Пікір

Әрбір адам алдымен өзін-өзі шектеуі қажет

Галиб ДЖАФАРОВ,

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан әлем чемпионы.

Әлемді дүрліктірген коронавирус індетінен қауіптеніп отырғанымызда соңғы екі-үш аптада облыста пневмония жұқтырғандар саны күрт көбейді. БАҚ-тан көріп отырғанымыздай қайтыс болғандар саны да, өкінішке қарай, артып барады. Жаны үшін арпалысқан тұрғындар аурухана мен дәріхана алдында ұзын сонар кезекте тұр. Ал емханадағы жағдай да мәз емес. Дәрігерлердің өздері ауру жұқтырып алып жатыр… Бұған дейін «коронавирус жоқ» деп түрлі пікір айтып, емін-еркін жүрген халық денсаулықтың қадірін енді түсінгендей. Сонда да адамдардың той-садақадан қалғысы жоқ.  Індеттің алдын-алуға байланысты басшылық тарапынан түрлі шаралар қолға алынып, іске асырылып жатыр.

Коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік комиссияға екі күннің ішінде биылғы наурыз-мамыр айларындағыдай қатаң карантин режимін енгізу мәселесі бойынша ұсыныс әзірлеп, енгізуді тапсырған еді. Іле-шала Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тығырақтан шығудың бірнеше жолын ұсынды. Ұсыныстардың ішінде республика бойынша шектеу шараларын енгізу түрі де бар. Меніңше, бұл — аурудың алдын алудың ең басты жолы. Әрине, әлеуметтік желіде қайтадан шектеу шараларын енгізуге байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл ең алдымен әрбір азаматтың өзінің өмірі үшін маңызды екенін түсінсе дейміз. Сондықтан әрбір адам өзін-өзі шектеуі қажет. Жағдайды реттеу де, күрделендіруде адамдардың өз қолында.

Алдымен өзіңнің өмірің үшін уақытша көпшілік жиналатын орындарға бармау керектігі туралы бұған дейін де айтылып жүр. Санитарлық-гигиеналық талаптармен қатар, дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтауды да қолға алған жөн. Ұйқы — адамның денсаулығы үшін өте маңызды. Карантин кезінде көпшіліктің ұйқысы бұзылғаны рас. Тіпті күн мен түнін ауыстырып алғандар болды. Ал адам күндіз жақсы жүруі үшін түнгі ұйқысы дұрыс болуы тиіс. Сондай-ақ дұрыс тамақтана да білуіміз қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button