ұлы қабырға» ЖШС кәсіпорындарымен тығыз байланыста. Аталған кәсіпорындар оқу орындарының көптеген әлеуметтік жағдайлары мен колледж түлектерін жұмыспен қамтуға көмектеседі екен.

Хромтау қаласындағы №4 кәсіптік лицейдің көптен бері бірлесіп жұмыс жасап келе жатқан әріптесі – «ТНК Казхром» АҚның филиалы «Дөң» тау-кен байыту комбинаты. Бұл кәсіпорын лицейге күрделі жұмыс жасауға 28 миллионнан астам теңге бөліпті. Сонымен қатар ай сайын арнаулы пән оқытушыларының айлық жалақысына 15 мың теңге қосымша төлеп, оқу үздіктеріне 10 мың теңге шәкіртақы төлеуде.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

*** Қазірде еліміздің 866 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесінде 610 мың 498 адам оқып жатыр.

*** 2006 жылмен салыстырғанда кәсіптік білім беру орындарының саны 36-ға, ондағы оқушылардың саны 51 мың 800-ге өсті.

*** Жұмыстан босатылған кадрларды қайта даярлау шаралары 373 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесінде жүзеге асырылады. Аталған білім шаңырақтарында жыл сайын 150 мың адамды қайта оқыту мүмкіндігі бар.

БІЛІМ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ

«Қазақстанда кәсіптік-техникалық білімді қаржыландыру көрсеткіші төменгі деңгейде болып отыр». Парламент Мәжілісінде өткен жиында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай деді.

– Еліміздегі техникалық және кәсіптік білімнің бәсекеге қабілетсіздігінің

бірқатар негізгі себептері бар. Біріншіден, кәсіптік білім берудің мазмұны

халықаралық стандарттар, оқыту мен өндіріс технологиялар талаптарына сәйкес

келмейді. Екіншіден, бизнес құрылымдарды осы салаларға тарту, жастардың кәсіптік білім алуына қол жетімділігі мардымсыз. Үшіншіден, техникалық және кәсіптік білім саласын қаржыландыру деңгейі едәуір төмен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде соңғы жылдары кәсіптік және техникалық білімді қаржыландыру бойынша бір оқушыға жұмсалатын шығын орта есеппен – 4 мың 300 доллар. Ал Қазақстанның мұндай қаржыландыру көрсеткіші төмен, не бары – 1 мың 52 доллар, –  деді Ж. Түймебаев.

Айта кететін жайт, Норвегия мемлекетінде кәсіптік-техникалық білім жүйесі

бойынша бір оқушыға 11 мың 100 доллар көлемінде қаражат жұмсалса, Германия,

Австрия елдерінде 10 мың 72 доллар көлемінде шығындар көзделеді екен.

– Сапалы білім еш уақытта арзан болмайтыны рас. Кез келген алдыңғы қатарлы

дамыған мемлекеттер реформа жүргізгенде ең алдымен білім саласына бөлінетін

қаржыға, яғни адами капиталға инвестиция салуға баса назар аударады. Осы арқылы заманауи материалдық база қалыптастырып, жоғары білікті мамандар даярланады», – деді министр.

МАМАН КЕРЕК, МАМАН!

Өткен оқу жылында елімізде 331 оқыту шебері жұмыстан кеткен. Бұл жөнінде жақында Парламент Мәжілісінде өткен техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік бағдарламасын заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі парламенттік тыңдауда Палата төрағасы Орал Мұхамеджанов айтты.

– Кәсіптік-техникалық білім беру саласына келеңсіз әсер етіп отырған бірқатар

факторлар бар. Атап айтқанда, аталған саладағы мұғалімдер мен оқыту шеберлерінің жалақысының төмендігі білікті мамандардың

жетіспеушілігіне себеп болып отыр. Мәселен, 2007-2008 оқу жылдары 331 оқыту шебері жұмыстан кеткен. Бұлардың әрқайсысы тәжірибелі, кәсіптік-техникалық білім берудің алтын қоры саналатын шеберлер еді, –  деді О. Мұхамеджанов.

Сонымен бірге Мәжіліс төрағасы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде

экономика сұранысына қарай мамандар даярланбай отырғанына назар аударып, ондағы материалдық-техникалық базаның ескіргенін де атап өтті. Төрағаның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыған елдердегідей деңгейге жеткізу қажет.

– Қазақстанға еңбек нарығын өзгерту қажеттігі туындап отыр. Бұл үшін техникалық және кәсіптік білімі бар жұмысшылардың рөлін арттыру арқылы

жұмыс күшіне қатысты сұраныс пен ұсыныс алшақтығын жою керек. Сондай-ақ, еңбек нарығының сұранысына тұрақты мониторинг жүргізіп, нақты болжамдар жасалуы шарт. Мұнымен бір мезгілде білім беру жүйесін қайта құрылымдау жұмысын атқарған да орынды. Білім жүйесін кадрлық тапшылықтар сезілетін бағытқа бұрып, кәсіптік мектептердің негізгі бағдары еңбек нарығына сай болуы тиіс. Менің ойымша, біз еңбек нарығы өмір сүрген кезде, білім беру қызметі нарығының да жанданатынын сезіп отырмыз. Бұл екі мәселе де бір-бірімен тығыз байланысты, – деді О. Мұхамеджанов.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button