Басты жаңалықтар

Экологиялық мәдениетті дамытудың өңірлік жоспары бекітілді

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында өңірде«Таза Қазақстан» акциясын өткізу барысы қаралды.

Жиынға қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы елімізде жалпыұлттық экочелленджге айналғанын атап өтті. Бүгінгі таңда оған еріктілер мен белсенді студенттер ғана емес, әртүрлі ұйымдардың қызметкерлері де қатысып келеді. Негізгі мақсат — қоршаған ортаны сақтау және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Құлмағамбетов жергілікті аумақтарды жинау және көгалдандыру бойынша жаппай экологиялық акцияларға өңірдің 418 мыңнан астам тұрғыны, 7 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысқанын айтты. 74 мың тоннадан астам қатты-тұрмыстық қалдық жиналып, 365 мыңға жуық ағаш пен 6 мың бұта отырғызылды. 291 саябақ пен алаң ретке келтіріліп, 207 су айдынының жағалауы тазартылды. Аумақтарды тазарту үшін 6 мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Бекболат Құлмағамбетов облыстық мәслихаттың шешімімен «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспары бекітілгенін алға тартты. Жоспарға сәйкес санитарлық жағдайды жақсарту, жасыл желектерді кеңейту, тұрғындарды тазалыққа үндеу, экологиялық әдеттер қалыптастыру және өңірдегі қоршаған ортаны қорғау мәселелері туралы ақпараттандыруды арттыру көзделіп отыр.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, акция аясында Ақтөбедегі 4 056 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде санитарлық тазалық ережелерін сақтамағаны үшін 2 042 нысан иесіне ескерту беріліпті. Ескертулерді елемеген кәсіпкерлерге қатысты жергілікті полицияның учаскелік қызметкерлері хаттамалар рәсімдеген.Акцияға барлығы 169 бірлік техника жұмылдырылып, оның көмегімен барлығы 987 тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Баяндамашыларды тыңдаған соң, өңір басшысы қала мен аудандардың әкімдеріне қыста қар тазалауға ерекше назар аудару керектігін тағы да еске салды. Автомобиль жолдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын қар мен мұздан уақтылы тазарту қажет. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарттарға дер кезіндеқар тазалауға көмек ұйымдастыру маңызды екендігін жеткізді.

 А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button