Пікір

Қуаныш-қайғымызға келмегенге өкпе артпайық

Гүлжайнар ҚАЛДИНА,

С.Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры:

— «Егер денің сау болса, оны сақтамақ керек. Ал егер сау болмаса, сауықтыру керек…», — дейді Әбу Насыр әл-Фараби. Қазір біз үшін осының екеуі де аса маңызды. Менің ойымша, тілектің ең жақсысы — «Ортаң толсын!» деген сөз. Себебі күн сайын ортамыз селдіреп, азайып жатыр. Күн сайын жағымсыз жаңалықтар үрейімізді ұшыруда.

Теледидар, газет, интернет, радио, әлеуметтік желілер… Қай-қайсысын да қарауға, тыңдауға, оқуға үрейленетін болдық. Кілең қаралы хабар… Қай жерден де көңілсіз оқиғалар көзімізге шалынып қалар деп сескенеміз. Біз осы жағдайға қалай жеттік?

Халқымыздың қазынасына баланған жиын-тойға барамыз деп қанша адам ауру жұқтырып, қасірет шегіп қалып жатыр. Садақаға барып, қаралы отбасына көңіл айтамыз деп, сан соғып қалғандар қаншама?

Әрине, қуанышын бөлісіп, көбейтіп жүрген, қайғыны бөлісу арқылы азайтуға үлес қосқан, жүрегінде мейірімі бар ұлтпыз. Дегенмен дүниені қазіргідей қауіпті вирус жайлап тұрған жағдайда көпшілік орындардан оқшаулану арқылы ғана өзімізді де, ұлтымызды да сақтап қалатынымыз айқын. Сол себепті қуаныш-қайғымызға келмегенге өкпе артпасақ екен. Есесіне, мына дертті жеңуге ұлт болып ұйыссақ деймін. Міне, сонда ғана басымыз аман, жан-жағымыз түгелденіп, ортамызды толтырып той жасайтын күнге жетеміз! Лайым, әрбір таңымызды жақсы жаңалықпен қарсы алайық, жағымды жаңалықтармен ортамыз толы болсын! Жақынымызға жанашыр болайық! Менің күндіз-түні тілейтін тілегім — осы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button