Экономика

Бизнес-кеңесші қажет пе?

Кәсіпкерлік

Пандемияға байланысты қазір бизнестегілердің де шаруасы мәз боп тұрған жоқ. Шектеу шаралары кейбір кәсіпкерлік нысандардың жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Мұндай кезде өндірісті қалай басқарып, жаңа мүмкіндіктерге қалай қол жеткізуге болады? Бұл тұрғыда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «Аға сеньорлар» жобасын жүзеге асырып отыр. Аталған жоба аясында бизнес-кеңесші сарапшылар кәсіпкерлік қызмет деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бағдарлама және «Аға сеньорлар» жобасы

«Аға сеньорлар» жобасы елімізде бұған дейін де жүзеге асырылып келді. Алайда жылда елімізге, оның ішінде облысымызға сырттан шетелдік сарапшылар шақыртылып, олар бизнес жүргізушілердің жұмысын жетілдіруде өз білген-түйгендерін айтып, кеңес беріп кететін.

Биыл пандемияға байланысты палата үшін шетелдік сарапшыны сырттан шақырту мүмкін болмапты. Сондықтан отандық бизнес-кеңесшілерді өзара конкурсқа салып, іріктеуден өткендері қазір ел аймақтарында осы бағытта қызмет етіп жатыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы білікті отандық кеңесшілерді шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету мақсатында алдын ала осы бағытта жобаға қатысуға шақырған болатын. Ол үшін арнайы талап та болды. Атап айқанда, кеңесшілердің сәйкес білімімен қатар, бұл қызметте бес жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы қажет. Осылайша кондитерлік, мұнай-газ, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі секторларға бизнес-кеңесшілер тарту жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда сарапшылық көмек персоналды оқыту және тәжірибелік көмек көрсетуге, кәсіпорын дамуында нақты проблемаларды диагностикалау мен анықтауға, сол сияқты проблемаларды шешуде арнайы шешімдер мен практикалық жұмысты анықтауға негізделуі керек.

«Аға сеньорлар» жобасы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. Аталған жоба бойынша басқарудың жаңа әдістерін, өндіріс технологияларын, жабдықтарды енгізу мен персоналды оқыту мәселелері бойынша біліктілігі жоғары бизнес-кеңесшілер іске тартылады. Бұған дейін мұндай бизнес-сарапшылар елімізге, облысқа шетелден тартылды. Оларды «Аға сеньорлар» деп атаймыз. Бұл жоба экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлерге өз кәсіпорнында шетелдік немесе отандық мамандарды шақыруға және кәсіби кеңес алуға мүмкіндік береді, — дейді «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының маркетингтік кеңесшісі Динара Смамутова.

Екі кәсіпкердің өтініші

Өткен жылы Ақтөбе облысынан «Аға сеньорлар» жобасына 4 кәсіпорын басшылығы қатысқан. Биыл әзірге екі кәсіпкер ниет етіп отыр. Олар — аймақта логистика, транспорт тасымалдау және көлік құралдарымен қамтамасыз ететін «Твинс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Мәртөк ауданындағы «Зәру» пантоемдеу орталығының басшылары.

Динара Смамутованың айтуынша, Шымкент қаласынан шақыртылған бизнес-кеңесші Алмас Толықбаев бүгінде «Зәру» пантоемдеу орталығында істі бастап кеткен. Ал «Твинс» мекемесінде кәсіпкерлік қызмет деңгейін арттыру үшін лайықты бизнес-сарапшы қарастырылып жатқан көрінеді.

Ол бизнес-сарапшы кәсіпорында бизнес жүргізу бойынша туындаған проблемаларды, атап айтқанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешу барысында, сондай-ақ практикалық дағдыларды қалыптастыру мақсатында қызметкерлерді оқыту және тәжірибелік көмек көрсету бағытында қызмет ететінін айтады. Келісімшартқа сәйкес сарапшы мен кәсіпкер кеңес бағдарламасын тікелей кәсіпорында жүргізуі тиіс. Сондай-ақ кәсіпорындағы мәселелерді талдау негізінде әзірленген сарапшының практикалық ұсынымдары да қамтамасыз етіледі.

Жобаға экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары қатыса алады. «Аға сеньорлар» компоненті бойынша сарапшыларды тартуда шығыстарды өтеу республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, сарапшылардың жолақысы және көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу бюджет қаражатынан қарастырылған. Алайда жобаға қатысушылар бизнес-сарапшының Қазақстанда тұруы, тамақтану, тәуліктік, аудармашы қызметтеріне байланысты шығындарын ғана төлейді, — дейді Динара Смамутова.

Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашады

Алмас Толықбаев, отандық бизнес-сарапшы:

— Ақтөбеде бұған дейін де болдым. Бірқатар жобаларға қатыстым, сарапшылық еттім. Қазіргі таңда бизнестің 3-4 саласында кеңес беремін. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Аға сеньорлар» жобасын жүзеге асырады. Аталған жоба аясында Ақтөбе облысының  Мәртөк ауданындағы «Зәру» пантоемдеу орталығының басшылығы сарапшы-кеңесшіге өтініш берген екен. Конкурс негізінде таңдалып, қазір осы шаруашылықта жұмыс жүргізіп жатырмын. Өндірістік технология, жалпы басқарудың жаңа әдістері негізінде кәсіпорын басшылығына кеңес беріп, ондағы қызметкерлерге курс-семинарлар ұйымдастырылуда. Шаруашылықпен толық таныстым.

Расын айту керек, қазіргідей қиын жағдайда бизнестің ілгері жылжуына кедергілер болып тұр. Көпшілік кәсіпкер осындай қиындықтарға байланысты жаңа мүмкіндіктерден бейхабар қалып жатыр. Алайда мұндай қиыншылықтарда біз  жаңа мүмкіндіктерді тауып, көрсетіп, кәсіпкерліктің әрмен қарай дамуына ықпал етуіміз керек. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестегілерге осындай мүмкіндікті қарастырып, «Аға сеньорлар» жобасы негізінде бұл бастаманы жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселеде бизнесті қалай алып шығу керек, жұмысты қандай мақсатта жүргізу қажет — жалпы басқарудың тиімді жолдары түсіндіріледі.

Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашады. Осындай мүмкіндіктерді қалай пайдалану қажет, міне, сол бойынша кеңес беріледі. Келісімшарт талаптарына сәйкес біздің тарапымыздан берілетін нақты кеңестер кәсіпкердің өзіне ғана айтылады.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button