Пікір

Өзімізге де, өзгеге де жанашырлық танытайық

Жақыныңа жанашыр бол!

Әділбек ТҰЯҚБАЕВ,

Ырғыз аудандық орталық мешіттің имамы.

Ауру айтып келмейді. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, төрткүл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайдылық таныту өзімізге ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де зиянын тигізері хақ. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мұсылман қауымын жаназа намазы мен Құдайы астарға қатысудың ережесіне сәйкес, ауыл-аймақтарда жаназа намазына бір ғана діни қызметкер мен отбасының жақын туыстары ғана, жалпы саны 30 адамнан артық жиналмауы керек. Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтап, өзіне және өзгелерге жанашырлық танытуы өте маңызды.

Алла тағала қасиетті Құранда: «Өз-өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», — деп ескертеді. Өз өміріміз бен денсаулығымыз — Алла тағаланың бізге берген аманаты.

Шариғатта қандай да жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда шектеу шаралары қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін қауіпті індет тараған кезде оның алдын алу — әрбір мұсылман баласы үшін ортақ міндет.

Дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», —  деген. Осындай қиын кезеңде сабыр сақтап, сақтық шараларын қатаң орындап, Алладан елдің амандығын сұрауымыз керек. Бұл — белгілі бір топтың ғана емес, баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.  Ибн Омар (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: Әмірші бақташы саналады және өзінің баққанына жауапкер, еркек өзінің жанұясына бақташы және өзінің баққанына жауапкер, әйел де күйеуінің үйі мен балаларына бақташы саналады және баққанына жауапкер…»(Бухари, Муслим).

Халқымыз бұл сынақты да сабырмен еңсеріп шығады. Сондықтан алда қалыпты өмірге қайта оралып, игі істерде басқосуды жазсын! Алла тағала елімізді, халқымызды түрлі ауру-сырқаудан сақтасын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button