Пікір

Халықтың ықыласы

Есімхан ЕСЕНБАЕВ,

еңбек ардагері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесудің сәті түскеніне қуанамын. Бұл, әрине, мен үшін үлкен мәртебе.

Елбасы Мемлекет басшысы болғаннан кейін біздің облысқа алғаш рет 1992 жылы  іссапармен келді. Менің Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқы кездесуім де осы кез.  Ол уақытта мен қазіргі Әйтеке би ауданының әкімі болатынмын.

Ақтөбеге жұмыс сапары аясында Елбасы шалғайдағы елдің жағдайын білу, астықты ауданның тыныс-тірлігімен танысу мақсатында Комсомол ауданына  да келген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлына деген ел-жұрттың ыстық ықыласы ерекше болды. Елбасы қайда баратынынан алдын ала хабардар болып алған жұрт, онымен кездесу үшін бағдарлама бойынша Мемлекет басшысы баруы жоспарланған нысандардың маңына өте көп жиналды. Бағдарламадан тыс жерлерде де «мұнда да келіп қалар» деп күткендер болды. Кездесулерде аудан халқы Тұңғыш Президентіміздің ел басқарудағы жауапты қызметіне  шынайы тілектестігін білдірді.

Бұл кезде егін ору науқаны қарқынды жүріп жатқан. Сол жылы астық бітік шықты. Гектарына 35-40 центнерден өнім алынды. Осы сапары барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Ресеймен шекаралас орналасқан «Ярославь» кеңшарына барып, соның 6-бригадасындағы егістікті аралап көрді. Халық Елбасыны көру үшін аудан аумағы түгілі,  Ресейден де топ-тобымен келіп жатты. Олардың арасында тек қазақтар ғана емес, орыстар да бар болатын. Олардың барлығы шекара маңына көліктерін тастап, 6-бригадаға жаяу барды. Президент те халықтың құрметіне ризашылығын білдірді. Жылы кездесу өткізді…

Осы сапары кезінде тағы бір қайран қалғаным, Елбасының қарапайымдылығы. Бригаданың басында құдық болған-ды. Нұрсұлтан Әбішұлының айналасындағы кісілер оның даладағы құдықтан су ішкенін қаламаса да, Елбасы сол кездегі Премьер-министр Сергей Терещенкоға айтып, ыдысқа су құйғызып, демде ішіп, тауысты. Мемлекет басшысын қаумалаған қалың жұрт та оның қарапайымдылығына тәнті болған-ды.

Сол бір шуақты сәттің әлі күнге дейін көңілге қуаныш ұялататын тағы бір тұсы — Мемлекет басшысы далалықта, бір-біріне жалғаса тігілген екі киіз үйде қонақтарды күтіп, ас әзірлеп жүрген зайыбым Дәметкенді көріп, екеумізге «Сіздер бір-біріңізге ұқсайды екенсіздер» деп әзіл айтқан болатын. Қазіргідей мейрамхана бизнесі дами қоймаған уақытта, егістік басында зайыбым Дәметкен әзірлеген ас мәзірі де, қызмет көрсету сапасы да Елбасы көңілінен шықты…

Егіс алқабын аралап болғаннан кейін Елбасы жолда «Ярославь» кеңшарының маңындағы астық құятын орталыққа барды. Онда бару бағдарламада жоқ-тын. Мұнда да халық көп жиналды. Олар Елбасымен бірге естелік суретке түсіп, мәз болды.

Ауданға іссапары аясында Нұрсұлтан Әбішұлы Комсомолға да барды. Аудандық Мәдениет үйінің маңында халықпен емен-жарқын кездесу өткізді.

Кешкілік Елбасыны шығарып салу үшін аудандағы әуежайға жол тарттық.  Мұнда да бір қауым ел жиналып қалыпты. Солардың арасынан 5 жасар балам Ақылбекті де көзім шалып қалды. Мүмкіндікті қалт жібермейін деп, Елбасыға «Нұрсұлтан Әбішұлы, мұнда менің балам да тұр екен. Бата беріңізші» деп өтіндім. Сөйтіп, Тұңғыш Президентіміз кішкентай Ақылбекке бата берді. Елбасы батасын алған Ақылбек қазір үлкен азамат болды. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы бойынша Қытайда білім алып келіп, Астанада «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясында жемісті еңбек етіп жатыр.

2005 жылы Ар Ордада Елбасының қолынан «Құрмет» орденін алдым. 2011 жылы «Парасат» орденінің иегері болдым.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында еліміздің саяси және  экономикалық жағдайы тұрақты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button