Білім

ҰБТ: 136 ереже бұзушылық анықталды

«Ақтөбе адалдық алаңы» ақпараттық алаңы ұлттық бірыңғай тестілеудің  қорытындысын шығарды. Сынақ жөнінде «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында ұйымдастырылған тікелей эфир барысында жобалық кеңсе жетекшісі Жанболат Тұртаев, сарапшылар тобының мүшелері Мейрамбек Камалов пен Тұрар Картамұлы айтып берді.

ҰБТ өткізу процесін тәуелсіз сарапшылар бақылады. Олардың құрамында арнайы мониторинг тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері болды.

Сынақ біздің өңірде 21 маусымда басталды. Тестілеу облыстың 14 пунктінде өтті. Оның 12-сі — аудандарда, 2-еуі Ақтөбе қаласында орналасқан. Биылғы мектеп бітірген 6604 түлектің 5739-ы тестілеуге қатысуға өтініш берген. Дегенмен түрлі себептермен 116 түлек тест тапсыруға келген жоқ.

— Ғимаратқа кіреберісте 71 түлектен тыйым салынған заттар табылды. Соған байланысты олар тестілеуден шеттетілді. Тестілеу өткізу ережесін бұзғаны үшін 65 түлек аудиториядан шығарылды, олардың жұмыстарының қорытындысы жойылды. Жалпы тестілеу кезеңінде мониторингтік топ, адалдық алаңы өкілдері 136 бұзушылықты анықтады, — деді Жанболат Тұртаев.

Тестілеу барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толық сақталған. Сондай-ақ сынақ ашықтығын қамтамасыз ету үшін әр аудиторияда орналасқан бейнебақылау камералары онлайн трансляцияға қосылды.

 Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button