Пікір

Барынша сақтанайық

Светлана АЙТБАЕВА,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері: 

— Әлем елдерін жайлаған қауіпті індет біздің елге де салқынын тигізді. Ауру таралымын азайту, қауіпті аз да болса сейілту үшін шектеу шараларын енгізу осындай жағдайда өте дұрыс шешім екені айтпаса да түсінікті. Бұл карантин біздің ұлттық таным-түсінігімізге, болмысымызға сәйкес келе бермейтін, тосын нәрсе болды. Себебі қазақ — ағайын-туыспен араласпай, қуаныш пен қайғыны бөліспей отыра алмайтын халық. Тіпті туыс түгілі, кешкі шайдың өзін көршімен бірге отырып ішпесе, ішкені бойына тарамайтын көпшіл, қонақжай халықпыз.

…Бірақ қазіргі жағдай, жаппай таралып жатқан індет біздің ата-бабадан келе жатқан осы бір бойымызға сіңген қонақжайлық дәстүрімізге сәл басқаша қарауды қажет етіп тұр. Себебі біздің алдымызда дәл қазіргі сәтте онсыз да ат төбеліндей аз ғана халықты аузын апандай ашқан аурудан аман алып қалу міндеті тұр. Бұл кезең әрбірімізге жауапкершілік арқалатып тұр.

Сондықтан тойға бармай, қанша қиын болса да садақаға бармай, үйде отырған абзал. Бұл жайтқа уақытша шектеу деп қарайық. Ұлттық салт-дәстүрді, қонақ шақыруды, қонаққа баруды уақытша кейінге шегеріп, қазіргі сәтте тек қана бастың амандығын ойлауымыз керек.

Күн сайын қаралы хабар естіп жатамыз. Қанша таныстарымыз өмірден өтіп кетіп жатыр. «Ана бір тойға барып еді, құдалыққа қатысып еді, жаназаға барғанда ауырып тұрған сияқты еді» деген секілді әңгімелерді құлағымыз шалып қалады. Әрине, қуаныш болса, құтты болсын айтқың келеді, қайғы болса, бөліскің келеді, бірақ қазіргі таңда елдің амандығы, отбасыңның амандығы үшін барлығынан бас тартуға тура келеді.

Әр жамандықтың артынан бір жақсылық болатыны белгілі. Сол жақсылыққа күн өткен сайын жақындап келе жатырмыз. Соған сене отырып, барынша сақтық шараларын жасауға шақырамын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button