Білім

Балдырған

Жануарлар әлемі

Австралияда ғана бар иттер

Бәлкім, сендер Рувим Фраерманның «Жабайы ит — динго» деп аталатын повесін оқыған да шығарсыңдар. Бірақ бұл кітап ит туралы емес, мөлдір сезім туралы жыр еді ғой. Ал динго қандай ит, осыны зерделеп көрейік.

Динго — кәдімгі қолға үйретілген иттердің тұқымы. Ал бұл иттерді Австралияға жергілікті тұрғындар сонау тас ғасырында әкелген екен.

Сыртқы түріне және мінез-құлқына қарағанда динголардың қолға үйретілген иттерден айырмасы жоққа тән. Оның үстіне қазір таза қанды динголар аса сирек кездеседі. Себебі соңғы жүзжылдық шамасында олар үй иттерімен жақындасып та кетті.

Динголар әдетте өзінен тараған тұқымдармен аз ғана топ болып бөлек жүреді. Бірақ ірі аңшылық қасиеттері оянған шақта көп санды үйірге де айналып кетеді. Ертеректе динголар негізінен кенгуруларды аулайтын. Кейін ақ нәсілді адамдар бұл кенгуруларды аңшылық кәсіптің нысанасына айналдырған шақта жабайы иттер енді амалсыздан қойлар мен қояндарға ауыз сала бастады.

Аналық динголар тоғыз ай көтерген соң жер астындағы інде жатып немесе қия жартастардың қалқасында 4-5 күшік туады. Екі ай бойы тек сүтпен қоректенетін бұл күшіктер енесінің соңында бір жыл шамасында ажырамай еріп жүреді.

Құмды шөлейттер мен ылғалды ормандардың қай-қайсысын да мекен ете беретін динголардың тұрқының ұзындығы 1,5 метр, құйрығы 53 сантиметр шамасында болады.

Тұрақты мекен-жайлары, жоғарыда атап өткеніміздей, Австралия ғана.

Заман

2030 жылға саяхат

Қазақ әдебиеті сабағынан мұғаліміміз 2030 жылы Қазақстанның қандай болатыны туралы ертегі-әңгіме жазып келіңдер деп тапсырды. Не жазарымды білмей, көп ойландым. Ештеңе жаза алмаған соң, жуынып алып, ұйқыға жаттым…

Күн жарқырап, нұрын шашып тұр екен. Көше бойымен келе жатсам, айналам толған қызылды-жасылды әсем гүлдер. Неше түрлі биік те әдемі ғимараттарға қызығып қарап қалыппын. Жолдың бір жағында роботтар жаңа ғимараттар салып жатыр. Гүлдерге су құйып, баптап жүргендер де роботтар екен. Кеше ғана сап-сары киім киіп алып, көше сыпырып жүрген адамдар әдемі көйлектерін киіп, саябақта қыдырып жүр. Мен де саябаққа қарай бет алдым. Саябақта неше түрлі әткеншектер мен сырғанақтар толып кеткен. Балалар мәз болып ойнап жатыр.

Мектепке келсем, мұғалімдер бізді қуанышпен қарсы алып жатыр. Қатаң мұғалімдердің өзі күлімсіреп, әдемі болып кеткен. Жаман оқитын балалар озат болып, салақ балалар тазайын болып қалыпты. Сыныптың іші тап-таза, терезенің алдына гүлдерді толтырып қойған.  Бір кезде кітапханашы апай келіп, бәрімізге тегін кітап таратты. Мектеп директоры әрбір партаға компьютер қойылатынын айтты. Мектеп асханасында оқушыларға арнап жасалған дастарқанды көргенде, мейрамханада отырғандай болдық.

Мектептен шығып, дүкенге қарай жүрдім. Дүкеннің алдында ата-әжелер қуанып, билеп жүр. Себебі, дүкендегі заттар қарттарға ақысыз тегін беріліп жатыр екен.

Үйге келсем, ата-анам үй жинайтын робот сатып әкеліпті. Біз сіңлім екеуміз қатты қуанып жатырмыз. Роботты үйді тазалауға қалдырып, біз отбасымызбен хайуанаттар паркіне бардық.

Парктегі жануарлар темір тордан шығарылып, балалармен бірге ойнап жүр. Парктің бастығы жануарларды ұстауға, арқаларынан сипауға рұқсат берді. Көп балалар арыстан, керік, жолбарыстарды тамашалап кетті. Ал маған барлығынан піл қатты ұнады. Ол мені мұрнымен көтеріп алып, тербетіп тұрды да, бассейнге қарай лақтырып жіберді. Бассейнде жүзіп жүріп мен акуламен таныстым. Ол Астана қаласының Океанариумынан келіпті. Бассейннен шықтым да, демалып отыр едім, қасыма маймылдар келе қалды. Олар қолымда жеп отырған бананды сұрады. Өздері адам сияқты, өте ақылды екен. Маймылдармен де тез-ақ дос болып кеттім.

Жан-жағыма қарасам, айналамда әр ұлттың балалары жиналып қалыпты. Бәріміз қосылып, достық әнін шырқап жатыр едік, шырылдаған дауыс естілді. Мен шошып ояндым, қарасам, шырылдаған сағаттың қоңырауы екен. Мен түсімде 2030 жылға саяхат жасап келген сияқтымын.

Гүлраушан САҒЫНАЕВА,

№40 орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Оқушының өлеңі

Тілім менің

Ең асылым — тілім менің,

Басқа баққа жүгірмедім.

Сен жаралы болған кезде

Жүрегімді тілімдедім.

Жұбаттың кеп сондай кезде

Ертеңімнен түңілмедім.

Таңсәуле ӘКІМЖАН,

Шибаевка орта мектебінің оқушысы.

Алға ауданы.

Біліп жүр

Он дерек

  • Ең алғаш «SOS» дыбысы әйгілі «Титаник» кемесінде қолданылыпты.
  • Футболшы бір ойында шамамен 11 шақырым жүгіреді.
  • Адамның сол жақ өкпесі оң жақтағымен салыстырғанда кішірек келеді. Соның арқасында жүрекке орын тиеді екен.
  • Жақсы қаламсаппен 50 мың сөзге дейін жазуға болады екен.
  • Ой еңбегімен көп шұғылданатын адамдардың шашында мырыш пен жездің құрамы көбірек болады екен.
  • Қытайдың кейбір жазу машинкаларында 5700 белгі бар. Оның клавиатурасының ені бір метрге жуықтайды, сол себепті ең шебер деген қаріп терушінің өзі минутына ары кетсе, 11 сөз ғана жаза алады екен.
  • Адам күніне орта есеппен 13 рет күлетін көрінеді.
  • 1 долларлық купюрадан тұратын 1 миллион доллардың салмағы шамамен 1 тоннаға тең. Ал оны бір-бірінің үстіне жинаса, биіктігі 100 метрге жуықтайды.
  • Жағымды заттар көргенде адамның көзінің қарашығы 45 пайызға дейін ұлғаяды екен.
  • Бактериялардың бір пайызы ғана ауру әкеледі.

Қызық-ай!

Мен қайдамын?

Ол кезде үш жаста екем. Фотосуреттері бар альбом қарап отырыппын. Анам мен әкемнің үйлену тойындағы суреттерін көріппін. Әрі қарап, бері қарап, өзімді таба алмаппын. Сосын анамнан: «Мына тойда мен неге жоқпын?» — деп жылап сұраппын. Маған бәрі күлкімен жауап қайырыпты.

Ернар СӘЛІМ,

№ 32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button