Жаңалықтар

Картоп бағасы бақылауда

Баға

Елімізде картоп бағасы аяқ астынан қымбаттап шыға келді. Өткен апта картоптың бағасы екі есеге дейін көтерілді. Осыған байланысты ел Үкіметі шұғыл шаралар қабылдады. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылау жүргізуде. Мұндай шаралар облыста да қолға алынған.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен. Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді.

Осыған байланысты ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитарлық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды.

Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.

Бүгінгі таңда Ақтөбедегі әлеуметтік дүкендер мен ірі супермаркеттерде картоптың келісі 116 теңгеден сатылып жатыр. «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше, қазіргі кезде тұрақтандыру қорында 4570,5 тонна картоп бар. Қордағы өнім «Табыс» коммуналдық базары және соған қарасты 18 әлеуметтік дүкен және «Дина» мен «Анвар» супермаркеттерінде сатылады. Аталған сауда желілеріне бұрынғыға қарағанда екі есе көп картоп жеткізіліп жатыр.

— Қордағы картоптың келісі  сауда желілеріне 110 теңгеден сатылады, ал олар 116 теңгеден көпшілікке ұсынады. Бұдан артық қосуға болмайды, бұл — арнайы бекітілген баға, — деді корпорациясының баспасөз хатшысы Зульфия Набиулина.

Жалпы, жергілікті өнім облыстың қажеттілігін толық жаба алмайды. Сондықтан  өнімнің бір бөлігі Ресейден және еліміздің Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарынан жеткізіледі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айбат Ербазиевтің айтуынша, биыл жалпы көлемі 49 мың гектар жерге картоп егілген. Алайда бұл облыстың қажеттілігін жаппайды, яғни облысқа 96 мың тонна картоп қажет болса, тек 50-60 пайызын ғана қамтамасыз етеді екен. Сондықтан қазіргі таңда картопты көп егетін өңірлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button