Мәселе

Атакәсіпті алға жылжыту — басты бағыт

Соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында тұрақты түрде жүргізіп келе жатқан басымдықтардың арқасында бұл салада оң өзгерістер байқала бастады. Мемлекет тарапынан бөлінген миллиардтаған қаржының көмегімен егін шаруашылығында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Енді мал шаруашылығын дамыту мәселесіне көңіл бөліне бастады.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің «Даланы малға, қаланы еңбекқор жанға толтырамын» деген сөзінің астарында да осы бір түйткілді мәселелердің жатқаны  анық.
Ақтөбе бұған дейінгі жылдары еліміздегі аграрлық өңірлердің қатарынан саналатын. Дегенмен тәуелсіздік жылдарында өңір экономикасында өндіріс пен өнеркәсіптің үлес салмағы әжептәуір алға шығып, ауыл шаруашылығы солардың тасасында қалғандай ахуал орнықты. Мұның басты дәлелі ретінде бүгінде аталған саланың өңір экономикасындағы үлесі небәрі 5-7 пайыздың төңірегінде екенін айтсақ та жеткілікті. Сондықтан да қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге дейін көтеру мақсаты алға қойылып отыр. Бұл үшін 2025 жылға дейінгі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы қабылданды. Арнайы бағдарламаның шеңберінде алдағы жылдары жалпы құны 200 миллиард теңгені құрайтын 200 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Өңір басшысының соңғы айларда аудандарды, қала кәсіпорындарын аралаған кезде аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту мен ауылшаруашылық саласына инновациялық тәсілдерді енгізу, жаңа технологияларды сынақтан өткізу және еліміздің ауыл шаруашылығы өндірістік кәсіпорындарын дамытуда отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу әзірлемелерін жүргізумен айналысуға, сондай-ақ аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі шаруаларға айрықша көңіл бөлетіні белгілі.
Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысының аграрлық секторды экономиканың драйвері ету туралы тапсырмасын айта отырып, малды асылдандыруды, дәстүрлі азық-түлік өнімдерін молайтып, өзіндік құнын, бағасын сәйкестендіруді, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, бүгінгі даму үрдісімізде жылқы малының басты көлік ретіндегі рөлі азайғанымен, азық ретіндегі рөлі күннен-күнге артып келетіндігін ескертті. Сондай-ақ ол өз сөзінде жылқы етінің ағзаға тигізер пайдасы бүгінде ғылыми дәлелденгенін, еттің бұл түріне әлемде сұраныстың көбейгенін де айтып жүр.
Өткен он бес жылда өңірде жылқы шаруашылығы қарқынды даму көрсеткіштеріне ие болып, саны екі есеге көбейген. Сонымен қатар жылқыны асылдандыру жұмыстарының көрсеткіші де жоғары.
Жыл басында республика бойынша асылтұқымды жылқы үлесі 7,5 пайызды құраса, облыста бұл көрсеткіш — 17,5 пайыз. Бүгінгі таңда Ақтөбеде асылтұқымды жылқы саны 22,5 мыңға жетті.
«Ақтөбе тәжірибе стансасы» ЖШС жылқы шаруашылығының меңгерушісі, Мұғалжар және көшім асылтұқымды жылқыларының авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаев бастаған ғалымдар, Мұғалжар жылқыларын асылдандыру мен жылқының тұқым ішіндегі түрін өсіру технологиясымен де айналысып жатқанын білеміз.
Малды асылдандыру мен малдың тұқым ішіндегі түрін өсіру технологиясының өте қажырлы еңбек пен білімді, ұзақ уақытты қажет ететініне Қазақстан Ғылым академиясына қарасты «Экпериментальді биология ғылыми-зерттеу институтының» аспирантурасында оқып, ғылыммен айналысқан кезде көзім жеткен.

Ақтөбе — төрт түлікті түгел өргізуге қолайлы өңір. Бұрынғы шаруашылықтар кейінгі жылдары жекешеленіп кетсе де, атакәсіпті жалғастырып келе жатқандар баршылық. Әйтсе де малды асылдандыру, оны өз төлі есебінен көбейту, жеке иеліктерді біріктіру, ауыл жастарын тұрақтандыру сияқты мәселелер әлі де өткір тұр.
Қазір бізде жаман-жақсысын ажыратып алмай жатып, өзгенікін ала беруге әуестік, өзімізде барды әспеттеуден гөрі, өзгелердікіне көбірек қызығатын әдет басым. Атакәсіптегі сабақтастықты ғылыммен байланыстыра отырып жалғастыру ұлт мәдениетіне қатысты ұғымдар мен атауларды жас ұрпақ санасына сіңіру мен жастарды еңбекке баулу сияқты біршама түйткілді мәселелерді шешудің тікелей жолы болмақ.
Бүгінгі фермерлер қазақ даласының өңірлік ерекшеліктерін, атакәсіптің бабалардан қалған осынау бай тәжірибесін де ескеруі қажет.
Кең-байтақ даламызда ата-бабаларымыз ғасырлар бойы мал шаруашылығын дамытып, көшпенділердің ұлы өркениетінің негізін қалаған болатын. Халқымыздың ұлттық болмысы, тарихи салт-дәстүрі де бағзы заманнан бергі күнкөріс көзі — атакәсіп — мал шаруашылығымен қоса қалыптасып, бірге дамыды. Ежелгі қазақ елінің еркіндігі, туған жерінің кеңдігі де осы қасиетті атакәсіппен тікелей байланысты. Төрт түліктің бабымен жылдың төрт маусымын да табиғат аясында өткізетін қазақтардан артық мал өсірудің қыры мен сырын білетін халық жоқ екендігін де көне тарих тәжірибесі дәлелдеген.
Бар мүмкіндікті пайдалана отырып, эко, этно, агротуризмдерді дамытуға болатындығы да шындық.
Ғаламдану мен технологияның қарқынды дамуын да ескеруіміз қажет. Алайда қазақтың ұлттық өнер түрлері мен атадан балаға жалғасып келе жатқан атакәсіптері заманмен үндесіп дамыса, солармен байланысты сөздік қорымыз да дамиды, салт-дәстүріміз жаңғырады. Әріректе: «Жапондар — күрішсіз тұра алмайтын халық. Күріш оларда нанның орнына жүреді. Жапондар соны шеттен сатып алмай, өздері өсіріп, ішкі нарықты түгел қамтып отыр. Солардың мемлекеттік жиынында шенділердің біреуі былай деп ұсыныс тастапты: «Біз күрішті шетелден сатып алмай, неге өзіміз өсіріп жатырмыз? Біз өсірген күріштің өзіндік құны мен бағасы 7-8 йеннен айналады. Ал егер сол күрішті шетелден, Вьетнамнан не Қытайдан сатып алсақ, әр келісіне 2-3 йен ғана кетеді екен. Біз өзімізге-өзіміз зиян келтіріп отырмыз!»… Сол кезде министрлерінің біреуі не деп жауап берген дейсіз ғой? Былай депті: «Егер біз күрішті шетелден алдырсақ, жұмыссыздық пайда болады да, жұмыссыздықтан қылмыс туады. Сосын оның шығыны, әлгі біз үнемдемекші болған ақшадан жүз есе асып кетеді, екіншіден  — жапон халқының барлық дәстүрі мен тілдік қоры осы күріш шаруашылығымен байланысты. Расында күрішті сатып алған тиімдірек, бірақ ұлттық құндылықтардан жұрдай боларымыз айдан анық», — дегенді оқығаным бар еді.
Үлгі алатын дүние…
Мал шаруашылығы — атакәсіп. Қазақтың қанына сіңген бұл ұғымның қасиеті хақында айтып жатудың өзі артық. Себебі бүгінгі ел билеген басшыдан бастап, ғылым қуған ғұлама мен қарапайым жұмысшыға дейін — жөргегінде жатып-ақ ауылдың самал ауасымен ауызданған, тәй-тәй басқан сәтінен атакәсіптің қыры мен сырына қаныққан кешегі дархан даланың ұл-қыздары мен солардың ұрпақтары. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығын нарыққа көшіру жолындағы реформалар мен тәжірибелерге тым әуестеніп, соңғы жылдары осы қасиетті ұлттық құндылықтарымызға көлеңке түсіріп алған сыңайлымыз.
Атакәсіптен алыстағалы бойдағы мінез де ұсақталып, көптеген ұлтымызға тән құндылықтарымыз бен мол мұраларымыз, асыл сөздеріміз бен сөз тіркестеріміз  қолданыстан қалып барады.
Аймағымыздың ауыл шаруашылығының, оның ішінде атакәсібіміз — мал шаруашылығының экономикалық маңызына қоса, рухани жағдайымызға қосар үлесі де орасан.
Ұлы дала мәдениетінің сырын шерткен, тарихтың мұңын мұңдап, жырын жырлаған қасиетті тіліміз бен ғасырлардан-ғасырларға жалғасқан салт-дәстүрлеріміз, атакәсібіміз — бабалар аманаты.

Мемлекет басшысының да, облыс әкімінің де еліміздің әлеуетін арттырып, елді мекендерді, дархан даламызды көркейтсек деген үлкен бағдарламалы, жоспарлы істеріне бір кісідей атсалысайық, ерінбейік, еңбек етейік, азаматтар!
Әділкерей ӘУЕЛБАЕВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button